«Әрбір адам азаматтық ұстанымын білдіруі керек»

Бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров Ақтөбе қаласы Алтын Орда шағын ауданындағы Smart Bilim мектеп-гимназиясы ғимаратында орналасқан №575 референдум учаскесінде дауыс берді.
Спортшы референдумға қатысу әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымының көрінісі екенін атап өтті.
Галиб Джафаров — 2003 жылғы бокстан әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Ол халықаралық ареналарда ел намысын талай рет қорғап, зор жетістікке жетті. Бүгінде қоғамдық іс-шараларға белсенді араласады.
Жерлесіміздің айтуынша, осындай маңызды шаралар мемлекеттің болашағы үшін зор маңызға ие.
— Бүгінгі референдум мемлекетіміздің болашағын айқындауға тиіс. Азаматтар қабылдайтын шешім Отанымыздың келешек тағдырына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан әрбір азамат бүгін өз ұстанымын білдіріп, жалпы қоғам өміріне белсенді түрде қатысуы керек, — деді ол.
Санат РӘШ.



