Референдум•

Команда ұстанымы

№555 референдум учаскесі «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында орналасқан. Бұл ғимарат халық арасында Жекпе-жек сарайы деген атауымен кеңінен мәлім.
Өз учаскесіне азаматтық парызын орындамаққа келген «Ақтөбе» командасының капитаны, Қазақстан Кубогының иегері, волейболдан спорт шебері Зарина Мубаракзянова:
— Мен жаңа Конституцияның мәтінімен алдын ала танысып шықтым. Егер мен спортшы ретінде айтар болсам, бұл негізгі Заңда адами капиталдың құндылығы туралы терең талдануының өзіндік мәні бар деп ойлаймын. Өйткені адам құқығын жоғары қоя білген мемлекетке әрбір азамат адал еңбек етуімен, елдің абыройын қорғауымен жауап береді. Ендеше, менің әріптестерім де Отанымыздың көк байрағының астына құрыштай бірігіп, Туымызды көктен түсірмеуге барлық қажыр-қайратын, қуаты мен шеберлігін жұмсайтынына сенімдімін. Менің жерлестерім көріп, естіп, біліп жүргендей, қазақстандық спортшылар әлемдік додаларда шыңға ұмтылуда. Оған күні кешегі олимпиада ойындарындағы нәтижелер куә болады. Біздің клубымыздың өзі қазір турнир кестесінде бесінші орында тұр. Алдағы уақытта одан да жоғары көтерілетіндігімізге нық сенімдімін. Тағы бір жаңалығымызды жариялай кетейін: жақында Астанада өтетін плей-офф турға қатысамыз. Бұл — біз үшін жаңалық әрі қатаң сынақ.
Бүгін менің командам референдумға қатыстық, өзіміздің азаматтық ұстанымымызды білдірдік, — деді.
Аталған референдум учаскесінде бақылаушы міндетін атқарушы Есенаман Бағжанов былай деді:
— Мен үшін бұл күн аса жауапты. Өйткені оған дауыс беруші ретінде ғана емес, бақылаушы ретінде де қатысып отырмын. Бақылаушының міндеті жөніндегі нұсқаулықпен толық танысып шыққанмын. Мен облыстық олимпиадалық резервтер даярлау орталығы директорының орынбасарымын. Референдум басталған алғашқы сәттен бастап учаскедемін. Келушілер тарапынан ешқандай шағым айтылып жатқан жоқ. Комиссия мүшелері жоғары мәдениеттілікпен жұмыс істеуде.

Т. БҰРХАНОВ.

Басқа материалдар

Back to top button