ПОЭЗИЯҒА ЖАНЫ ҚҰМАР ДӘРІГЕР

Азаматтарды ілгері ісіне қарап бағалағанымызбен, олардың ішкі жан дүниесі, рухани бітім-болмысы, адами қасиеттеріне көбіне терең бойлай бермейтініміз бар. Өңіріміздің денсаулық сақтау саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Шалқар, Хромтау аудандарындағы орталық ауруханаларда, Ақтөбе қаласындағы №6 қалалық емханада бас дәрігер қызметтерін атқарған Жексенби Көптілеуов ағамызды уақыт тынысымен үндескен жаңашыл азамат ретінде жақсы білсек те оның поэзияға жаны жақын екенін көбіміз аңғара бермейміз.

Бегімбет ауылдық мәдениет үйінде Жексенби Аққабиұлының осындай өзгеше қырын танытқан мазмұны терең рухани шара өтті. «Мен алу үшін емес, беру үшін келдім» деп, амандасқан абзал жанның «Жатсынба мені, жыр-ғұмыр!» атты жыр жинақтарының тұсаукесер рәсіміне оның ауылдастары ертемен жиналды.

Аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Джуманов өңіріміздің денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған Жексенби Аққабиұлының азаматтық болмысына, дәрігерлік қызметіндегі кәсіби шеберлігіне, елдік мүддеге деген белсенділігіне кеңінен тоқталды.

Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың: «Медицина тәніңді емдесе, поэзия жаныңды емдейді. Бұл қастерлі қос саланың әрбірінің арқалар өзіндік ауыр жүгі бар. Сіз сол үлкен жауапкершілікті қайыспай арқалап, азаматтықтың биігіне көтерілдіңіз. Біз осы болмысыңызды әрдайым үлгі тұтамыз» делінген Құттықтау хатын табыстап,  қазақы жоралғымен иығына шапан жапты.

Жырсүйер қауым бас қосқан шарада Жексенби Көптілеуовтың «Жіңішке — жүрегімнің жерұйығы», «Жатсынба мені, жыр-ғұмыр!» атты қос кітабының тұсауы кесілді. Облыс орталығындағы «Полиграфия»  және «ДаМирИл» баспаларында басылып шыққан жинақтардың тұсаукесер лентасын аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Джуманов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген, еңбек ардагері, жергілікті ақын Өмірзақ Жұмабаев пен автордың досы Серікбай Басығараев қиды.

Салтанатты шарада сахна мінберінен сөз сөйлеген өлкетанушы Жұмабай Асарбаев, еңбек ардагерлері Орынбасар Жаңабергенов, Сәлима Сейітова, Балдырған Башенова, т.б. автордың жаңа кітаптарында жарияланған әрбір өлеңінен туған жер, өскен өлкеге деген сағыныш, ата-бабаға құрмет, достарға ізет, жақсылыққа үндеу секілді адамгершілік абзал өлшемдермен өріліп тұрғандығын жеткізді.

 Рухани әңгімелермен сабақталған кездесуде Айшуақ ауылдық округі орталығындағы Бек Сүлейменов атындағы орта мектеп оқушылары автордың жыр жинақтарындағы өлеңдерін оқып, көрермен ықыласына бөленді. Белгілі күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов кеш иесінің құрметіне арнап Қазанғаптың «Көкіл» күйін тартты.

Жылжып өтіп жатқандай ма жылдарым,

Жастық шағым, қайта мойын бұрмадың.

Жүрген жолды жасырамын несіне,

Сырларымды ақтарады жырларым!

Жырларыма артық сөзді қоспадым,

Маған ыстық кейбір сәт те қас-қағым.

Сендер менің тақырыбым  мәңгілік —

Туған мекен, бірге өскен достарым!, — деп жырлайды Жексенби аға дос туралы бір өлеңінде.  Дос демекші, осы тұсаукесер кешінің төрінен табылған ақтөбелік Алтынбай Әминов, бозойлық Рамазан Таласбаев сынды кішкентайынан бірге өскен достары кітап иесінің балалық шағы, өскен ортасы, ата-анасынан алған  тәлім-тәрбиесі туралы тарқатып айтты. Ғұмырын өлкеміздің денсаулық сақтау саласына арнап, ұзақ жыл Айшуақ дәрігерлік амбулаториясын басқарған 73 жастағы Ықыра Өтебаева өткенге ой жүгіртіп, Жексенби ағаның қызметтегі басшылық қабілетіне тоқталып, «жастайынан елдің басын қосып, ауызбіршілік пен татулыққа ұйытқы бола алған алғыр азамат» деп түйіндеді.

— Мен сексенінші жылдардан бері өзімінің жүрегіме ұялаған ойларымды қағазға түсіруді дағдыға айналдырдым. Тіршіліктегі күнделікті көріністерді сөзбен суреттеп, адамзат баласына деген аяулы сезімдер сүйікті тақырыбым болды. Сөз қастерлейтін, өлең оқитын ел аманда, менің жырларым да жерде қалмайтынына сенемін, — деп, автор салтанатты рәсімге қатысқан барша жерлестеріне алғысын білдірді.

Шара қорытындысында жиналған қауым ақ халат киген ақынжанды азаматтың «Мен алу үшін емес, беру үшін келдім» деген сөзінің нақты куәсі болды. Ауыл үлкендері бастаған жыр кешіне арнайы шақырылған қадірлі меймандар сахнадан сыйлық арқалап түсті. Өз кезегінде ауылдастары да сөз маржанын жиған ұлын ардақтап, кәде сыйға бөлеп, астына ат мінгізді.

«Ей, құм баласы, тыңдашы,

Құмдай ыстық жүрегің!

Бір-біріңді сыйлашы,

Жіңішке құм — тірегің!», деп жырлаған Жексенби ағаның  бұл мәрттігінің артында сыйластық һәм туған жерге деген ыстық сезімнің оты алаулап тұрды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, «Шалқар».