МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ МӘНІ ЖОҒАРЫ

Мәдениет саласында оңды өзгерістерді қалыптастыру — ел өркениетінің бір көрінісі. Сондықтан да, Үкімет назарынан бұл сала тыс қалмай, үнемі шығармашылық ортаға серпін беріліп отырады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауы негізінде үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бұдан да өзге осы саланы ілгерілетуге арналған тиісті бағдарламалардың жұмысы қанатын кеңінен жаюда.
Шалқар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне аудандағы жалпы мәдениет үйлері, клубтар мен кітапханалар және АХАТ (азаматтардың хал актілерін тіркеу) бөлімі қарайды.
Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйіне қарасты 4 мәдениет үйі мен 8 клуб бар. 2018 жылы Байқадам ауылдық Мәдениет үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті аппаратура, жиһаздармен қамтамасыз етілді. 2019 жылы Бегімбет ауылында клуб салынып, пайдалануға берілді. Енді Тоғыз ауылдық округінің орталығына жаңа клуб ғимаратын салу көзде-ліп отыр.
Аудан бойынша мәдениет үйлер мен ауылдық клубтарда барлығы — 31 үйірме жұмыс жасайды. Үйірмелерге 368-ге жуық мүше тартылған. Соның ішінде жастардың мәдени демалысын ұйымдастыру және ұлттық өнерді насихаттау бағытында Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйі жанынан би, драма, күй, эстрада үйірмелері жұмыс жасайды. Аталған үйірмелер өз жетістіктерімен елімізге танылуда.Солардың бірін атап өтер болсақ, драма үйірмесі балалармен де, ересектермен де жұмыс жасайды. Жасалған жұмыстың нәтижесінде әуесқой халық театрымыз 6 мә-рте облыстық байқаудан жүлделі Гран-приді жеңіп алды. Жүлделі орындарға ие болған әр қойылымдарда үлкен-кішінің де өлшеусіз еңбектері бар. Әрине, бұл әрбір үйірмеге қатысушының ішкі талантын аша білудің арқасында қол жеткізілген табыс. Ауылдық клубтар жанынан «Домбыра», «Вокал», «Эстрада», «Дәстүрлі ән» т.б. үйірмелері өз жұмыстарын жасауда.
Рухани азықтың ордасы — кітапхананың адамзат өмірінде алар орны ерекше. 2000 жылдан бергі кезеңде ауданның мәдениет саласының даму жоспары негізінде әр жылда 3 кітапхана ашылып, қазіргі таңда «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі құрамындағы 21 кітапхана аудан тұрғындарына қызмет етеді. Қалада 6 кітапхана болса, ауылдық жерлерде15 кітапхана бар. Бүгінгі таңда аудан бойынша 200 мыңнан астам кітап қоры болса, оны оқитын оқырмандар саны 19 мыңға жуық. Жыл басынан бері аудан кітапханалары жалпы саны 3 мың 525 кітап қорымен толықты. Заман талабына сәйкес бүгінде кітапханада ақпараттық орталыққа айналды. Аудандық орталық кітапхана жанынан былтырғы жылы заман талабына сай жабдықталған «Коворкинг» орталығы ашылды. Бұл орталықтың мақсаты — оқырмандардың кітаппен сусындауына қолайлы жағдай туғызу.
Жалпы 14 кітапхана компьютерлендірілді. Оның ішінде аудандық балалар кітапханасы, қалалық №1 кітапхана, Байқадам, Қауылжыр, Мөңке би, Шілікті, Ақтоғай, Жылтыр, Біршоғыр ауылдарындағы кітапханалар модельді жүйеге енгізіліп, заман талабына сай қызмет көрсетуде. Қалған 11 кітапхананы заманауи технологиялармен жабдықтау алдағы уақыттарда қолға алынатын болады. Сондай-ақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде әдебиетті оқырманға беруден бастап, жүйелі түрде ғылыми-практикалық конференциялар, байқаулар, семинар-тренингтер, кештер, көрмелер, дөңгелек үстелдер және т.б. мәдени-көпшілік шаралар белсенді түрде ұйымдастырылып тұрады. Атап айтқанда, аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен жылдың соңында ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Жазушылар, Журналистер одақтарының және Қазақ Авторлар қоғамының мүшесі, бірнеше жыр кітаптарының авторы, жерлес ақынымыз Гүлсамал Аймаханованың «Елінің ерке Еңлікгүлі» атты шығармашылық кеші өткізілсе, биылғы жылдың басында өлкеміздің тарихын зерделеп жүрген өлкетанушы, филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асанұлының 70 жасқа толуына орай «Талмас талап, биік мұрат иесі» тақырыбында ауқымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Есімдері елімізге танымал өзге де жерлес тұлғалармен жоспарланған айтулы кездесу кештерін биылғы орын алған төтенше жағдайға байланысты алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
Аудан кітапханашылары оқырмандармен үнемі тығыз байланыс орнатып отырады. Сондай-ақ, олардың бәсекелестік ортада бағындырған жетістіктері де баршылық. Мәселен, өткен жылы аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Айнұр Серімбетова облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы ұйымдастырған «Ерекше оқырман кітапханашысы» байқауына қатысып, III дәрежелі дипломға қол жеткізді. Ал Жылтыр ауылдық кітапхананың кітапханашысы Рауан Мұханбедиярова С.Бәйі-шев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Үздік жас кітапханашы — 2019» облыстық жас кітапханашылар байқауында өз бағын сынап, «Кітапханалық инновациялар көшбасшысы» номинациясымен марапатталды. Осы жылы аудандық орталық кітапханананың қызметкері Күнім Досболқызы Абайдың — 175 жылдық мерейтойына арналған Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет мекемелері арасында ұйымдастырған «Абай оқулары — 2020» байқауына қатысып, ІІ дәрежелі Дипломды иеленді.
Жалпы мәдениеттің майданында еңбек етіп жүрген әріптестеріміз биылғы жылы да үлкен жетістектерді бағындырып, аудан мерейін асқақтатты. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінің режиссері Айгүл Муытова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Өз тарапымыздан төл мерекемізге орай арнайы шара ұйымдастырылып, онда әріптестерге аудан әкімі атынан және бөлім атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.
Мемлекеттік қызмет көрсетуде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін АХАТ бөліміне өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қаламыздан ашылған «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан бөлмелер берілді. Арнайы жабдықталған неке қию залында жас отбасылар өздері-нің неке қию куәліктерін салтанатты түрде алуға жағдай жасалған.
Адам өміріндегі кейбір маңызды жағдайлар азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде заңдастырылып рәсімделеді, яғни АХАТ бөлімінің негізгі қызметі — азаматтық хал актілерінің барлық түрлері бойынша туу, неке, қайтыс болу, тегін өзгерту, әкелікті анықтау, бала асырап алу, акт жазбаларын жүзеге асыру, яғни осы құжаттарды тіркеу, құжаттарын өтініш берушілерге тапсыру. Сонымен қатар азаматтық хал актілеріне толықтыру, өзгерту, түзету енгізу, акт жазбаларды қалпына келтіру және жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша да мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.
Жоғарыда аталған жұмыстар негізінде мемлекеттік қызметте жақсы көрсеткіштер көрсеткендері үшін сектор меңгерушісі А.Ибрашева мен бас маман Ж.Үмбетов өткен жылы ҚР Конституциясы күніне орай Ақтөбе облыстық Әділет Департаментінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазақ тілі — қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев республикамыздағы белді басылымдарға берген сұхбатында: «Мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл — ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі — халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп, төл тіліміздің келешегі хақында орамды ой айтқан болатын.
Осы орайда Шалқар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы жұмыс жоспарына сәйкес, мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін арттыру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында мәдени көпшілік іс-шаралар кешені жүйелі жүргізіліп келеді.
ҚР Тіл туралы Заңында ономастика саласының орны айырықша. Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіруде ең алдымен елді-мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне, нысандарға атау беру және қайта атау, оларды жүйеге келтіру болып саналады. Бұл салада үнемі түсіндір-ме жұмыстары жүргізіліп тұрады. 2019 жылдың соңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ономастика саласын біріздендіру негізінде ел тұрғындарына ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі дайындалып, ҚР Президенті Әкім-шілігінің 2019 жылғы тапсырмасымен мақұлданды. Алдағы уақытта осы тапсырма ономастикалық жұмыс барысында атау беру мен қайта атау кезінде басшылыққа алынатын болады.
Сонымен қатар қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы тапсырма негізінде де ауданда бірнеше шаралар ұйымдастырылып келеді. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанға дейін латын әліпбиіне көшу бойынша түсіндірме жұмыстары ретінде бірнеше іс-шаралар өтсе, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін іс-шаралар қатары әлеуметтік парақшаларда онлайн форматында өтті. Латын әліпбиіне қатысты шаралар жалғасын табады және жаңа нұсқасы толық жетілісімен атқаратын жұмыстарды одан әрі жандандыратын боламыз.
Үстіміздегі жыл айтулы даталарға толы. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Әбу Насыр Әл-Фарабидің — 1150 жылдығы, Алтын Орданың — 750 жылдығы, Ұлы ақынымыз Абайдың — 175 жылдығы, ҰОС Жеңісіне — 75 жыл, ҚР Конституциясына және Қазақстан халқы Ассамблеясына — 25 жыл толуына орайластырылған шараларды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі еліміздегі шектеулерге байланысты онлайн форматта өткізу-ді қолға алды.
Қандай да өркениетті қоғамды мәдениеттен бөлек қарауға болмайды. Сондықтан да бұл бағытта алда жаңашылдықтар іркіліссіз туындап, шығармашылықтың шабытты лебі есе берері сөзсіз.

Қамбар БҰХАРБАЕВ,
аудандық мәдениет
және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы