Ауыл шаруашылық

Төрт түлік жем мен шөптен тарықпай ма?

Біз осындай сауалмен ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рашид Ержановқа жолыққанымызда, ол былай деді:

—Үстіміздегі жылы ауданның шаруашылық құрылымдары мен жеке тұрғындарының меншігіндегі  51 549 бас мүйізді ірі қара, 73 654 қой-ешкі, 80 638 бас  жылқы, 16 867 бас түйе малдары қысқа түсіп, бүгінгі таңда мал қыстату  ойдағыдай жүргізілуде. Шөп шабу науқаны кезінде аудан бойынша 250 100 тонна шөп шабылып, осы дайындалған шөп жеке тұрғындар аулалары мен мал қыстақтарына толықтай тасылып алынды. Сонымен қатар, аудандағы жеке кәсіпкерлер күшімен облыс орталығынан, Қостанай облысы және Ресей елінен  қажетті жем азығы тұрақты түрде жеткізіліп, Шалқар қаласының 9 сауда нүктесінен сатылуда. Кебек жемнің сатылу бағасы салмағына қарай:  20-25 келі  аралығындағысы 2300-2800 теңге болса,  25 келі болатын арпа бағасы 3000  теңгеден саудаланып жатыр. Жалпы ауданымызда қажет болған жағдайда тұрғындарды жеммен толықтай қамтамасыз ете алатын қор қалыптасқан. Мал қамайтын қоралар да күз айларында ағымдағы жөндеуден өтіп, бүгінгі таңда қора-жай бойынша қиындық тудырып отырған жағдайлар тіркелген жоқ. Қыс айы аса қатты мінез танытпай, әзірге жайлы болуына байланысты төрт түлік далада жайылымға шығып тұр. Жалпы малдардың қоңдылығы жаман емес. Сондай-ақ, төлдеу уақыты жақындаған аналық малдар жылы қора-жайда қамалып, қосымша азықтандырылып отыр. Малдың организміне тұқымы мен ата-тегінен гөрі, азық және азықтандыру ерекше әсер ететіндігін ескерсек, қыс айларында жалпы төрт түлік малдарды жеткілікті дайындалған жем-шөптен тарықтырмау маңызды болып табылады. Бұған аудан шаруаларының тәжірибесі жеткілікті.

Сонымен қатар,  Р.Ержанов ата-бабамыз «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген нақылды естен шығармай, алда да  әлі де 3 ай қыс  барын ескеріп, сақтық шараларын әркез қаперлерінде  ұстағандары дұрыс екендігіне тоқталды.

Біз өткен аптаның аяғында Шалқар ауылдық округіне қарасты Талдықұм құмын жиектеп мал қыстатып отырған шаруашылықтарға барып, малшылармен тілдесіп қайттық. Соның бірі — ұзақ жылдар мал бағумен айналысып келе  жатқан 56 жастағы азамат Есен Қалпақов:

— Менің әкем Алданыш деген кісі кезінде Шалқар совхозында механизатор болып еңбек етіп, кейін қой баққан адам. Шешем Лайық әкеме жәрдемші болған және көп балалы ана. Біз бауырларымызбен бірге сол әке-шешемізден төрт түлікті өсірудің қыр-сырын бала күнімізден үйрендік. Мен 30 жасымда өз алдыма бір отар қой алып, баққанмын. Кейін совхоз тарап, барлығы жекеге айналды. Дегенмен, әлі күнге дейін осы малдың айналасындамын. Биылғы қыс әзірге мінез танытпай тұр дегенімізбен Талдықұмның бойында тобықтан асатын қар бар. Ол қазір жібіткектеніп қатыңқырап қалды. Бір мезгіл қойға шөп шашамыз. Бұлай бола берсе сиырға да шөп беріледі. Талдықұмның бойында ит-құстан да малға қауіп болып тұр. Бірлі-жарым малды жеп кетіп те жатыр. Осыдан 10 жылдай бұрын Ақтөбеден келген аңшы жігіттер осы маңдағы түз тағыларының бетін қайтарып еді, енді олардан  қайта малға қауіп төне бастады. Жұрт бұл азулы аңды құмды паналаған киіктерге келген деп жатыр,— деді малшы жігіт.

Иә, біз жол үстінде саяқ жүрген киік текелерін де көрдік. Кейбірінің өлекселері жатыр. «Бұлар саспақ болған текелер, ұрпағын шашқаннан кейін қаңтар айының ортасында өліп қалады» деді білетіндер. Біз қайтар жолда Түйебаз бен Мешіт қыстақтарының ортасынан қасқыр жарып кеткен сиыр өлексесін көрдік. Қасында ойқастаған автокөлік ізі бар, сірә, табынды іздеп келген жоқшы болуы керек. Қасқыр тартып кеткен сиырын көріп, қалған малын қыстағына қарай айдап кеткен секілді.

Малшының әңгімесін тыңдап және мына жағдайды көргеннен кейін, қалай айтқанда да, шаруаларға төрт түлікті қыстатудың оңайға соқпайтынын түсіндік.

 Қ.ӘЛИН, «Шалқар».

Басқа материалдар

Back to top button