Шалқар ауданының прокуратурасы түсіндіреді
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотымен 18.03.2026 жылы №77 Нормативтік Қаулысы қабылданып, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 50-бабы 4-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылды.
Яғни, бұл азаматтық іс ерлі-зайыптылардың некесі бұзылғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу барысында банктердегі ақша қаражаттары туралы мәліметтерді алу мүмкіндігіне байланысты қаралған. Өтініш иесі банктер бұрынғы жұбайының банк шоттары мен салымдары туралы ақпарат беруден банк құпиясына сілтеме жасап бас тартқанын көрсеткен.
Банктер туралы Заңның 50-бабының 4-тармағында белгіленген банк құпиясын жария етуге тыйым салу абсолютті болып табылмайды және заңды негіздер мен жағдайлар болған кезде ерлі-зайыптылардың бірі өзінің мүліктік құқықтарын сот тәртібімен қорғаған кезде еңсере алады.
Сот ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылатынын және олардың мүліктік құқықтары азаматтық, азаматтық процестік және неке-отбасы заңнамасының нормаларымен қорғалатынын көрсетті.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу ерлі-зайыптылардың кез келгенінің талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейін де келісім жасасу не сот тәртібімен жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлесі тең деп танылады (НОтК-тің 37 – 38-баптары).
2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 73-бабының 4-бөлігіне сәйкес, тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша оларға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
Банктер туралы заңның 50-бабы 6-тармағының б) тармақшасына, 7-тармағының в) тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаның банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар, сондай-ақ банктердің сейф жәшіктерінде, шкафтар мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлкінің сипаты мен құны туралы, заңды тұлғаның және (немесе) құрылымдық бөлімшесінің банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар-жоғы туралы қолда бар мәлiметтер соттарға олардың іс жүргізуінде жатқан iстер бойынша беріледі.
Демек, Банктер туралы заңның 50-бабының 4-тармағында белгіленген банк құпиясын жария етуге тыйым салу абсолютті болып табылмайды және заңды негіздер мен жағдайлар болған кезде ерлі-зайыптылардың бірі өзінің мүліктік құқықтарын сот тәртібімен қорғаған кезде еңсере алады.
Шалқар аудандық прокуратурасы.

