ҚОЖАЛЫҚ ИЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов бастаған жұмыс тобы Айшуақ ауылдық округінің орталығында шаруа қожалықтарының иелерімен кездесу өткізді. Топ құрамында аудандық жер қатынастары, полиция бөлімдері мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шалқар аудандық филиалының өкілдері болды.
Кездесу барысында жергілікті шаруашылықтардың көктемгі мал төлдету жайы, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие мен техника алу мүмкіндіктері, ветеринариялық жұмыстардың жай-күйі, жайылым жерлерді тиімді пайдалану және мал ұрлығының алдын алу мәселелері талқыланды. Мамандар шаруалармен еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді.
Марғұлан Досжанов өз сөзінде қазіргі кезең мал шаруашылығы үшін аса жауапты екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл төл алу науқаны аудан шаруашылықтарында жоспарлы түрде жүргізілуде. Бүгінде аудан бойынша 32 995 бас ірі қара аналығы, 48 349 бас саулық қой, 51 569 бас бие және 10 140 бас інген төлдеу алдында тұр. Алынған төлдің қазіргі көрсеткіші — 10 285 бұзау, 30 655 қозы-лақ, 10 740 құлын және 1 646 бота. Бұл көрсеткіштерге Айшуақ ауылдық окру-гіндегі шаруалардың да елеулі үлесі бар.
Жиын барысында «Санмұра» шаруа қожалығының төрағасы Кенжемұрат Науашов кейбір шаруашылықтардың жазғы жайлауға көшпей, өзге қожалықтардың қыстау маңында мал жаю мәселесін көтерді. Ол барлық шаруашылықтарға көктемде жайлауға көшу міндетін күшейтіп, оны бақылауды жолға қою қажеттігін атап өтті. Бұны қолдаған өзге де шаруашылық иелері жайлауға қоныс аудармағандар ала жаздай іргесіндегі көрші шаруашылықтың қыстайғы өрісін жайлап, қолайсыздық тудырады деген ортақ пікірлерін алға тартты.
Ал «Дархан» шаруа қожалығының басшысы Дүйсенбек Аманов биылғы қыста округте ірі қара мал шығыны жиі тіркелгенін айтып, әр жерде қалған сол өлекселердің толық залалсыздандырылмағанын жеткізді. Осыған байланысты ол қора-жайларды дезинфекциялау жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді ұсынды.
Еңбек ардагері Орынбасар Жаңабергенов жазда бой көрсететін шегірткелердің алдын алу үшін осы бастан ерте қамдану керектігін ескертті.Ол үшін бұл зиянкестердің топтасқан ортасын ұшқышсыз аппарат (дрон) арқылы анықтап, жоюға болады деген ұсынысын ортаға салды.
Қазіргі таңда Айшуақ ауылдық округі бойынша тіркелген 60 шаруа қожалығының 12-сі жерді тиімді пайдалану талаптарын толық орындамай отыр. Ауданнан келген жұмыс тобы жайлауға әлі бармай отырған бірқатар қыстақтарды аралап, жерді тиімді пайдалану бойынша ескертулер жасады.
М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.


