БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОТБАСЫ, МЕКТЕП ЖӘНЕ ҚОҒАМ ЫҚПАЛЫ

3 сәуір күні С.Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Бала тәрбиесі: отбасы, мектеп және қоғам ықпалы» тақырыбында облыстық ата-аналар форумы өтті. Іс-шара отбасылық құндылықтарды нығайтуға, бала тәрбиесіндегі әке рөлін арттыруға, мектеп пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен отаншылдық сезімін қалыптастыруға бағытталды.
Жиын алдында қонақтар мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырған ата-аналар мен оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалады. Форумға облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев, республикалық «Дәстүрге жол» аналар бірлестігінің мүшесі Бибігүл Әбілдаева, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Шынар Ершілік, сондай-ақ бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері және оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Форумда аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Джуманов сөз сөйлеп, отбасы — бала тәрбиесінің алғашқы және басты ортасы екеніне тоқталды.
— Ауданымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлесіп 400-ден астам кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Оның ішінде комиссия мүшелері кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықбұзушылықтар жиі орын алатын білім беру ұйымдарына барып оқушылармен, ата-аналармен кездесулер өткізді.
Өткен жылы 3 қылмыс тіркелсе, осы жылдың басынан бері 3 қылмыс тіркеліп отыр. Қазіргі таңда комиссия есебінде 25 кәмелетке толмаған бала тұр, ал өткен жылы 35 бала есепке алынған.
Сонымен қатар, бала тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмегені үшін жыл басынан бері 5 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 отбасы есепке алынды. Ал өткен жылы 33 ата-ана жауапкершілікке тартылып, 12 отбасы есепке алынған болатын. Бұл тек комиссия шешімімен жауапкершілікке тартылғандар, ал түнгі мезгілде заңды өкілінсіз жүрген 70-тен аса кәмелетке толмағандардың ата-аналары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл көрсеткіштер бала тәрбиесінде отбасының рөлін күшейту қажеттігін айқын көрсетеді. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, құқықтық сауаттылығын көтеру және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу — басты міндет, — деді.
Сөз алған басқарма басшысы Б.Күзембаева бала дамуының негізінде отбасының рөлі ерекше екенін атап өтті. «Бала тәрбиесінің негізі отбасында қаланады. Ата-ана мен мектептің тығыз байланысы арқылы ғана біз балаларға дұрыс өмірлік бағдар беріп, жауапты әрі саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Мемлекет басшысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын Оқу-ағарту министрлігімен бекітіп берді. Барлық білім беру мекемелері: мектеп, колледж, балабақшалар осы бағдарламамен жұмыс істейді. Және бағдарламаның ішінде «Өнегелі 15 минут» деген бағыт бар. Бұл ата-ананың балаға көңіл бөлуіне арналған. Қазіргі методикада ата-ана баламен ақылдасуы керек. Баланы бұйрықпен тыңдату қиын, сондықтан ата-ана баламен пікірлескені, сөйлескені дұрыс. Сол 15 минутқа ата-ана уақыт табу қажет және жас буынға ұлттық тәрбиені көбірек сіңдіргені, отбасы құндылығын дәріптегені ләзім. Сонымен қатар баланы еңбекке баулыған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, біз жас буынды үйде де, мектепте де жұмсамаймыз. Әрбір ата-ана баланы үйдің тұрмыс-тіршілігіне баулу, тарту керек. Қазір облыста «Жасыл мектеп», «Жасыл балабақша» деген жобалар бар. Көктем келді. Баланы мектебін, балабақшасын абаттандыру жұмыстарына баулығаны дұрыс. Жалпы баланың бос уақыты болмауы керек», деді Б.Күзембаева.
Форумда Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Шынар Ершілік қоғамдағы өзекті мәселелер мен азаматтық жауапкершілік төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
— Бүгінгі таңда балалар арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі — буллинг пен сталкинг. Бұл тек мектептің ғана емес, отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Буллинг — баланы қорлау, кемсіту, психологиялық қысым көрсету болса, сталкинг — аңду, мазалау, әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы бақылау жасау. Мұндай әрекеттер баланың психологиясына кері әсер етіп, өзіне деген сенімін төмендетеді.
Қазіргі оқушылар — Z және Alpha буынына жатады. Бұл балалар цифрлық технологиямен бірге өсіп келеді. Олар ақпаратты тез қабылдайды, ашық ойлайды, бірақ эмоциялық тұрғыдан сезімтал келеді. Бұрынғы буынға қарағанда, олар еркін, бірақ кейде сынға төзімсіз және сыртқы әсерге тез бейім болады.
Балаға ең үлкен әсер ететін — оның ортасы. «Досыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз бекер емес. Сондықтан ата-ана ретінде: баланың кіммен араласатынын білу, достары туралы ашық сөйлесу, тыйым салудан гөрі түсіндіруді таңдау өте маңызды.
Сонымен қатар, қазіргі кезде телефон мен әлеуметтік желінің әсері өте күшті. Балалар көп уақытын интернетте өткізеді. Сол себепті ата-ана тек бақылаушы емес, бағыт беруші болуы қажет.
Қорытындылай келе, бала — айна. Ол бізден көргенін қайталайды. Сондықтан біз өзіміз үлгі болсақ, балаларымыз да дұрыс жолды таңдайды. Бәріміз бірігіп, қауіпсіз, мейірімді орта қалыптастырайық. Балаларымыздың бақытты әрі сенімді болып өсуі — біздің қолымызда, — деді Ш.Ершілік.
«Алтын алқа» иегері, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы, «Елеулі еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстанның ең үздік әйелі» орденінің иегері Бибігүл Әбілдаева сөз сөйлеп, «Отбасы құндылықтары: бала тәрбиесіндегі рөлі» жөнінде баяндап, парасатты пайымдарымен бөлісті.
Сонымен бірге ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев өскелең ұрпаққа арнап отаншылдық пен батылдық жөнінде ғибратты сөздер айтты. Аудан прокуроры Айбар Ақылбекұлы мен ауданның полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Бақтығалиев заңдылық пен құқықтық тәртіптің маңыздылығына тоқталды.
Жалпы іс-шара тәрбие мәселелерін талқылайтын ашық диалог алаңына айналды, қатысушылар жасөспірімдердің қауіпсіздігі, психологиялық қолдау және құндылыққа негізделген тәрбие мәселелерін талқылап, озық тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңында «Ашық микрофон» форматында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша жауаптарын алды.
Форумның екінші бөлімінде үш бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті. Оған В.Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер мектебінде 7-11 сыныптың ер балалары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері, №8 мектеп-гимназиясында 9-11 сыныптың қыз балалары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілері және Шалқар көпсалалы колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Секциялық алаңдарда тәрбие жұмысының тиімді жүйесін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, цифрлық мәдениетті дамыту, жасөспірімдер арасындағы тәуекелді мінез-құлықтың алдын алу, отбасындағы сенімді нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, форум қонақтары Шалқар көпсалалы колледжінде «Студент.Тәртіп.Білім» атты студенттермен кездесу жиынында болып, В.Н.Цеханович атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде «Қателікке жол жоқ: әр әрекет — жауапкершілік» атты кездесу сағаттарына қатысты.

Және де аудан орталығындағы 80 жылдық тарихы бар білім ордасы — №2 мектеп-гимназиясының тыныс-тіршілігімен танысты. Олар мектеп мұражайын аралап, оқу орнының тарихын және инклюзивті психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетін қарап, балалардың оқуы мен дамуы үшін жасалған жағдайларды жоғары бағалады. Сонымен бірге түлектердің қатысуымен оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге бағытталған ағаш отырғызу акциясы өткізілді.
Кездесудің соңында білім басқармасының басшысы түлектерге емтихандарын сәтті тапсыруды және білім саласында одан әрі жоғары жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.
Қ. ӘЛИН, «Шалқар».
