ТӘРБИЕЛІ ҰРПАҚТЫҢ АЛТЫН ҰЯСЫНА АЙНАЛҒАН ШАҢЫРАҚ

Шалқар қаласындағы №4 орта мектептің құрылғанына 30 жыл толуына орай мектепішілік мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Өткен жолды саралап, тарихын қайта жаңғыртуды мақсат еткен тағылымды жиын мектеп директоры Гүлнәр Қалдыбаеваның баяндамасымен ашылды.
— №4 орта мектеп — қаламыздың Газшылар қалашығы тұрғындарының ұсынысымен 1996 жылы дербес бастауыш мектеп ретінде ашылған білім ошағы. 2002-2003 оқу жылынан бастап, бұл мектеп орта мектеп санатына өтіп, 2004 жылы алғашқы түлектерін ұшырған. Бір кездері балабақша ретінде іргесі қаланған білім шаңырағы талай қиындықтарды еңсеріп, бүгінде тәуелсіз еліміздің білімді ұрпағын тәрбиелейтін іргелі ордасына айналды, — деді мектеп басшысы.

Сонымен қатар ол әр жылдары мектепке басшылық еткен азаматтарды атады. Олар Нұржамал Сағырова (1996-1997 жж.), Байдырахман Қайралап (1997-2005 жж.), Берден Ахмет (2005-2010 жж.), Әлия Оспанова (2010-2013 жж.), Айғаным Ізтілеуова (2013-2022 жж.). Ал 2022 жылдан бері мектепке Гүлнәр Отарбайқызы басшылық етіп келеді.
Қазіргі таңда мектепте 500-ге жуық оқушы білім алуда. 101 қызметкердің 70-і педагог болса, олардың қатарында жоғары білімді 60 мұғалім, арнаулы орта білімді 8 маман бар. Сонымен бірге педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор санатындағы ұстаздар еңбек етуде. Екі мұғалім магистр дәрежесіне ие.
Мерейтойлық шараға қатысқан аудан әкімі Жанболат Жидеханов ұстаздар қауымын құттықтап, бірқатар мұғалімдерге өз атынан Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ ауданның білім бөлімінің басшысы Аянберген Башановпен білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсайра Құлекенова осы мектептің ұстаздарына марапаттар табыстады.
Келелі жиынның ерекше әсерлі сәттерінің бірі — мектеп директоры Гүлнәр Отарбайқызының «Бақытқа барар жол» атты кітабының тұсаукесері болды. Рухани құндылыққа негізделген еңбектің тұсауын белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанғабыл Қабақбаев кесіп, кітаптың тәрбиелік маңызын атап өтті. Сөз кезегін алған автор өз еңбегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» қағидатын басшылыққа алғанын жеткізді. Сондай-ақ отбасы тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, ата-ана мен мектеп арасындағы сабақтастықтың бала тұлғасының қалыптасуындағы рөліне айрықша мән бергенін атап өтті.

Осы шараға қатысқан құрметті қонақтар арасынан Шалқар қаласының әкімі Қорғанбек Исаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айнагүл Жұмағұлова, еңбек ардагері Мақсот Қосымов және басқа да азаматтар мектеп ұжымына ізгі тілектерін білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовтың Құттықтау хаты оқылды.
Мектеп түлегі, елімізге танымал сазгер Құрал Молжанов білім ордасына музыкалық аппаратура тарту етті. Ал ардагер-ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Күнжамила Орынбасарқызы жас дарын, республикалық «Зерде» ғылыми жобасының жеңімпазы Қондыбай Абдулғафурға арнайы шәкіртақы Сертификатын табыстады.
Сондай-ақ, осы мектептің әр жылғы түлектері де «Туған жерге тағзым» акция-сы аясында білім ордасына қолдау көрсетіп, мектеп мұражайын жаңғыртып, ауласына 30 түп тал отырғызған. Оның күтімін жасау үшін көл су құбыры тартылған. Мектеп ауласына көрнекілік беріп тұрған арт-нысан мен әсем сахна да түлектердің мерейтойға тартуы.
Бір күнге созылған іс-шара қорытындысында жергілікті сазгер, ақын Сайлаубек Елмановтың №4 мектепке арнаған гимні алғаш шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Үш онжылдық тарихы бар №4 орта мектеп — тек білім беретін орын ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын ұясына айналған шаңырақ. Осы жылдар ішінде талай шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие берген білім ордасы алдағы уақытта да өз дәстүрін жалғастырып, ел болашағына қызмет ете бермек.
М.БОҚАН.



