Шалқар кәсіпкерлері бизнес жұмысына кедергі келтіріп отырған мәселелерді көтерді

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Абдухат Мырзалиннің жеке қабылдауы өтті. Кездесу барысында өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері тап болып отырған жүйелі және инфрақұрылымдық өзекті мәселелер қаралды. Мәселелерді жан-жақты талқылау үшін жиынға қадағалау органдары мен аудандық атқарушы билік өкілдері қатысты.
Шалқар вокзалын қайта жаңғырту: қоршау кәсіпке кедергі болуы мүмкін
Өңірлік деңгейде көтерілген мәселелердің бірі – Шалқар ауданынан келген кәсіпкер Қайрат Мұнайтбастың өтініші болды. Мәселе Шалқар станциясындағы теміржол вокзалын ауқымды қайта жаңғырту жобасына қатысты. Жоба аясында перронға қорғаныс қоршауын орнату жоспарланған.
Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, қоршау орнатылған жағдайда жолаушылар ағыны сауда нысандарына өте алмай, бұл кәсіп иелерін үлкен шығынға ұшыратып, шағын бизнес нысандарының жұмысына қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар кәсіпкерлер жауапты органдар тарапынан толыққанды құқықтық түсіндірме мен балама шешімдердің ұсынылмағанын айтты.
Талқылау барысында Кәсіпкерлер палатасы барлық тараптың ұстанымын жан-жақты қарастырды. Онлайн форматта Шалқар қаласының әкімі Қорғанбек Исаев та қатысты.
Шалқар әкімдігінің мәліметінше, теміржол вокзалы терроризм тұрғысынан осал нысандар қатарына жатады. Осыған байланысты қоршау орнату антитеррорлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес міндетті шара болып саналады және бұл «СП Элитма» ЖШС мердігерлік ұйымының жобасында көзделген. Әкімдік өкілдері бұл шешімді өзгерту мүмкін еместігін айтты. Сонымен қатар қоршау салдарынан оқшаулануы мүмкін кәсіпкерлерге базардан сауда орындарын ұсыну немесе балама жұмысқа орналастыру мәселесінде көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Кейбір сауда нысандарының қала жағына шығатын есіктері болғанымен, кәсіпкерлер жобаны икемді түрде қайта қарастыруды сұрап отыр.
Қандыағаш көлік прокуратурасының аға прокуроры Мейрамбек Қойлыбаевтың айтуынша, қоршау жобасы әзірге келісу және сараптама кезеңінде ғана тұр. Қазіргі уақытта құжаттар Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінде қаралуда және түпкілікті бекітілмеген.

Прокуратура өкілі маңызды құқықтық мәселеге де тоқталды: бірқатар күрделі құрылыс нысандары орналасқан жер телімдері кәсіпкерлердің жеке меншігінде болса, перрон «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ теңгерімінде.
Прокуратураның ұстанымы нақты — жобалық сызбалар кәсіпкерлермен бірге толық зерделенбейінше, қандай да бір біржақты әрекеттер тоқтатылуы тиіс. Бұл болашақтағы қоршаудың нақты қай аумақтар мен бизнес нысандарына әсер ететінін анықтауға мүмкіндік береді.
Түпкілікті ымыралы шешім қабылдау үшін Кеңес төрағасы Абдухат Мырзалин көшпелі отырыс өткізуді ұсынды. Оның аясында нысанға барып, жобалық сызбалар коммерциялық нысандардың нақты орналасуымен салыстырылатын болады. Негізгі мақсат — қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылар үшін нысандардың қолжетімділігін және жұмыс істеп тұрған бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ететін шешім табу.
Бақытжан АНАПИН, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының Шалқар аудандық филиалының директоры.



