«Жұбанов керуені» ауданымызда болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажеттілігі туралы айтылған. Осыған орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы ауданымызға «Жұбанов керуені» іссапарымен келді. №8 орта мектебінің базасында ұйымдастырылған кездесуге мұғалімдер, ата-аналар, ардагер-ұстаздар және 11-сынып оқушылары қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев облыс орталығынан келген қонақтарға аудан басшылығы атынан алғыс айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми және инновация жұмыстары жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров университеттегі белсенді 47 студенттің ата-аналарын және осы оқу орнын бітірген 22 түлекті марапаттады. Ауданымыздағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1 оқушыға және аз қамтылған көп балалы отбасынан шыққан 4 оқушыға университетте оқуға грант сертификаты табысталды, сонымен қатар 3 оқушыға университеттің 25 пайыз жеңілдік сертификаты берілді. Мектеп түлектеріне шеберлік сабағы өткізілді және де 12 оқушыға ынталандыру сыйлықтары берілді. Аудандағы инклюзивті білім беретін 25 мұғалімге тегін ақысыз семинар өткізіліп, сертификаттар табысталды.
Осы шара аясында Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кәсіби-шығармашылық факультеті музыка және хореография кафедрасының, №8 орта мектебінде көркем еңбек және дизайн кафедрасының, В.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дене шынықтыру және спорт кафедрасының филиалдары ашылды.

Айдана Нағашыбай,
ауданның білім бөлімінің әдіскері.