Басты жаңалықМәдениет

ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ АҚБҰЛАҒЫ

Бәкір Тәжібаев — 100 жыл

Ақын, драматург, прозаик, композитор, өнер зерттеуші Бәкір Тәжібаев 1926 жылдың 15 мамырында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Ақбұлақ ауылында туған.

Ол 1941 жылдан бастап Темірдің педагогикалық училищесінде оқып, кезінде Жұрын аудандық (қазіргі Мұғалжар ауданы) газет редакциясында жауапты хатшы, аудандық комсомол комитетінде қызмет істеді.

1950 жылы Алматының театр-сурет училищесі жанындағы кино-актерлік бөлімді бітіргеннен кейін, Жамбыл, Шымкент облыстық театрларында актер болды.

1958 жылы Алматыға келіп Абай атындағы қазақ опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақ театр қоғамында жұмыс жасап, үлкен өнер ұжымдарында, атақты өнер, мәдениет қайраткерлері арасында шыңдалады, мектептен өтеді. 1974 жылы тікелей шығармашылық жұмысқа ауысады.

Ақын Бәкір Тәжібаев 1969 жылы «Балбұлақ», 1973 жылы «Ән — дәурен», 1976 жылы «Жүріп келем», 1980 жылы «Дала жылдары», 1982 жылы «Жыр жолаушы», 1985 жылы «Ақбұлақ», т.б. қарапайым халық арасында кең тараған, халық сүйіп оқитын өлеңдер тақырыбына арналған.

Белгілі драматург Бәкір Тәжібаев театр жанры саласына лайықты үлес қосты. «Кел, дос болайық», «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі», «Ақтау әні» драмалық музыкалық пьесалар жазды. Олар республикамыздың облыс, аудан театр сахналарында қойылды, жұртты риза етті, көрермендер жүрегінен орын тапты. Сонымен қатар, ол «Қамар Сұлу» операсының либреттосының авторы. Бұл операның музыкасын композитор Е.Рахмадиев жазды. «Қамар сұлу» операсының клавирі жеке кітап болып, Москваның «Музыка» баспасынан 1970 жылы шықты. «Қамар сұлу» операсының опера театры сахнасында қойылуы республика мәдениеті өмірінде елеулі оқиға болды. «Қамар сұлу» Б.Тәжібаевтың өнердің ерекше жанры опера саласына қосқан үлкен үлесі болып саналады.

Оның облысымыздың жұртшылығына жүрегіне өте жақын шығармашылық туындысы «Сары сері мен қыз Қосан» пьесасы. Себебі, пьеса оқиғасы Шалқар, Ырғыз жерінде болған, ал кейіпкерлері біздің жерлестеріміз. 2003 жылы 25-27 ақпанда Ақтөбе қаласында өткен облыстық театр өнері фестивалінде Шалқар аудандық «Халық театры» «Сары сері мен қыз Қосан» спектаклін қойып, көрермендер, қазылар алқасы көңілінен шығып, бірінші орын алды.

Бәкір Тәжібаев композитор, орындаушы-әнші. Оның әндері халық арасына кең тараған, өзінің орындауында «Мелодия» фирмасынан күйтабақ болып шығарылды. Оның «Жас дәурен», «Ақбұлақ», «Ағын судай тасып жүрмін», «Әппағым-ау, әппағым», «Ақтамақ», «Ақ сәуле», «Жанеркем», «Туған жер», «Қостанай» тағы басқа әндері әнсүйер қауымға кеңінен таныс. Ауыл-ел арасындағы той-кештерде де орындалады. Халық әртісі Сара Тыныштығұлова «Ақ бұлақ» әнін эстрадамен орындап, көрермен ықыласына бөленді. Ақын-сазгердің «Гүлсің-ау», «Жүрегім дүрсіл қағады» әндері бүкіл қазақ жұртының сүйікті әндеріне айналды. Ол Қазақстанның белгілі өнер адамдарымен Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев, Ә.Еспаев, Ғ.Құрманғалиев, Е.Хасанғалиев, Ә.Бейсеуов т.б. тығыз, үнемі шығармашылық байланыста болды. Олармен бірге еңбек етті, ел арасына кең тараған «Туған ел», «Дала еркесі», «Әдемі-ау», «Бозторғай», «Қаракөзайым», «Жәмиланың әні», «Күн дидарлы Қазақстан» т.б. әндерге сөз жазды.

Бәкір кейбір әндерінің әнін де, сөзін де өзі шығарған. Кейбір әндеріне, өлеңдеріне әріптес сазгер ән жазған. Ол сазгерлердің әндеріне кей кезде өлең жазған. Міне, осылай өнер жолында өзара жақсы жақын болған.

Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұловаға арналып жазылған рухы биік «Әлия» әні қазақ музыка өнеріндегі әннің де, авторлардың да атын шығарған ерекше туынды болды.

1977 жылы Болгарияда өткен Дүниежүзі эстрада әншілерінің конкурсында Роза Рымбаева «Әлияны» орындап «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алып, аты әлемге тарады. Өзі айтқандай «30 жыл бұрын сахнадамын, Әлия аруағы қолдады» деп, биыл 50 жыл «Әлия» әнін шырқауда.

«Әлия» әнінің авторлары сөзін жазған Бәкір Тәжібаев, композитор Сейдолла Бәйтереков сол жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық «Ең үздік жыл әні — 77» фестивалінде бүкілодақтық фестивалдың лауреаты деген атақ алды. І орын Дипломы берілді. «Әлия» әні ақынның шоқтығы биік шығармасы болып, бүкіл қазақ даласына шарықтады.

Прозаик Бәкір Тәжібаев «Қараторғай» әңгімелер жинағының, «Біздің Роза» КСРО Халық әртісі Р.Бағланованың өмірі мен шығармашылық жолы туралы шығарманың, «Сахна жұлдыздары» атты атақты өнер қайраткерлері Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Ыдырыс Ноғайбаев өмір жолдары мен сахналық қызметтері туралы әңгімелер жинақтарының авторы. Сондай-ақ, Бәкір Тәжібаевтың жырларында Ақтөбе, Бай-ғанин өңірінің тарихы мен табиғаты елдің тыныс-тіршілігі, атақты адамдары жырланады. Туған жерге сүйіспеншілікпен «Байғанин жастары» вальсін жазды. Бөкенбайсайын, Ақбұлақ, Жарқамыс маңын жадында жаттап Бәкір ауылын сағынып, ойлап, есіне алып, «Ауылға барғанда» деген өлең жазған. «Ауылға кел» деп әкем «құраулап» дауыстап, ауыл үйдің түтіні будақтап, маған қолын бұлғап шақыратын. Баратынмын – деп ауылда көңіл қошын саялап, сағынышын басып өлеңдеткен.

Ол көпшіл, көңілді, тұрғын тыңдармен жақсы байланыс жасай алған. Сөз, әңгімені жылы, шешен айтқан. Өлеңді түрлендіріп оқыған. Әнді әсем орындаған.

Дүрілдетіп ел-жұрты той тойлайтын, Кезім келді аянбай бір толғайтын — деп, «Ақтөбеге одақ» деген өлеңінде жыр төккен, ғажап көрінісін келістірген, жерін, елін, ерін сүйген, ұнатқан, жайнатқан, ән-күйін шалқытқан, адамын, жетістігін мадақтаған. Өзі осылай жырладым туған жерді, елді, іс бітірдім деп масаттанған, көңіл қошы көтерілген, рахат алған.

«Жем-Сағыз» өлеңінің сөзін, әнін Бәкір өзі шығарған, орындаған.

Жем-Сағыз – қалың жұртым жайлаған жер

…Жем-Сағыз, айналайын, жайнаған жер, — деп сағынышын саялатып, көңіл қошы көтеріліп, Жем-Сағыз өңірі жеріне жеткізіп, өркендетіп, өлеңдетіп, әуелетіп, әндетіп, еңбегін, жақсылығын, жетістігін, қуанышын жұртқа жариялаған, туған жеріне, еліне сыйлаған.

Талай татқан дәміңді Шұбарқұдық,

Маған қымбат қаласы Темірдің.

Сонда өткен жастығы өмірімнің — деп оқыған, өскен жерге арнап, ұзақ толғау, еске алу «Темір» деген өлең жазған, мақтаған.

Маңайды әнге бөлеген, оған шашу шашқан, әкесі атын суарған, анасы келіп су алған Ақбұлақтың атына әнін, сөзін Бәкір өзі шығарған. Ал ән болған «Ақбұлақ» Бәкірдың атын шығарған. Мен бұлақтың суын сімірдім.

Қарауылкелді, Қарауылкелді

Сен дегенде сұлу сазды арман.

Теміржол — қос ішегі домбыраның,

Қарауылкелді жымыңдаған жұлдыздардан

Тағынғасың алқаны.

Мені магнитің тартады.

Тағы да келдім сағынып, — деп өлеңдеткен. Қарауылкелдінің абырой, атағын аспандатқан. Тұла бойы елжіреп, сағынып, қуанып, ауыл үйлерін аралап, тұрғындармен кездесіп, сәлемдесіп, сағынышын басып, жақындасуды, сыйлауды мақсат еткен. Оған жеткен, орындаған.

Бітпей қалған ісімнің,

Қарымтасын қайтаршы!

Саған арнап гүл ектім.

Саулық тіледім.

Әкеңдей болсаң жарайды!

Таянышым тірегім! — деп Жасұланға өлең жазып қалдырған.

Жасұлан 2025 жылы қарашада Қазақ теледидарында жақсы мазмұнды сұхбат берді. Әкесінің өмірі, еңбегі, өнері жайлы жайсаң ақпарат, деректер жариялады.  Сағынышпен әңгімелеп, әкесінің 100 жылдығын атап өту туралы ұсыныс-пікірін айтты.

Кеңдалаға сәлем айт, жолдас-жырым,

Еңбегімді азды-көпті елей ме екен?

Жолдас-жырым, келгейсің қайтып маған.

Жұрт лебізін бергейсің айтып маған — деп өлеңдетіп, жұрттың жақсылық хабарын өзіне айтып жеткізуді жолдас-жырына сырын тапсырған.

Биыл Ақтөбе облысы әкімдігі басшылығы шешім қабылдады. 2026 жылғы негізгі шаралар Ахмет Жұбановтың 120, Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналады.

Көрнекті өнер иесі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өткізіледі. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жоспарды белгіледі. Мерейтой іс-шаралары көлемді, мазмұнды, тақырыбы, жанры жан-жақты. Ақтөбеде республикалық танымдық-насихаттық конференция шығармаларына арналады. «Бәкір мұрасы — ұрпаққа аманат» ақындар айтысы, «Жүрегім жырлап тұрады» театрлық қойылымы, республикалық ән байқауы өткізіледі. Сондай-ақ, облыс көлемінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады.

Өмірі театрмен байланысты Бәкір Тәжібаев талантты театр сыншысы ретінде әр жылдарда республикалық театрлар сахналарында көрермендер назарына ұсынылған драмалық туындыларға рецензиялық мақалалар жазды.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында үлкен линзалы көзілдірігін киіп, қара көк костюммен өзінің «Ақбұлағын», «Туған жер, өзің дегенде» әндерін орындағанын көргенімде, ерекше шеберлікпен, ешкімге ұқсамайтын мәнермен, тартымды етіп айтқанда ерекше әсер алғаным естен кетпейді.

Ал кейін, 1993 жылы күзде Алматыда М.Әуезов атындағы театрда классик- жазушы Т.Ахтановтың 70 жылдығына арналған салтанатты жиында кездестік, елдің хабарын көбірек сұрады.

Мен үшін Алматы жан мекен, Алатау тұр ғой алып құшаққа — деп «Алматы кеші» өлеңін жазған. Астана болған әсем гүлді, апортты алмалы Алматыда 40 жыл жайлы қоныста тұрды. Шығарма жазды. Өнермен шұғылданды. Әйгілі өнерлілермен бірге жүрді.  Әйтсе де, туған ауылы есінде, жүрегінде. Сағынды. Хабарласып, келіп-кетіп жүрді. Ақтөбеге, Байғанинге. Сонда жырымды Алматыға берсем бе? Өзім ауылда қалсам ба?—  деп толғанды. Ақырында алып Алатау өз құшағына алды. Ақынға ару Алматы мәңгі мекен болды.

1994 жылы қайтыс болып, Алматыда Кеңсай зиратына жерленген. Бәкір қайтыс болар алдында композитор Мыңжасар Маңғытаевқа менің шаруамды Әбішке айтарсың деген екен. Бұны композитор маған айтқан еді. Сөйтіп, ақынмен қоштасу Әбіш Кекілбаевтың пәрменімен Алматы қалалық әкімшілігінің, Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында өткізілді. Оған Ақ-төбеден облыс әкімшілігінің атынан ресми делегация барып қатысты.

Бәкір Тәжібаевтың аты республикада белгілі, өнер мен мәдениет саласында лайықты үлес қосқан қайраткер. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақтөбеде атында көше бар. Байғанин ауданындағы музыка мектебіне 2000 жылы ақынның аты берілді. Мектеп 1971 жылы ашылды. Оны дамытуға мектеп директоры Мырзағали Төлеуов мол үлес қосты.

Сазгер Бәкірдің атақты Қасым Аманжоловтың сөзіне жазған тамаша «Жас дәурен» әні Байғали Досымжановтың орындауында аса әсерлі, мазмұнды шықты, күңіреніп, ойлана, өмірдің үлкен философиясына тереңдеген «Ән мен күй, өлең сені қоя алмаспын» деген өлең жолы Бәкірдің өмірінің мазмұнын, мақсатын айқындағандай еді.

Бәкір ән мен жырдың Ақбұлағы, Еліміздің мақтанышы, шығармашылықтың әр саласында құлаш ұрған сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Оның шығармалары театр сахналарында қойылып, әндері филармония концерттерінде орындалып, ақын-сазгердің атын жаңғыртып тұр.

Бәкір Тәжібаевтың «Әлиясы» мен «Ақбұлағы» бүгінде халық ауызында айтылып, кәсіби әншінің сахнада орындауында ән әлемінде қалықтауда, оның рухани өмірін жалғастыруда.

Еркін ҚҰРМАНБЕКОВ, Ақтөбе облысының Құрметті азаматы. 

 

Басқа материалдар

Back to top button