БАУ-БАҚШАНЫ ЖАЙҚАЛТҚАН АРДАГЕРЛЕР

Ала-жаздай Шалқар көлі жаныңа сая болса, күзде оның берер ырысы мол. Көл маңына ерте көктемнен бау-бақша салып, ризыққа кенелетіндер жыл санап көбейіп келеді. Қазірдің өзінде жиырманың үстінде шаруа қожалығы жиекте бақшаның жасыл желегін жайқалтып, кәсіптерін ілгерілетіп отыр. Сонау кеңестік кезеңде бұл жағалауда қала тұрғындарына ортақ — «Аэропорт» саяжайы болыпты. Тұрғындар оған көкөніс егіп, жаздай баптап өнімін алады екен.

Еліміз Тәуелсіздік алған тұстағы оңтайландыру саясаты, одан қалды берегіректе көлге көктем мезгілінде құйылар судың тапшылығы саяжай тынысын тарылта бастайды. Бұл жерге тартылған су құбырлары, қоршаулар кейіннен талан-таражға түсіп, бақша алқабы бірте-бірте жайдақ жерге айналады.
Дегенмен соңғы уақытта осы жерді кәдеге асырып, ортақ игілікке жаратуды бірқатар азаматтар бірігіп қолға алды. Сөйтіп, жан-жаққа қоныс аударып кеткендерге тиесілі жер телімдері қайта заңдастырылып қазір жүйеге келтіріліп қалды.
— Бұл шаруаны негізі 2007 жылдан бастап қолға алдық,—дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев. Оның айтуынша, аталмыш жер телімі қазір реттеліп, соңғы 3 жылдан бері «Аэропорт»ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі болып қайта құрылған. Бұнда көктемде дән тастап, ала жаздай баптап жүргендердің дені — ардагерлер. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданымызға өткен маусым айында келген сапарында осы кооперативке арнайы соғып, шаруаның басында жүрген зейнеткерлермен тілдесіп, жастарға үлгі болар бастамаларына ризашылығын білдірген еді.  
— «Не ексең, соны орасың»,— дейді халқымыз. Ұғынғанға бұл жалпы адамзатты еңбекке шақырған мағынасы терең сөз. Осында еңкейіп жұмыс істеп жүргендердің алды сексеннен асты, кейінгілері зейнет жасына жеткендер. Уақытымызды пайдалы іске жұмсап, бойдағы еңбекке ынтызарлық қасиеттің жас талғамайтынын жастар ұғынсын деген ниетпен осы бақша жұмысына атсалысып жүрміз. Күннің қызуы қайта бір мезгіл келіп суарып, арам шөбін жұлып қайтамыз. Бір-бірімізді көріп, далалықта емін-еркін шүйіркелескеннің өзіне не жетсін!? Жас ұлғай-ғанда дене қимылын жиі жасау керек, оған осы жұмыстар сұранып тұр емес пе, — дейді бүгінде сексенді еңсерген Қалабай Нұрмашев ақсақал. Осы ретте көкөніс алқабының өнімді болуына тынбай атсалысып жүрген азаматтардың бірі — Мұқан Башбаевтың да есімін атап өткен жөн.
 Қазір көлден  бақша алқабына су тоқтаусыз келіп тұр. Жайқалған жасылдың арасынан піскен өнімдерді де көз шалады. Еңбек ардагерлері Қалабай  Нұрмашев, Аманғали Төлебаев, Қуанышбай Князбаевтар аталған кооперативтің қайта жандануына соңғы жылдары ауданды басқарып, қазірде халық сенімін арқалап Елорда асқан Бауыржан Қаниевтің көмегі көп болғанын айтады.
— Бұл ретте Бауыржан Нұралы-ұлының қолдауын айтпай кетуге болмайды. Оның қолдауымен кооператив жері қоршалып, арыққа дейін көлден су тартылды. Жалпы ол кісінің ауданға жасаған жұмыстарын оң бағалаймыз, алдағы қызметіне тек сәттіліктер тілейміз. Ендігі кезекте шалқарлықтарға ортақ — жол қатынасы, Шалқар көлінің алаңдатарлық ахуалы сынды өзекті мәселелерді  жоғарының назарына салады деп ойлаймыз, — дейді ардагерлер.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.