ТЕМІРЖОЛДАН ШЫҢДАЛҒАН АНА

Теміржол саласындағы байланыс дистанциясы — пойыздар қозғалысын реттейтін жауапкершілігі зор кәсіпорындардың бірі. Бұл саладағы әрбір құрылғы мен жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Көбіне біз уақытылы жүріп жатқан пойыздардың сыртында оның реттілігін қадағалап, тәулік бойы қырағы жұмыс істеп отырған байланыс мамандарының еңбектерін біле бермейміз.
Осындай көзге көрінбейтін күрделі мамандықта абыроймен еңбек еткен жандардың бірі — Клара Ниязова.
Клара Қартжанқызы ауданымыздың Жылтыр ауылында 1964 жылы дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң 1970 жылы Ақтөбе электр байланыс техникумына оқуға түсіп, байланыс технигі мамандығын иеленеді. Еңбек жолын 1984 жылы Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясында монтер болып бастайды. Жылдар бойы осы салада мол тәжірибе жинақтап, өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен ат-қарған ол 2001 жылы осы кәсіпорынның техникалық жөндеу бөлімінің электромеханигі болып бекиді.
Теміржол саласында еңбек ету қай қырынан қарасаң да күрделі. Әсіресе, әйел затынан екі есе жауапкершілік пен жігерді қажет етеді. Күнделікті жұмыста адамнан тиянақтылық пен тәртіпті талап ететін осы салада 41 жыл бойы табан аудармай еңбек еткен Клара Ниязованың еңбегін көпке үлгі ретінде айтуға тұрарлық.
— Теміржолшы болуға бала кезден құмарттым. Ауылымыздың үстінен теміржол өтіп жатпаса да, нағашы атамның ауылы — Жылан станциясына барған сайын жүйткіген пойыздарды көріп, ерекше әсер алатынмын. Олардың қозғалысы мен дыбысына, қаншама жолаушылар мен аманаттарды арқалап бара жатқан тепловоздың қуаттылығына қызығатынмын. Осындай бала ықыласым есейе келе теміржол саласын таңдауыма себепші болды, — дейді Клара апай.

Кейіпкеріміздің атқаратын жұмысының басты мақсаты — теміржолдағы байланыс құрылғыларының дұрыс жұмыс істеуін қадағалау. Істен шыққан құрылғылардың тозғандарын жаңарту, ішкі бөліктерін ауыстырып, бірнеше рет тексерістен өткізу — оның күнделікті міндеттерінің бірі. Егер де ақаулар шығып жатса, жедел шешім қабылдап, шұғыл ретке кел-тіреді.
— Жөндеуден өткізген құрылғыларымыз арқылы бағдаршамдар іске қосылып, пойыз қозғалысы реттеледі, рельс тізбектерінің дұрыс жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар электр тогының қалыпты деңгейін тексеріп, әрбір құралдың талапқа сай екеніне көз жеткіземіз. Тексерістен өткен техникаларға арнайы белгі (бирка) қойылып, пайдалануға жіберіледі.
Бізде құрылғының түрі өте көп, әрбірінің қызметі мен құрылымы да өзгеше. Еңбек еткен жылдарымда олардың барлық түрімен жұмыс істеуді меңгердім. Қазіргі таңда техникалар заман талабына сай жаңартылып, цифрлық жүйеге көшуде. Қандай өзгерістер болса да бұл жұмыстағы жауапкершілік пен тәртіп өзгермейді, — дейді ардагер-теміржолшы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, теміржолшы болу тек қиындықтардан тұрмайды, іс барысында қызықты, әрі есте қаларлық сәттері де жетерлік. Клара апа ұжымдағы әріптестерімен өткізген әрбір сәтін ең қызықты күндеріне санайды. Әріптестері қуаныштарын бірге бөлісіп, әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп отыратындығын мақтанышпен айтады. Өзімен бірге жұмыс жасаған Зина Байсанова мен Мариям Сұлтанова апаларынан мол тәжірибе алғанын айтып, олардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын үлгі тұтады.
Алдыңғы толқындағы әріптестері де Клара Қартжанқызының жұмысқа деген ынтасы мен ұқыптылығын жоғары бағалайды. Қырық жылдан астам еңбек жолында еңбегі еленіп, теміржол басшылығы тарапынан түрлі деңгейдегі марапаттар мен Алғыс хаттар алған.
Тоқтаусыз тірлік пен адал еңбектің жаныңа саялы күндері болады. Халқымыз: «Бейнетіңнің зейнетін көр» деп, кәнігі еңбек адамына ақ тілегін жолдап жатады. Осы тұрғыдан алғанда Клара Ниязова да адал еңбегінің зейнетіне абыроймен жетіп отырған жан. Теміржолдың тынымсыз жұмысы мен отбасын қатар алып келген ардақты ана өмірлік серігі Жұмабай ағамен 2 қыз, 1 ұл өмірге әкелді. Клара апамыз қазірде сол перзенттерінен немере сүйіп, әулетінің берекесін арт-тырып отырған ардақты әже.
Жігерлі шағын теміржол саласына арнап, маңдай терімен келген абырой мен құрметі — оның адал еңбегінің айқын жемісі. Қай ортада да сабырлы мінезі, еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттері арқылы сыйлы бола білген Клара Қартжанқызының бізге мәлім болған, бір сыры осындай…
Арайлым СИДАҚОВА, «Шалқар».



