«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Шалқар ауданының екі ауылында медициналық пункт ашылды

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бершүгір ауылдық округіне қарасты Сарысай ауылында және Кішіқұм ауылдық округінің Шоқысу ауылында партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді.

Шоқысу ауылындағы бір ауысымда 20 адам қабылдайтын медициналық пункттің құрылысына 126,5 млн теңге бағытталды. Ал Сарысай ауылында бір ауысымда 25 келушіні қабылдайтын медициналық пункт құрылысына 133,8 млн теңге қаражат жұмсалды.

-Ауылымызда үлкен амбулатория ашылып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Нысанның ашылуына мүмкіндік жасаған Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, ауылымызда Рая Ақжапарова деген ақ халатты абзал жан бар, 40 жыл жұмыс істеп келе жатыр. Оған да рахметімізді айтамыз-, — деп Сарысай ауылының тұрғыны Дариға Әлмұратова қуанышын жеткізді.

Медициналық пункттердің ашылу салтанатына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серік Тажығұлов, «AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айнагүл Жұмағұлова қатысты. Олар нысандардың ауыл тұрғындары үшін маңызына тоқталды.

-Ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімді болуы – біздің басты мақсатымыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар шалғай елдімекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа медициналық пункттер тұрғындар игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деді аудан әкімі.
Екі нысан да заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, инклюзивтілік талаптар толық сақталған.
«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы.



