АНАҒА ТАҒЗЫМ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Еліміздің Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында қаламыздың Әйтеке би көшесінің бойынан «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Қайта түрленіп, жаңаша кейіпке енген екі қабатты жаңа ғимараттың ішінде аталған орталықтың дәстүр залы, жастар ресурстық орталығы, жұмыспен қамту орталығы, Шалқар ауданының қоғамдық даму қоры, салтанатты неке қию залы, азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі, «Құралай» қыз жасауы тігін шеберханасы, «Озат» оқу орталығы, сұлулық салоны, фотостудия орын тепкен.
Ана — тіршілік бастауы, адамзаттың тәрбиешісі. Сондықтан аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің бастамасымен аталған орталықты салу қолға алынған еді. Шалқар ауданында ашылған «Анаға тағзым» орталығы барлық аналарға үлкен сый болды.
Орталықтың ашылу салтанатында алғаш сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында барлық аналарға құрмет көрсету мақсатында игі бастаманың жүзеге асып отырғанын айтты. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлемге танылуына асыл аналарымыздың қосқан үлесі өлшеусіз. Әйел — ана, әйел — өмір, әйел — тіршілік көзі. Өмір бесігінде сәбиін тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, тұғыры биік.
Аудан әкімі ауданымыз үш жыл қатарынан жылды жарты миллиард теңге пайдамен аяқтағалы отырғанын айтты. «Соның арқасында осындай елге қызмет істейтін ғимараттар пайдалануға берілуде. «Анаға тағзым» орталығында орын тепкен кәсіпкерлер халыққа 15-20 пайыз жеңілдікпен қызмет істейтін болады. Оның есесіне бұл азаматтар коммуналдық қызметтерден жеңілдіктер алады. Ана — әрбір шаңырақтың, сондай-ақ туған Отанымыздың тірегі. Сондықтан да аналарға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Бұл орталығымыз елдің бірлігін насихаттайтын, жастарымызға тәрбие беретін орын болсын», — деді. Және осы орталық ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, аналарға тарту еткен мердігер «Алихан Ойл 3» ЖШС директоры Зулхуза Қожаевқа Алғыс хат тапсырып, сый-сияпаттар тарту етті. Өз кезегінде З.Қожаев елдің қуанышына айналған «Анаға тағзым» ғимаратының құрылысын жүргізгеніне қуанышты екенін жасырмады, көпшілікке құтты болсын айтып, алдағы уақытта да осындай игі істерге атсалысуға дайын екенін білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мерейлі мереке қарсаңында еліміздің нығаюына ерен еңбек етіп жатқан Шалқар халқына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің сәлемін жеткізді. Ашылғалы отырған ғимараттың аналарға деген құрметіміздің, сүйіспеншілігіміздің белгісі екенін әңгімеледі және болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие көрсететін орталық болатынына тоқталды. Биылғы жылы Шалқардың «Үздік ауыл шаруашылығы ауданы» атанғанын еске салды. Осы салаға көптеген азаматтар қаражаттарын салып, бизнестерін дамытып жатқанын айтты. Мәселен, осы сапарында «Шалқар кір сабыны» және «Ақтөбе саумалы» ЖШС Шалқар қаласындағы шұбат өңдеу цехтарында болып, игі жұмыстарының куәсі болғанын, осы салада облыс орталығында да көптеген үлкен жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталды. «Облысымызда әр мейрам сайын осындай әлеуметтік ғимараттардың көптеп тапсырылатынын, бұның өзі еліміздің қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді. Алдағы жылы Шалқар ауданының инфрақұрылымын: жол салу, жарықтандыру, т.б. дамыту үшін 1 млрд. теңге бөлініп отыр», — деді.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Данағұлов: — Баршамызға Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Қазақ елі мәңгілік елге айналды, ол ақиқат. Біз биліктің партиясы емеспіз, билеуші партиямыз, — дей келе атқарушы орган мен партияның қай уақытта да бір екенін, «Nur Otan» партиясының — халықтың партиясы екенін айтты. «Аналар үшін ашылып жатқан ғимарат құтты болсын, барлығымыз анадан тудық, ақ жаулықты әжелеріміз бен аталарымыз аман болсын, қасиетті Шалқар елі дами берсін!» — деді.
Бұдан соң тыл ардагері, көпті көрген ақсақал Оразбай Әділбаев көпшілікке ақ батасын берді. Ғимарат лентасын қию құрметіне ардагер-ұстаз Бөпей Көрпебаева мен аудандық сот төрағасы Оралбек Бақтыгереев ие болды. Шашулар шашылып, қонақтар «Анаға тағзым» орталығының ішін аралап, онда орын тепкен мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржангүл Бекетова қонақтарды аналардың дәстүр залымен таныстырып, осындай орталықтың ашылуына үлкен қолдау көрсеткен аудан әкімі Бауыржан Қаниевке алғысын білдірді. Сонымен қатар осы дәстүр залында сәбилердің тұсаулары кесіліп, оларға қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев батасын берді.
Қонақтар шаңырақ көтеріп жатқан жас отау иелері Нұрдәулет Жалғасбай мен Аймерей Сәмиғұлланың неке қию рәсімінің куәсі болды. Жас жұбайларды облыс әкімінің орынбасары А.Бердалин мен аудан әкімі Б.Қаниев құттықтап, жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайларға ақ жол тіледі.

Қыдыралы ӘЛИН.

АНАҒА ТАҒЗЫМ ОРТАЛЫҒЫ