
Қиын кезеңдерде қарапайым адамдарға қайырымы тиген жандар болады. Ондай адамдар күнделікті тіршілігі үшін күресіп, қатардан қалмаймын деп талмай еңбек ете жүріп, жан-жағына көмегі тиіп жатқанын өздері де аңғармайды. Сондай жандардың бірі — еңбек ардагері Айкенже Жұмағұлқызы Жұмағұлова десек қателеспейміз. Бұл кісі сонау тоқсаныншы жылдардың қиын уақыттарында қолында бір папка қағазы бар, тоқтамай жүгіріп жүретін. Біз оны жаны қалмай бір нәрсенің құжатын дайындап жүргенін байқайтынбыз.
Содан бері отыз жылдай уақыт өтіп кетіпті. Жақында сол Айкенже апаны көріп, амандастым. Оның бұрын бау-бақшамен айналысатынын білетінмін.
— Апа, шаруашылық қалай, жүріп жатыр ма?
— Ой, айналайын, қазір үлкейіп қалдық қой, 72 жастамын, — деді ол.
— Апа, — дедім тағы да. Сіз маған еңбек жолыңызды айтып бересіз бе, кейінгілерге үлгі болсын, газетке берейін. Өйткені, мен бұл кісінің кезінде біраз адамға көмегі тигенін білетінмін. Содан апам әңгімесін бастап кетті.
— Әңгімені әріден бастасам, руым — кішкене Шектінің Палуаны. Әкем Жұмағұл Қалымбетов Қызылорда облысына қарасты Қамбаш деген жерде дүниеге келген. Өмірінің көп жылында Жаңақоныс колхозында, одан кейін совхозында шопан болып еңбек етті. Алты ағайындымыз, үш ұл, үш қыз. Содан бұл күнде Бақтылы деген апамыз екеуміз қалдық. Шешем Мираш Жұмағұлова үй шаруасында болып, әкеме көмектесті, біздерді бағып-қағып өсірді.
Мен әңгімемді әке-шешемнен бастап отырғаным, әкем Жұмағұл етік, мәсі тігіп, түрлі бұйымдар жасаған өте шебер және байлардың алтын-күмістен әшекей бұйымдарын соққан зергер болған. Оның әкесі Қалымбет те айтулы зергер кісі екен. Кеңес үкіметінің кезінде әкемнің сол ұсынақтылығы өзіне кесірін тигізіп, қудаланып, 1939 жылы осы Шалқар өңіріне қоныс аударған. Үлкейіп зейнеткерлікке шыққаннан кейін 7-ауыл, қазіргі М.Шыманұлы елді мекенінде тұрды. Құдайға шүкір, әкем ұзақ жасады, 1991 жылдың қаңтар айында 91 жасында қайтыс болды. Ал шешем одан ертерек 1975 жылы 64 жасында дүниеден озды, — дейді Айкенже.
Айкенже Жұмағұлқызы Шалқар қаласындағы №2 орта мектептің 1970-1971 оқу жылындағы алғашқы түлектің бірі болған. Тарихшы немесе филолог болуды армандапты. Бірақ сол уақыттары анасы ауырып жүргендіктен, оқуға түсіп мамандық алудың сәті түспепті. 1972 жылы Бозой ауылдық округінің азаматы Нияз Райовқа тұрмысқа шығып, сол аталған елді мекенде 22 жыл тұрады. Отағасы №10 газ компрессор стансасында энергетик болып жұмыс істейді. Ал өзі газ компрессор стансасының қосалқы шаруашылығында 7 жыл еңбек етеді. Кейін 1986-1993 жылдары Бозой ауылдық округіндегі тұрмыстық комбинаттың тігін цехының меңгерушісі болады. Тұрмыстық комбинат жабылған соң жеке тігін цехын ашады. 1995 жылы жұбайы Нияз өз саласы бойынша Шалқар қаласына ауысып, жұмысшылар қалашығындағы Северное шоссе көшесінен тұрғын үй сатып алады. Бұл нағыз тоқыраудың күшейіп тұрған уақыты болатын. Айкенже апамыз сол кезде кәсіп істеп, халыққа пайдамды тигізсем, өз жағдайымды да көтерсем деп ойлана бастайды. Себебі, газ саласы бойынша құрылыс басқармасында жұмыс істейтін отағасының еңбекақысы 6-7 айлап кешігеді. Балалары жас, өзі жұмыста жоқ, бұлай жүре беруге болмайды деп, Ақтөбе қаласындағы ал-ғашқы жүн өңдеу (ПОШ) фабрикасына барып, қойдың жүнін жинап тапсыратын болып, келісім-шартқа отырады.
— Келісім-шартқа отырғаннан кейін фабрика әкімшілігі қолымызға бір тең қанар қапшық ұстатты, соны күйеуім екеуміз пойызға тиеп, үйге әрең жеткіздік. Қанар қолда, енді халықтан жүн жинайтын ақша жоқ. Ақкөздік деген осындай болатын шығар, — деп күлді Айкенже апа.
Қош. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген, бұның да жолы өзінен-өзі табыла кетеді. Дәл осы тұста отағасына 6-7 айдан бері жиналып қалған айлығының орнына мекемесі макарон мен ұн секілді азық-түлік ұсынады. Оны көптеген жұмысшылар «ақшалай бер» деп алмай жатады. Айкенже апамыз бірден жұбайына «Аламыз!» дейді. Ондағы ойы сол азық-түлікті бартер әдісімен халықтан қойдың жүнін жинау болатын. Бұл жоспары іске асып, шамалы уақытта көп мөлшерде қой жүнін жинайды.
Енді оны тайлайтын пресс қайда?! Тағы да жүгіріс басталады. «Адам талаптанса орайы келе береді екен» дейді апамыз. Өйткені, іздегендері халықтың ішінде бар болып, пресс те табылып, оны тайлап беретін адам да шығады. Сөйтіп, келісім-шартқа сәйкес жүн өңдеу фабрикасына апарып, камаз-камаз жүн өткізе бастайды.
— Ол кезде елде малдың жүні көп, ақша жоқ еді. Жасымыз қырықтың ішінде, белсене жұмыс істеп, қолымыздан іс келетінін көрсеттік. Енді ауылшаруашылығы қолдау қорынан несие алып, кәсіпті кеңейткім келді, құжат жинай бастадым. 30 мың теңге төлеп, бизнес жоспар жасаттым. Ақтөбе қаласына екі күннің бірінде барамын. Әсіресе, жерге қатысты шаруамның бітпеуі қиын болды, ақыр аяғында жыларман болдым. Содан облыстық жер басқармасына барып, бастығының орынбасары Мартынов деген орыс кісіге кірдім. Әбден діңкелеген шығармын, әлгі кісіге кірген жерде басым айналып құлап қалыппын. Бір кезде есімді жинасам, Мартынов хатшысы екеуі су, дәрі беріп бәйек болып жатыр екен. Кешірім сұрап, басымды көтеріп отырдым. Әлгі кісі «Не жағдаймен жүрсіз, айтыңыз?» деді. Бозойда орыстардың ортасында тұрған соң, орысшаны жақсы білетінмін. «Несие алуға құжаттар дайындап жүр едім, жердің шаруасын бітіре алмай, шаршадым» деп, әңгімемді бастап, Шалқар мен екі ортада қатынап әбден қажығанымды баяндадым. Ол дереу сол кездегі аудандық жер бөлімінің басшысына телефон соғып «Мына әйелді қандай жағдайға түсіргенсің! Тез шаруасын бітіресің…» деп, ұрысып, мені бәрі орындалады деп қайтарды. Сөйтіп, сол азаматтың арқасында несие құжатымды дайындап бітірдім, — деді кейіпкеріміз.
Айкенже апамыз әңгімені қызықты қылып баяндап, сол несие құжаттары дайын болғанымен, оның әуре-сарсаңы алда болғанын айтты.
— Содан бәрі дайын болады деп облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Есет Сартаев деген кісіге кірдім, ол қарап отырып, мына бизнес жоспарың 100 мың теңге несие алуға да жарамайды деп, өзіме қайтарып берді. Не болғанын түсінбей қалдым, 200 мың теңге аламын деген үмітім шорт үзілгендей болды, — деді, апамыз сол бір қиын сәтін есіне алып.
Кейде талаптанған адамға Құдайдың көмегі көп болады-ау деген ойға қаласың. Тап сол басқарманың бухгалтериясында Төлеген деген Айкенженің әкесінің көзін көрген кісі жұмыс істеген. Басқарма басшысының орынбасарына несие құжатын өткізе алмай «таяқ жеп» шыққан апамыз көңілі түсіп, шағынып, сол кісіге барады. Содан әлгі адам Айкенжені ертіп, бастыққа кіріп «Айналайын, мына қарындасымның әкесі шопан болып еңбек етіп еді. Өте адал, жұмыскер, әділ, жақсы адам болды, сыйласып жүрдік. Бұл өте пысық жақсы қыз, бір тілегін орындаңызшы» депті. Е.Сартаев үлкен кісіні сыйлаған болуы керек, «Екі күн беремін, 200 мың теңгеге несие құжатын қайта дайындаңыз» депті. Содан екі күннен кейін әлгі Төлеген деген кісі құжатын дайын қылады. Сөйтіп, Айкенже апа 200 мыңның несиесіне осылай қол жеткізеді.
Тоқырауды көргендер біледі, мекемелерге де, жеке адамдарға да өте қиын соққан кезең болды. Ондағы айтпағымыз, облыстағы жүн өңдейтін фабрика жұмысы тоқтап, соған орай Айкенже Жұмағұлқызының кәсібі де тоқырауға ұшырайды, яғни, мал жүнін өткізетін жер табылмайды. Өзі «Фариза» деп ашқан өндірістік кооперативінің де жұмысы іркіліп қалады. «Енді не істеу керек!?» деген ойға кетеді.
— Әлі есімде, 1998 жылдың 10 қазаны күні «Істейтін не кәсіп бар?» деп сол кездегі аудан әкімі Жеткерген Оралмағанбетовке кірдім, — дейді кейіпкеріміз.
— Апа, жермен айналыссаңыз қайтеді, мекемелер көл жағасындағы бау-бақшаға алған жерлерін тастап кетті, халыққа қиын болып тұр, көкөніс егіп, тіршілік еткісі келетіндер бар. Мен сізге көл жағасынан 10 гектар жер берейін, — дейді Жеткерген Тілеулесұлы.
Содан Айкенже апа көл жағасынан, өзінің қалаған жерінен 10 гектар жер алып, шаруаға кірісіп кетеді.
— Ол кезде көлік аз, жаяу жүріп, қыстай алған жерімнің құжатын дайындап алдым, су айдайтын құбырды да, моторды да таптым. Жазғытұрым әуелі 5 гектар жерді жыртып, халықты күттім. Бірден екі жігіт келіп, 3 гектар жерді алып, жұмыстарын бастап кетті. Ал 2 гектар жерді 3 мың теңгеден жұртшылыққа бөліп бердім. Халық кетпен-күректерін алып келіп, құмырсқаша қаптап, жерлерін дайындап, дақылдарын егуге кірісті. Сыртынан қарап тұрып үлкен сауапты іс қылғанымды ұғындым, қатты қуандым, — дейді Айкенже Жұмағұлова.
Сол халыққа бау-бақша егетін жерді бөліп беріп жатқанында болған оқиғаны да айта кетті.
—Апа, сізден бір бала жер сұрағысы келіп тұр, бере аласыз ба? — деді бір жігіт.
— Келсін, — дедім. Сұрастырсам 8-сыныпта оқиды екен. Қошақан деген кісінің баласы болып шықты, аты Самат. Біреулерге еріп келіпті.
— Апа, маған жер беріңізші, картоп еккім келеді, — деді.
— Әлің келе ме? — дедім.
— Інілерім бар ғой, апа, осы жер бізге қажет болып тұр, көмектесіңізші, ақшасын бөліп-бөліп беремін, — деді.
Сол жерде баланың өмірге құштарлығына ырза болып, көңілім толқып кетті. Қасымда отағасым да тұр еді. «Мына баланың талабының өзі бізге ақша, бер жерді!» деді. Сондағы баланың бар ынта-ықыласымен жұмыс істегенін көрсең!… Кетпенін өзімен бірге ала келіпті, түскі асын ішті ме, ішпеді ме білмедім, алған бір жерін түп-түзу жал қылып, тап-тұйнақтай етіп кешке дейін бітіріп кетті. Ертеңіне жаңағы 8-сыныпта оқитын бала тұқым салуға келді, жұмыс істеп жатыр. Қасында бір әйел ұзақ отырды. Кім адам екен деп қасына бардым.
— Апа, бағанадан бері отырсыз, жай келдіңіз бе? — дедім.
— Мен мына баланың шешесі едім, баласынып қуып жібермей, жер беріп қолдаған адамның жүзіне қарап, алғысымды айтайын деп келіп отырмын, — деді ол.
— Жүріңіз, шай ішейік, рақметіңізді сол жерде айтарсыз, — дедім мен.
Сөйтіп, бау-бақша басында қамыстан салған жаппамның ішінде сол апамның алғысын алған едім. Мен сол тоқырау кезеңінде еңбекке ұмтылған көп адамға жер бөліп беріп, талай жанның ыстық ықыласына бөлендім. Бұл күндері соны еске алсам қуанамын, мақтан етемін, одан артық не керек. Қазір ел қатарлы бала-шағамның ортасында аман-есен жүрмін, бұл да сол халықтың маған арнаған жақсы тілектерінің арқасы шығар.
Тағы бір айтарым, сол кездері аудан әкімі болған Жеткерген Оралмағанбетовтың халыққа да, маған да қолдауы көп болды. 2000 жылдың көктемінде менің өндірістік кооперативіме 25 жағдайы төмен отбасыға «Қамқор» қайырымдылық қоры арқылы 3 мың теңгеден ақша аударып, бау-бақша егуге жер бергізді. Ол жақсылықты айтпай кетуге болмайды. Сол 25 адамға берілген жердің өзіндік құндық есебін тездетіп дайындаған қала әкімшілігінің маманы Дүйсенғали Тәңірбергеновтің де еңбегін ұмытпаймын. Халық жаппай картоп, басқа да дақылдарды егіп, жемісін алды, еңбектенді. Ол кезде, жоғарыда айтқанымдай, көлік тапшы болатын. Алған өнімдерін велосипедке артып, қайыққа тиеп, әлектеніп жүретін, — деп есіне алды сол кездегі қиын күндерді Айкенже Жұмағұлқызы.
Жермен жұмыс істеу оңай емес, диқаншы Айкенже 1999 жылдан 2014 жылға дейін халыққа бау-бақшаға егетін жер беріп, қызметін ұсынып келіпті. Өзінен кейінгі жастарға да осы кәсіпті үйретіп, тәжірибелерімен бөлісіп, қолдау көрсеткен екен.
— Оңғар, Бекен, Нұрхан деген азаматтар менен жер алып, дақылдар салып, үйреніп, кейін керемет диқаншылар болды. Қазір өз алдына бөлініп, еңбек етіп жатыр, мен өзімнің алған 10 гектар жерімді сол шәкірттерімнің бірі — Нұрханға бердім. Жастардың еңбек еткені дұрыс. Бірді айтып, бірге кетесің, қазір кәсіп істейтіндерге жұмыс табылады. Қарапайым мысал, қияр, қызанақтар салып жапқан банкілерді Шымкент қаласынан тапсырыс беріп, алдырып жатқандар бар. Соны өзімізде жауып, консервілеп, халыққа тиімді бағамен сатуға да болады ғой, — дейді апамыз.
Айкенже Жұмағұлқызы жасы келсе де кешегі күнге дейін өз алдына бір жер алып, отбасына қажетті көкөністерін егіп келіпті. «72 жасқа келсем де көл жағасынан бір гектар жер алып, жеміс ағаштарын егіп, көгалдандырып, халық демалатын орын істесем, өлкеміздің экологиясын жақсартсам деген арманым бар» — дейді ол. Қала әкімшілігі қолдаса, атқарып шығатынына сенімді.
Диқаншы Айкенже Жұмағұлова еккен өнімдерін сатуда, 2005 жыл, шілде.
Иә, біз әңгімеге арқау еткен Айкенже Жұмағұлқызы 7 бала тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Отағасы Нияз Райов екеуі өмірге 3 ұл, 4 қызды дүниеге әкеліп, қатарға қосыпты. Елдің ықыласынан бөлек, облыс, аудан басшыларынан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын алыпты. Өткен жылы ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медаліне ие болған.
Біз 70 жасты еңсерсе де, әлі еңбек етемін деп талпынатын Айкенже апамызға мықты денсаулық, бақытты қарттық ғұмыр тілейміз.
Қ. ӘЛИН, «Шалқар».


