
Сынаптай сырғыған уақыт көшінде адам өмірі абайсызда құлап кеткен құманның суы сияқты. Бүгін бар, ертең жоқ. Көңілі көлдей, жүзінен жылылық есетін жандар кенеттен келмеске аттанғанда осыны айқын сезесің.
Байсалды да, сырбаз мінезді сыныптасымыз Дәуренбек Дүйсенбайұлы мәңгілік мекенге бет бұрғанда біз де сондай күй кештік. Мың құбылған мына өмір өрінде оның қырық үш жыл ғұмыр кешіп, қайралып тұрған шағында шарболаттай морт сынарын кім біліпті?! Жастайынан көпшілік ортаға бейімделген Дәуренбек мансап пен шеннің буына бой алдырмай, қызметте маман емес, алдымен адам болуды өзіне мұрат санады.
Ұлықұм бойындағы Есет ауылы — менің туған мекенім. Осындағы Сарыбұлақ орталау мектебін бітірген соң, 1996 жылдың қыркүйегінен бастап оқуымды Шалқардағы №1 орта мектепте жалғастыруға тура келді. Осы білім ошағында оқыған екі жылымда өзіме жаңа достар табылды. Солардың қатарында бір сыныпта оқыған Дәуренбектің де орны бөлек еді. Ол мен жатқан үймен арқалас көшеде тұрды, ертеңгісін басталатын сабаққа үйінен ерте шығып, жолай біздерге соғып, «тездетейік» деп, мектепке асықтыратын. «Мен үйде таңғы азан дауысымен оянамын» дейтін кейде бізге бойын мақтаныш кернеп. Бұнысы енді шындыққа саяды. Тоқсаныншы жылдар басында Шалқардан бой көтерген қазіргі Жанаман аһун Сейтімұлы мешіті оның үйіне құлаш сермер жерде еді.
«Табиғат — кемеңгер, онда жан да, түйсік те бар» демеуші ме едік. Ой-орманын көп аралайтын адамдар осыны терең ұғынады. Бірде Дәуренбек үйінің бет алдында көзден шыққан жастай жылап ағып жатқан бұлақты көрсетіп: «Бұрын бұл жер мал соятын орын болған, ал мынау басында тұнық бұлақ болыпты, кейіннен қайнар көзі бітеліп осындай күйге түскен» деп күрсінді.

— Осы араға кішкентайымызда жиі келіп ойнайтынбыз. Ала жаздай жұрт осы маңдағы бауырдай жұмсақ жерді үңгіп, бұлақ суын пайдаланып, саман кесек басады. Олар «кірпішімізді бұзып кетесіңдер» деп, біздің әр қадамымызды аңдып отыратын, — деп, сонау балалық шағын күлкіге көмдіріп айтқаны күні кеше сияқты. Бұл оның сағымға айналған балауса шағының бір сәулелі сәті десек те, астарында өзінің табиғат-анаға жанашырлығы, адам мен қоғамға деген әділ көзқарасы атойлап тұрған екен-ау.
Өзі айтпақшы, ұйқысы сергек ұл тіршілік керуенінен де олжасын ерте іздеді. Айналасына әрдайым әділдік терезесінен үңіліп, әке-шеше тәлімімен тәртіп пен тиянақтылықты бойына сіңірді. Әкесі Дүйсенбай Ахатұлы мен анасы Әзиза Рахметқызы балаларының амандығын тілеумен тірлік кешкен қарапайым жандар. Саягүл, Жандостай аға-апасы мен Жайнагүлдей қарындасының ортасындағы перзент осы біздің құрдас — Дәуренбек болатын. Дүйсенбай аға ұзақ жылдар аудан аумағындағы магистралды газ айдау мекемесінде көлік жүргізушісі болып еңбек етті. Қуатты, алып техника «Ураганның», 200 аттың күші бар «КА-700» тракторының тізгініне қажырлы әке жайғасқанда қаршадай ұлға ол тым биікте отырғандай болып көрінетін. Сондай өреге өскенде өзі де шыққысы келіп, оңашада асау қиялымен қиянды шолып, ойға шоматын-ды. Бала арманы алдамайды екен, ұдайы биікті шолатын турашыл ұлдың алдында аласармас асулар тұрды. Дәуренбек жоғарғы сыныпқа келгеннен-ақ «болашақта мен тәртіп сақшысы боламын» деп, өзіне үлкен мақсат қойып, соған жету жолында бәріне төзді. Курсанттық кезеңнің тегеурінді тәртібіне мойынсынуды, оқушы кезінен орысша тіл сындырып үйренуді жоғарғы сыныпқа келгеннен-ақ, оң жамбасына алды. Спортқа да бейім еді, кермеге тартылудан мектепте біразымыздан оқ бойы озық жүрді. Осындай мұқалмас жігері оның болашақ мамандығына деген сүйіспеншілігімен сабақтасып жатқан еді.
— Ағам бауырмал, талапшыл мінезі де бар болатын. Мен өскенде полиция боламын, бастық боламын деп кішкентайынан жиі айтатын, тек әділдікті жақтайтын. Ағаштан түрлі қарулар жасап алып, тәртіп сақшысын сомдап жүретіні есімде. Мектеп жасынан ол сол салаға барынша әзірленіп, өлшеулі ғұмырында аянбай еңбек етті. Біздің үлгі тұтатын бауырымызға айналды, — дейді қарындасы Жайнагүл.
Дәуренбек Дүйсенбайұлы 1998-2000 жылдары ҚР ІІМ-не қарасты Семей заң колледжінде білім алып, алғашқы еңбек жолын 2000 жылы Темір аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы қызметінен бастап, сол аудандағы полиция бөлімі көші-қон тобының аға инспекторы болды. 2015-2016 жылдар аралығында Шалқар аудандық полиция бөлімі көші-қон тобының инспекторы қызметін атқарды. Әр жылдары Ақтөбе облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасының бөлімше бастығы, Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің көші-қон тобының бастығы, осы департаменттің көші-қон басқармасы бастығының орынбасары сынды жауапты қызметтерде болды. Осы салада жүріп заң саласы бойынша еліміздегі таңдаулы оқу орындарында білімін жетілдіріп, полиция подполковнигі шенімен құрметті еңбек демалысына шықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне — 30 жыл» мерекелік медалымен наградталып, салалық «Қазақстан Полициясына — 30 жыл» төсбелгісін мен Құрмет Грамоталарын алды.
Аяулы жары Мейрамгүл Себілқызы Кеңқияқ өңірінің тумасы. Екеуі Ақбота, Бекзат, Айқаракөз, Мырза есімді ұл-қыздарды өмірге әкелді. Тұңғышы Ақботасын құтты орнына қондырып, жиен немере көрді. Сырт қарағанда өзі сабырлы және шүкіршіл көрінгенімен, әулетінің тірегі ретінде оның иығына нарға үйлесер жауапкершілік жүгі артылды. Осы кезіккен қиындықтардың барлығына ол қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайраттылықпен қарсы тұрып, табандылық танытты. Анасы мен бауырларын, отбасын ұдайы ойлап, келешекке кемел жоспарлар құра бастап еді. «Өмір өзені ағысын өзгертпейді» демекші, аптал азаматқа қапелімде тиген дерт құрығы оны мезгілсіз кеткен әке мен ағасының соңынан оралмас сапарға алып кетті.
Шәкірт болмысын қырандай қырағы көзімен шолып, ақылымен екшейтін ұстаздардан асырып айтқан кім бар?! Азамат болып қалыптасу — ұстаздар ұлағатынан басталарын білсек, құрдасымыздың да жолына жөн сілтеген жақсы адамдар болды. Дәуренбектің сәби саусағын қалам ұстауға иіп, алғаш әріп үйреткен мұғалімінің есімі — Ғайша Мадекешова. Ал алтын ұя мектептен қанат қақтырып, ақ жол тілеген ардақты ұстазы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Сәбира Аяуова. Жүздеген шәкірттердің жүрегіне жол тапқан тәжірибесі телегей мұғалімнің Дәуренбек те дара оқушысы болды.
— Алдыңдағы әр баланың орны ерекше. Осындай өзіндік болмысымен есте қалған шәкірттерімнің бірі — Дәуренбегіміз еді. 5-сыныптан бастап мектеп бітіргенше оған сынып жетекшісі болдым. Алғаш көргеннен-ақ өзінің адами болмысымен танылды. Қандай жағдайда да адамгершілік деңгейін жоғары ұстады. Арнаулы оқу орнында оқып жүріп, маған жазған хаттары еріксіз еске түсіп отыр. Мектепте балалықпен болған кейбір кемшіліктері үшін кешірім сұраған. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой, — деп толғанады Сәбира апай.
Дәуренбекті алғаш қызметке қабылдап, бағыт сілтеген ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, зейнеткер, облысымыздың Темір, Шалқар, Әйтеке би аудандарында полиция бөлімін басқарған, полиция полковнигі Елемес Шотанов.
—1990-2003 жылдары аралығында Темір аудандық ішкі істер бөлімі бастығы лауазымында болдым. 2000 жылы сәуір айында маған полиция полковнигі шені берілді. Сол жылдың жаз айында аудандық бөлімнің жауапты кезекшісі ішкі байланыс арқылы қабылдауға қызметкер келіп тұрғанын хабарлады. Көп кешікпей есік қағылып, ол: «Полковник мырза, полиция лейтенанты Дәуренбек Ізтілеуов қызмет атқару үшін келіп тұр» деді, сымдай тартылған қалпында. Жас лейтенантқа отыруын сұрап, қызмет саласындағы орынбасарларымды таныстырдым. Оны Кеңқияқ поселкелік полиция бөлімшесіне учаскелік инспектор қызметіне тағайындадық. Тәлімгері ретінде сол кездегі орынбасарым, полиция майоры Ардақ Сүйіндіков бекіді.
Жылдар сырғып өтіп жатты… Мен өзге ауданға қызметпен ауыстым, Дәурен де жұмысында шыңдалып, лауазымы жоғарылап, шені өсті. Темір аудандық полиция бөлімінің миграция саласындағы аға қызметкері болды. Бұл орынға кез келген адам таңдалмайды, халықпен де, құжатпен де сауатты жұмыс істей білуің керек, Дәуренбек оған лайықты болды. Кейіннен мен Шалқар ауданында мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істедім. 2009 жылдың 28 тамызы күні 55 жасқа толуыма орай үйде дастарқан жайып, отбасымызбен қонақ жайлап жатқанбыз. Меймандар тілектері ортасына келген кезде үйге шәкіртім Дәуренбек келіп, бәрімізбен ізеттілікпен амандасып, сол кездегі Темір ауданы полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Арман Дәулетовтың Құттықтау хатын тапсырып, иығыма шапан жапты. Сонда мен оның қызметте де, өмірде де едәуір ысылғанын көріп, қуандым.
Қарамағымда жүргенде ол туған жері — Шалқарға барып жұмыс істегісі келетіндігін айтатын. Кейіннен туған жерінде де қызмет жасады. Осындай жауаптылығына орай оған облыс орталығында да түрлі басшылық қызметтер тапсырылды. Оны ол абыроймен атқарып, полиция подполковнигі шенін алды. Жалпы еліміздің ішкі істер органы жұмысының жүйелілігіне Дәуренбек Ізтілеуовтің де қосқан үлесі ұшан-теңіз еді, — дейді Елемес Ербазыұлы.
«Жақсылардың өлген күні болмайды, туған күні болады» деген сөз бар. Тірісінде толағай істерге талпынған Дәуренбек достың жылдық асы осы қаңтар айында нақ өзінің туған күні берілді (қайтқан күні 3.02.2024). Бұл сәйкестік десек те, астарында бір жақсылықтың сәулесі бар. Жылдық асқа жиылған ет-жақынның ниетінен, дос дидарын еске алған жора-жолдастың, әріптестерінің қимас тілегінен Дәуренбектің артына қалдырған ізгілікті ізі айқын көрінді.
Қолыңа қалам ұстаған соң, жалғаннан көшкен жандардың да жақсылығын жазып, есімін ұлықтай жүрсең, ол да азамат ретіндегі бір борышыңның өтелгені. Тіршілікте ұршықтай айналған уақыт уысына бәрі де жұтылғанымен, тасқа басылып, қағазға түскен сөздің ғұмыры ұзақ, ойлы оқырман үшін мәңгі. Дәуренбек Ізтілеуовтің ізгі жолын төгілтпесек те, төңіректеп жазуымның түп төркіні осы еді…
Мұхтар МЫРЗАЛИН.



