Жас әншілер Шәмші әндерін шырқады

Елбасымыздың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына орай және «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жастар арасынан жаңа таланттарды табу мақсатында Тоғыз ауылдық округі әкімінің қолдауымен және ауыл клубының ұйымдастыруымен ғұмырын өз ұлтының рухани кемелденуіне арнаған көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен «Ән падишасы — Шәмші» атты байқауы өтті.
Оған Айшуақ, Ақтоғай, Жаңақоныс, Кішіқұм, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінен жас әншілер қатысып, олар екі кезең бойынша сынға түсті. Аудан бойынша 12 ауылдық округтер арасында өткізілген бұл байқауға қатысушы жас әншілердің жанды дауыста ән орындауы, сахна мәдениетін ұстауы және сахналық киім үлгісін сақтауы бағаланды.
Қорытындысында Ақтоғай ауылдық округі I, Айшуақ ауылдық округі II, Тоғыз ауылдық округі III орындарды иеленіп, ауылдық округ әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Мырзахан Тажиев,
аудандық жастар ресурстық орталығының маманы.