БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

Елімізде ауылдық жерлердегі балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кейін үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну» мемлекеттік қызметі көптеген отбасы үшін үлкен қолдау болып отыр.
2025–2026 оқу жылында Сарысай елді мекенінен 2 оқушы Бершүгір жалпы орта білім беретін мектебіне күнделікті тегін тасымалдануда. Бұл – балалардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына жасалған нақты қамқорлықтың айқын көрінісі.
Оқушыларды мектепке жеткізу арнайы талаптарға сай ұйымдастырылып, олардың жол қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген. Ата-аналар да бұл бастаманың тиімділігін ерекше атап өтуде. Себебі, шалғай ауылдағы балалар үшін мектепке қатынау мәселесі әрдайым өзекті болып келген.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға, әр баланың білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Балалардың жарқын болашағы жолындағы игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенім мол.
Қуанғали Ыбрайұлы ТЕМІРБАЕВ, Бершүгір жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.



