Тағзым

Берлинді алған батыр – Шалқар топырағының перзенті

Шалқар өңірі – ел басына күн туған шақта Отан қорғауға аттанған талай ерлерді дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының даңқты ардагері, Берлинге дейін жеткен жауынгер, қайсар тұлға Тәкібай Әлдірзин.

Тәкібай Әлдірзаұлы 1917 жылы Шалқар ауданының №9 Қорғантұз ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келген. Әлеуметтік тегі – қарапайым шаруа отбасынан шыққан ол жастайынан еңбекке араласып, білімге ұмтылды. Орта мектептің 7 сыныбын тәмамдағаннан кейін Шалқар қаласындағы фабрика-зауыт училищесінде оқып, теміржол депосында токарь болып еңбек етті. Жастық жігері мен табандылығы оны ерте есейтті.

1938 жылдың қыркүйегінде Қызыл Армия қатарына шақырылып, Полоцк қаласындағы №45 «МА» әскери бөлімі жанындағы полк мектебінде білім алады. Осында кіші командир атағын алып шыққан жас жауынгер көп ұзамай майданға аттанады. 1939 жылы фин-орыс соғысына қатысып, №139 атқыштар дивизиясының 609-атқыштар полкінде бөлім командирі ретінде алдыңғы шепте шайқасады. 1940 жылдың қаңтарында ауыр жараланып, Калинин қаласындағы әскери госпитальда емделеді.

Жарақатынан айыққан соң, Орта Азия әскери округінің қарамағына жіберіліп, Түрікменстандағы Чарджоу қаласында қызметін жалғастырады. Алайда соғыстан алған жарақаты сыр беріп, белгілі бір уақыт әскери комиссариатта қызмет атқаруына тура келеді.

1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда, Тәкібай Әлдірзаұлы тағы да майдан жолына дайындала бастайды. 1942 жылы қайтадан әскер қатарына алынып, Брянск және Беларусь майдандарында ерлікпен шайқасады. Рота командирінің орынбасары, дивизион командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқара жүріп, жауынгерлерді ерлікке жігерлендіріп, алдыңғы шепте үлгі көрсетеді.

1943 жылы ол екінші рет ауыр жараланып, Тула қаласындағы әскери госпитальда емделеді. Бірақ қайсар мінезді командир сауығып шыққан бойда қайтадан майдан даласына оралып, жауға қарсы күресін жалғастырады. Кейін артиллерия офицерлерін даярлайтын курсты тәмамдап, дивизион командирінің саяси орынбасары ретінде қызмет етеді. Тағы бір қанды шайқастардың бірінде үшінші рет жараланғанына қарамастан, ол қайтадан сапқа қосылып, Жеңіс күніне дейін қолынан қаруын тастамайды.

Тәкібай Әлдірзаұлының жауынгерлік жолы – ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісі. Ол тоғыз жыл бойы үздіксіз әскери қызмет атқарып, Жеңіс туы желбірегенше майдан даласынан табылды.

Отан алдындағы ерен еңбегі мен ерлігі жоғары бағаланып, ол Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, «Ерлігі үшін», «1941–1945 жылдардағы Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В. Сталиннің Алғыс хатына ие болды.

Соғыс аяқталғаннан кейін де Тәкібай Әлдірзаұлы ел қызметінен қол үзбеді. 1946 жылдың мамырына дейін Минск әскери округіндегі артиллерия дивизионында партиялық ұйымдастырушы болып қызмет атқарды. Кейін Түркістан әскери округі қарамағына жіберіліп, Қызылорда облысында әскери комиссариатта саяси бөлімнің нұсқаушысы болды. 1947 жылы ғана Қызыл Армия қатарынан босатылды.

Бейбіт өмірде де ол ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін бітірген соң, Қарабұтақ өңірінде аудандық партия комитетінде қызмет атқарып, кейін ірі шаруашылықтарда партия ұйымын басқарды. Еңбекқорлығы мен адамгершілігінің арқасында халық арасында зор құрметке ие болды.

Тәкібай атаның өмір жолы тек майданмен ғана шектелмейді. Ол – отбасының тірегі, ұрпаққа үлгі болар әке еді. Жұбайы Бибісарамен бірге он бала тәрбиелеп өсірді. Оның ұрпақтары елдің әр саласында абыройлы еңбек етіп, әке есімін мақтан тұтып келеді.

Тәкібай Әлдірзаұлының тағдыры – тұтас бір дәуірдің айнасы. Қысқа болса да, мағыналы ғұмыр кешкен ол 42 жасында дүниеден озды. Бірақ оның ерлігі мен есімі халық жадында мәңгі сақталады.

Биыл батырдың туғанына 109 жыл толып отыр. Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Шалқар топырағынан шыққан, Берлинді алған батырдың жарқын бейнесі келер ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.

Қозы-Көрпеш Мұхамбетқалиұлы ТӘКІБАЙ

 

Басқа материалдар

Back to top button