БАЛҒАСЫН МҰНАРАСЫ — ОРТА ҒАСЫР ДӘУІРІНІҢ ҒАЖАЙЫП ЕСКЕРТКІШІ

Шалқар ауданындағы Талдықұм ауылы маңында орналасқан Балғасын кешені, сондай-ақ сол жерде орны сақталған деп есептелетін Балғасын мұнарасы өзінің пайда болу мерзімі, архитектуралық ерекшелігі және тарихи-танымдық маңызы жағынан аудан аумағындағы бірегей орта ғасырлық ескерткіштердің бірі болып табылады. Жалпы зерттеушілер бұл кешеннің қалыптасу кезеңін ХІІІ-ХVІІІ ғасырларға жатқызады.
Балғасын кешені мен ондағы Балғасын мұнарасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге қызығушылық ХІХ ғасырдың соңында пайда болды. Бұл бағыттағы алғашқы зерттеу жұмыстарын Орынбор ғылыми архивтік комиссиясының мүшелері жүргізді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында кешенді А.Матов, И.Кастанье, И.Хохлов сияқты зерттеушілер қарастырып, оның құрылымы мен ерекшеліктері туралы өз сипаттамаларын қалдырған.
Кешен мен ондағы мұнараны алғаш сипаттаған зерттеушілердің бірі — А. Матов. Ол 1897 жылғы экспедиция барысында мұнараның көркемдігі ерекше әсер қалдырғанын атап өтеді және оны Темір дәуірінің ескерткіштеріне жатқызады. Зерттеуші өз жазбаларында былай деп көрсетеді: «Біртекті, сусымалы құмдардың арасында көгілдір асыл таспен көмкерілгендей құлпырған әдемі мұнара ерекше әсер қалдырады. Ол шамамен он бес шақырым қашықтықтан анық көрінеді. Балғасын мұнарасының сақталған бөліктеріне қарағанда, менің ойымша, ол Әмір Темір дәуіріндегі құрылыстар қатарына жатады. Оның қалануы, әсіресе күмбезінің пішіні көшпенділердің киіз үйінің жоғарғы бөлігін еске түсіреді. Сірә, мұсылман сәулетшілері осы үлгіні негізге алған болса керек. Біздің заманымызға дейін жеткен Әмір Темірдің әйгілі кесенесінің күмбезі де Балғасын мұнарасына өте ұқсас, тек ол нәзік әрі күрделі әшекейленуімен ерекшеленеді». [Матов А. О развалине Балгасын. // ТОУАК. Оренбург, 1914. Вып. 30. 205 б.]. Сонымен бірге мұнараның ұзындығы 10 қадамнан кем емес, биіктігі 10 сажень, деп оның оңтүстік бөлігінің құлап қалғандығын айтып өтеді. Жергілікті қазақтардан бұл маңда ертеректе қала болғандығын, сол қаладағы бір бай-ақсүйек адамның Балғасын мұнарасын қайтыс болған қызының құрметіне қойғаны, ол қызды халықтың киелі санағаны туралы аңызды да жазып алады.
Он жыл өткеннен кейін бұл жерге этнограф И.Кастанье келіп, мұнараның құлаған орнындағы үйілген кірпіштерді көреді. «Он жыл өтіп, берік әрі әдемі сәулетімен ерекшеленген, осы уақытқа дейін ағаш арқалықтары сақталған зәулім кірпіш ғимараттан қазір үйілген кірпіштен басқа ештеңе қалмаған»,— деп жазады. И.Кастанье жергілікті қазақтардың аңыз-әңгімелеріне сүйене отырып, бұл жерде Ақсақ Темір дәуірінде өмір сүрген қолбасшы жерленген деген пікір білдіреді. Сонымен қатар, ол А. Матовтың бұл аумақта бұрын отырықшы елді мекен немесе қала болғаны туралы тұжырымымен келіспейді. Зерттеуші өз еңбегінде: «Менің ойымша,Балғасын—көшпенділер өздерінің марқұмдарын мұнараға жерленген әулиенің жанына, оның шапағаты мен қорғауында болсын деген ниетпен қоятын үлкен қорымнан басқа ештеңе емес», — деп жазады. [И.Кастанье.Развалины Балгасын и Челкарская степь. ТОУАК. Выпуск 19, Оренбург, 1907.222, 224 бб.].
Жалпы бұл мұнараның киелі орын болғандығы жөнінде И.Кастанье бұған дейінгі жазбаларында да айтады. «Бұл ескерткіш жалпы алғанда Түркістандағы Темір әулеті дәуірінің кесенелеріне ұқсайды. Оны қазақтар қатты қастерлейді. Қазіргі уақытта бұл жер көшпенділердің әйелдері үшін мінәжат ету орны болып табылады; олар бедеуліктен арылу ниетімен мазар ішінде түнеп, құдайға құлшылық ету үшін сонда барады»,— деп жазады [Кастанье И. Надгробные сооружения киргизских степей. ТОУАК. Оренбург, вып.26. 52 б.].
Кеңестік кезеңде және одан кейінгі уақытта бұл кешенді этнограф-ғалым Серік Әжіғали жан-жақты зерттеді. Ол кешеннің қалыптасу уақытын оның топониміне сүйене отырып, моңғол дәуірінен бастау алатынын көрсетеді. Ғалымның пікірінше, «Балғасын» атауы моңғол тілінде «бекініс», «қала», «отырықшы елді мекен» деген мағыналарды білдіреді.
Автор мұнараның ХХ ғасырдың басында құлағанын атап өтеді. Сонымен қатар, А.Матов келтірген мұнара өлшемдері біршама асыра көрсетілгенімен, жалпы алғанда шындыққа жақын екенін айтады. «Барлық деректерге қарағанда, ол XV ғасырдағы Темір әулеті сәулет мектебінің айқын белгілері бар еңселі кесене болған. Жалпы алғанда, Балғасын мұнарасының салыну мерзімі мен оның нақты сәулеттік түрін анықтау мәселесі аймақтың сәулет өнері тарихы үшін үлкен қызығушылық тудырады», — деп жазады.
[Ажигали С.Е. Архитектура кочевников-феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). Алматы: Ғылым, 2002. 191 б.].
Серік Әжіғали А.Матовтың кескіндемелік материалдары мен басқа да деректеріне сүйене отырып, Қазақ Совет Энциклопедиясында ескерткіштің қыпшақ кезеңіне, яғни ХІ-ХІІ ғасырларға жатқызылуын тым ерте деп бағалайды. Ғалымның пікірінше, «ескерткіш орталық немесе қасбеттік-орталық композициялы кесене болып табылады және ХV ғасырдағы темірлік сәулет өнері мектебіне жатады. Ғимарат күмбездерін өңдеу тәсілдері сол дәуірдегі Орта Азия ескерткіштеріне, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесене-мешітінің күмбезіне ұқсас. Осыған байланысты «Балғасын мұнарасы» Түркістан қаласындағы Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегімге арналған әйгілі ескерткіштен кейінгі Қазақстан аумағындағы екінші темірлік кесене деп айтуға толық негіз бар. Оның мерзімі ХV ғасырдың соңы немесе ХVІ ғасырдың басына сәйкес келеді», — деген тұжырым жасайды. [Ақтөбе облысының киелі географиясы. Табиғат, археология, сәулет және этнография нысандарының тізілімі. Алматы, 2021. 95 б.].
А.Матовтың 1897 жылы салған суреті
Кешен аумағында 2005 жылы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген Е. Смағұлов пен А. Бермағанбетов кесененің 1897-1907 жылдар аралығында, яғни А.Матов пен И.Кастанье зерттеу жүргізген аралықта құлағанын айтады. Олардың пікірінше, кесене кірпіштері кейін пеш салуға пайдаланылған, ал сырлы қыш тақталардың сынықтары кейінгі жерлеу құрылыстарын тұрғызуда қолданылған. Зерттеушілер кешендегі Оңалбек ата кесенесінен оңтүстікке қарай шамамен 70 метр қашықтықта орналасқан, биіктігі 1,6 метр, көлемі 20*20 метр болатын үйіндіні Балғасын мұнарасының қалдығы деп есептейді. «Бұл төбе, жергілікті халықтың оны кезінде осы жерде тұрған Балғасын мұнарасымен нақты байланыстыруынан бөлек, қорым мен оның маңайындағы сапалы күйдірілген кірпіштен салынған жалғыз құрылыстың қалдығы болып табылады. Оның қирандыларының арасынан қаптауға арналған сырлы қыш тақташалардың ұсақ сынықтары кездеседі. Балғасын кесенесі ежелден қазақтар арасында қасиетті орын ретінде қастерленеді және осы күнге дейін бұл қирандыларға зияратшылар арнайы келіп тұрады»,—деп жазады. Зерттеу жұмысын қорытындылай келе «жақын маңда оған ұқсас қирандылардың болмауы және аңызға айналған дәстүрлер — осы жерде Балғасын кесенесі орналасқан деп топшылауға бірден-бір негіз болды. Алдын ала жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері бұл болжамды растап отыр. Төбенің сапалы күйдірілген кірпіштен салынған күрделі құрылыстың қирандысы екені анықталды», деген байламға келеді [Е.А.Смагулов, А.Бермаганбетов. Археологическая разведка в Шалкарском районе Актюбинской области. //Известиня НАН РК. Серия общественных наук. 2006.№ 1.181-182 бб.] Дегенмен бұл 2005 жылғы археологиялық барлау жұмыстары шектеулі болып, Балғасын мұнарасын толық зерттеу жұмысы жүргізілмей, тек болжамдармен ғана аяқталады.
Жоғарыдағы зерттеушілердің пікірлерін қорытындылай келе, Балғасын мұнарасы архитектуралық сипаттамасы мен топономикасына қарағанда өз бастауын моңғол дәуірінен алатын кешенде пайда болып, заманында зиярат ету орталығы болған қасбетті-күмбезді, Алтын Орданың ыдырауы мен Қазақ хандығы құрылуы кезеңдеріне жататын тарихи танымдық маңызы зор ерекше ортағасырлық ескерткіш деген болжам айтуға болады.
Осы ретте алдағы уақытта мынадай жұмыстар қолға алынса:
-Балғасын кешенінің нақты уақытын анықтау — оның отырықшы елді мекенге немесе жерлеу кешеніне жататындығын зерттеу.
-Археологиялық қазба жүргізу — Балғасын мұнарасының орнындағы үйіндіде кешеннің құрылыс кезеңін және құрамын зерттеу.
-Мұнараны қайта қалпына келтіру — тарихи және мәдени мәнін сақтау мақсатында құрылыс элементтерін қалпына келтіру.
-Тарихи-танымдық бағалау — Балғасын мұнарасының Қазақстан аумағындағы ортағасырлық ескерткіш ретінде ерекшелігін нақтылап, оның тарихи және мәдени рөлін бағалау.
Қазіргі таңда Қазақ хандығының Жошы ұлысы мен Алтын Орданың тікелей мұрагері екендігі жөнінде зерттеулер жүргізіліп жатқан тұста, егер Балғасын мұнарасының сол дәуірдің ғажайып ескерткіші екендігі дәлелденсе, бұл оның өскелең ұрпақ үшін зор тарихи және танымдық мәнге ие екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, біріншіден, мұнара Қазақ хандығының тарихи тамырларының, Жошы ұлысы мен Орда дәуірімен жалғасқан мемлекеттілік дәстүрін бейнелейтін символы. Бұл өскелең ұрпаққа ұлттық тарих пен мәдени мұраны дәріптеудің нақты мысалы.
Екіншіден, мұнара зерттеліп, тарихи рөлі анықталған сайын, ол халыққа өз ата-бабасының мәдени және саяси өміріне қатысты білім береді. Мұндай ескерткіштер тарихи үдерістерді көрнекі түрде көрсетіп, тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Үшіншіден, орта ғасырлық сәулет үлгісі ретінде мұнара ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің символы болып, мәдени бірлік пен рухани тұтастықты білдіреді. Төртіншіден, мұнараның тарихи және мәдени маңызы ғылыми зерттеу мен туристік маршруттарды байытуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде қоғамда тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Балғасын мұнарасы — тек тарихи ескерткіш емес, ол ұлттық сана мен патриоттық тәрбие, мәдени бірлік пен тарихи тұтастықты насихаттайтын идеологиялық символ болып саналады.
Әлібек АМАН, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.



