Ұлттық комиссия жазғы демалыс қарсаңында балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия балалардың жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза болуы мен жарақат алу жағдайларының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
Комиссия мәліметінше, жаз мезгілінде балалар көшеде, аулаларда, спорт және ойын алаңдарында, сондай-ақ демалыс орындарында көбірек уақыт өткізеді. Осы кезеңде олардың қауіпсіздігі көбіне ересектердің қырағылығы мен жауапкершілігіне байланысты.
Осыған орай Ұлттық комиссия ата-аналарды, жүргізушілерді және барша қазақстандықтарды алдағы жазғы демалыс кезінде балалардың өмірі мен денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Комиссия ата-аналарға балаларға жол қозғалысы ережелерін, аулада, су айдындарының маңында және табиғат аясында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын үнемі түсіндіріп отыруды ұсынды. Сонымен қатар балаларға жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы және қауіпсіздігіне көз жеткізгеннен кейін ғана кесіп өту қажеттігі ескертілді. Велосипедтен немесе самокаттан түспей жолдан өтуге болмайтыны да айтылды.
Сондай-ақ велосипед, самокат және ролик тепкен кезде қорғаныш құралдарын пайдалану қажеттігіне назар аударылды.
Үй жағдайындағы қауіпсіздік те ерекше бақылауда болуы тиіс. Комиссия ата-аналарға терезелерге қорғаныш құрылғыларын орнатуды, қауіпті заттар мен химиялық құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауды ұсынды.
Жүргізушілерге тұрғын үйлердің маңында, аулаларда, саябақтар мен балалар ойын алаңдарының жанында аса мұқият болу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар жылдамдық режимін сақтау, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда жылдамдықты төмендету және көлік жүргізу кезінде мобильді құрылғыларды пайдаланбау керектігі айтылды.
«Бала көлікті байқамай қалуы мүмкін. Ал жүргізуші баланы міндетті түрде байқауға тиіс. Балалардың өмірі бір сәттік назарға байланысты болуы мүмкін», – делінген үндеуде.
Ұлттық комиссия балалардың өмірі мен денсаулығы отбасының, қоғамның және мемлекеттің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ балалардың жазғы демалысының қауіпсіз өтуі үшін барша азаматтарды бірлесіп әрекет етуге шақырды.



