Ауыл шаруашылық

Шаруалар төл мерекелерін тойлады

17 қазан күні ауданымызда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні мерекесі аталып өтті. Ертеңгілік қаламыздағы Есет Көтібарұлы көшесінің бойындағы «Отан» спорт кешенінің алдында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, оған ауылдық округтерінің  және қаланың шаруа қожалықтары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты — аудандағы шаруашылықтардың өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсыну, отандық өнімге сұранысты арттыру және ауыл еңбеккерлерін қолдау болды.

Жәрмеңкеге ауданның түрлі ауыл шаруашылық құрылымдары мен жеке кәсіпкерлер ет, сүт, балық  өнімдері, бау-бақша мен кондитерлік өнімнің түрлерін нарық бағасынан төмен бағада ұсынды. Жәрмеңке барысында тұрғындар мен қала қонақтары сапалы әрі табиғи өнімдерді арзан бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Аудан халқы ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұруының маңыздылығын атап өтті.

Шаруалар төл мерекелеріне орай аудандық мәдениет үйінің фоесінде өздері өндірген өнімдерін жайып, көрме өткізді.

Бұдан соң Сары Батақұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Жиында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов баяндама жасап, осы сала бойынша жыл бойы атқарылған, жеткен жетістіктер, алға қойған міндеттер туралы айтты.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауыл еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, тәуелсіздік алған жылдардың ішінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын дамытуға бағытталған ондаған кіші бағдарламалармен қатар, жалпы агроөнеркәсіптік кешені мен ауылдық аумақтарды қолдауды мақсат тұтқан үлкен бағдарламалар қабылданып, агроөнеркәсіптік кешен мен алтын бесік — ауылымыздың жаңа белестерге көтерілгеніне тоқталды.

— Бұл күн — туған жердің топырағын түлетіп, ел ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарын ұлықтайтын айрықша мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын үнемі назарда ұстап келеді. Президентіміз ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс сапасын жақсарту, өндірістік қуатты арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар беріп, агросекторды мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңейтуді басты міндеттердің бірі ретінде айқындады.

Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялық тетіктер табысты іске асырылып, ауыл еңбеккерлеріне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Соның  ай-қын дәлелі — «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба  ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отбасылық шаруашылықтарды қолдауға бағытталған. Жоба аясында ауданымызда мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағыттарында нақты жобалар жүзеге асырылып, ауыл халқының тұрмыс сапасы жақсарып келеді. Бұл — ауылдың әлеуетін арттырып, ел экономикасына серпін беретін игі бастама.

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы да еңбек адамының мәртебесін арттыру жолындағы маңызды қадам. Ауыл — елдің түбірі, ырыстың бастауы. Сол ауылдың берекесін арттырып, еңбегімен ел мерейін өсіріп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сіздердің маңдай термен келген жетістіктеріңіз — жас ұрпаққа үлгі. Еңбектеріңізбен еліміздің ауыл шаруашылығы саласында зор абыройға ие болдыңыздар.

Сіздерге еңбектеріңіз үшін шынайы алғыс айтамын. Бүгінгі жас буын сіздердің жолдарыңызды жалғап, жердің қадірін, еңбектің қасиетін бағалай білуі — үлкен тәрбие мектебі деп білемін. Мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Берекелі еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер, — деді аудан басшысы.

Салтанатты шарада аудан әкімі    Ж.Жидеханов  табысты еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламаларды  орындауға өз үлестерін қосқан «Ерғали» шаруа қожалығының төрағасы Жаңабай Ерғазин мен «Азамат» шаруа қожалығының  төрағасы Жансерік Анаров  бастаған 30 шаруа қожалықтарының төрағаларын Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.

Ауыл шаруашылығы саласының  ардагері Құдайберген Серікбаев сөз алып, аудан бойынша  мал басының  өсімі, одан алынатын өнімнің артуы, мал азығын дайындайтын машина-трактор  паркінің жаңа техникалармен толықтырылуы көңіл қуантатынын айтты. Сонымен қатар,  мал басының тек сандық көрсеткішпен ғана емес, сапалық тұрғыдан да артуы, осы бағытта мемлекеттің жасаған тиімді қолдаулары оң әсерін тигізіп отырғанына тоқталды. Және ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан жандарды төл мерекелерімен құттықтап, жетістіктер мен табыстар тіледі.

Мерекелік шараның өн бойы аудан көркемөнерпаздарының концертімен өрілді. Әсіресе, әуесқой әншілер  Гауһар Ахметованың (Қауылжыр ауылдық округі) , Жайнаш Жұмағалиеваның ( Айшуақ ауылдық округі) , Әйгерім Разахованың (Бершүгір ауылдық округі), Тұрсынбек Тілеубайдың (Шалқар ауылдық округі), Асылан Ажымұратовтың (Кішіқұм ауылдық округі) шырқаған әндері көптің көңілінен шықты. «Көркем-ай» би тобының өнері де мерекелік шараның әрін келтірді.

Бұдан соң көпшілік Жылтыр ауылының маңындағы атшабарға жиналып, аламан бәйге мен тай бәйгені тамашалады. 24 шақырымдық аламан бәйгеге қосылған сәйгүліктер көсіле шауып, тамашалаған жұрттың делебесін қоздырды. Нәтижесінде Жаңақоныс ауылдық округінен  қосыл-ған Руслан Қойшыбаевтың «Ақбақай» аты бірінші келіп, мотоциклді иеленді. Ал, екінші және үшінші орындарды ретімен Айшуақ ауылдық  округінен келген Нұртуған Сағындықтың «Тортөбел» атты сәйгүлігі мен Жаңақоныс ауылдық округінің атынан қатысқан Қуанқан Біржановтың «Көгершін» тұлпары бөлісіп,  жүлдеге тігілген теледидар мен мұздатқыш табысталды.

Сонымен қатар, мерекелік шараға қатысушылар тай жарысын да тамашалады. Дүбірлі  додада Е.Көтібарұлы  ауылдық округінен қосылған Әзілхан Сағиталының «Үштерек» атты тайы алғашқы келіп, жүлде қорынан тігілген 150 мың теңгені еншіледі. Бұдан соң, Шалқар ауылдық  округінен келген Заманбек Жайлыбаевтың «Жылтыр күрең» атты тайы екінші, Е.Көтібарұлы ауылдық округінен қатысқан Әсет Омаровтың «Зымыран» атты тайы үшінші келіп, жүлдеге тігілген 100 мың және 80 мың теңгені иеленді.

Бәйгеден  соң аудан әкімі Ж.Жидеханов облыс көлемінде ауданымыздың атағын ұлттық  ат спорты ойындары арқылы танытып, қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір тармағы — атбегілік өнерін дамыту мен насихаттауға қосқан зор үлестері үшін атбегілер Шынболат Төлеуқұлұлына, Рақымжан Орынбасарұлына, Қуанхан Айталыұлы мен Нұртуған Шынбайұлына Алғыс хаттар тапсырып, сый-сияпаттар жасады.

Елімізде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың  болашағы зор. Себебі, мал өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді, бұл ауыл еңбеккерлерін жігерлендіреді.

Қ.ӘЛИН, «Шалқар».

Басқа материалдар

Back to top button