Басты жаңалықДенсаулық

Ақтөбе облысы: 2024 жыл – ауылдық денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер жылы

Ақтөбе облысының ауыл тұрғындары үшін 2024 жыл бірқатар жағымды оқиғаларымен, соның ішінде медицина саласындағы оң өзгерістермен есте қалды. Жүзеге асырылған жобалар жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау басқармасы  басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев мәлімдеді.

Ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары өңірде 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланғанын еске салды. Жобаны іске асырудың 2024 жылғы бюджеті 21 нысанға арналған 4,2 млрд. теңгені құрады.

«Бүгінгі таңда алғашқы медициналық санитарлық көмектің 10 нысаны тапсырылды, ал қалған 11 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жалғасуда. Жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілуде», — деп атап өтті спикер. 

Сонымен қатар, Ақтөбе облысында үш Ауданаралық орталық аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл ауруханалар Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында, Хромтау ауданының Хромтау қаласында және Шалқар ауданының Шалқар қаласында орналасатын болады. Медициналық мекемелер облыс тұрғындары үшін жоғары білікті медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, 2024 жылы Шалқар аудандық ауруханасы ғимаратының 2-ші корпусын қайта құру жұмыстары сәтті аяқталғанын атап өткен жөн, ол енді балалар оңалту орталығы ретінде жұмыс істейтін болады. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 млрд теңге көлемінде қаражатқа 14 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.

Басқа материалдар

Back to top button