Мәдениет

Жылтырдағы жылы жүздесулер

Туған жеріңе жасаған азды-көпті еңбегіңді ескеріп,  есіміңді ардақтап жатса, адам баласына бұдан артық қуаныш жоқ екен. Оның ішінде балдәурен кезінде белін буып, болашағына жол сілтеген шәкірттерің бар ықыласымен ұйымдастырушылық істің басында толайым тік жүрсе, ұстаз ретінде өзің де бір марқаясың. Қандай да үлкен шаруа   жалғыздың қолынан келмейді, оған  көптің көмегі, ел азаматтарының қолдауы ауадай қажет боларын жақсы білеміз. Биылғы жылдың  қараша айының орта шенінде менің құрметіме арналған бокстан халықаралық турнир ұйымдастырылды. Шалқар қаласында өткен дүбірлі додаға Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және өз еліміздің іргелі облыстарынан боксшыларымыз қатысты.

Бұл турнир — ауданымыздағы спорт саласының дамуына тың серпін берген, жас буынның спортқа деген құлшынысын еселеген маңызды оқиға болды. №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Аслан Нұрмағанбетов пен мектеп ұжымының ұйымдастырушылық шеберліктері мен жауапкершіліктері арқасында турнирдің әрбір кезеңі жүйелі түрде, жоспар бойынша жүргізілді. Спортшыларға, бапкерлерге, қонақтарға жасалған жағдайлардың барлығы жоғары талаптарға сай ұйымдастырылған. Осы шараның табысты өтуінде мектеп ұжымының бірлігі, әріптестік рухы мен кәсіби біліктілігі айқын көрінді. Спорт мектебі мен аудан әкімдігінің үйлесімді жұмысының арқасында жарыс жоғары талаптарға сай, халықаралық стандартқа сәйкес  жүзеге асты.

Осындай игі істердің басында жүрген аудан әкімі  Жанболат Жидеханов бастаған азаматтар да өздерінің спортқа жанашыр, қолдаушы басшы екендігін көрсете білді. Халықаралық турнир өткізу — тек спорттық шара ғана емес, ол ауданның имиджін көтеруге, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, талантты шәкірттердің қанатын қатайтуға зор ықпал ететін маңызды бастама. Шалқар өңірінен шыққан спорт сүйер қауымға, жас спортшыларға мұндай дәрежедегі жарыстардың моральдық әрі кәсіби маңызы орасан.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Қамбар Бұхарбаев басшылық ететін бөлім тарапынан бокстан өткен   халықаралық турнирді ұйымдастыруға көрсетілген жан-жақты қолдау мен жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары үйлесім тапты.

Осы күндері туған ауылымыздағы Т.Шанов атындағы орта мектепте спорт майталманы, өмірден ерте өткен ұстазымыз Радж Жайлаубаевтың құрметіне спортзалға есімі беріліп, шәкірттері мектепке спорттық ойын құралдарын сыйға тартты. Шараның жоғары деңгейде өтуіне мектеп директоры Медет Мәуленұлының, орынбасарлары Бержан Жеткергенұлы мен Гүлшат Құлекенқызының ұйымшылдығы мен жауапкершілігі, ұжымның ауызбіршілігі сеп болды.

Бұл мектеп — менің өмірлік жолымды қалыптастырған, саналы да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуге жол ашқан қасиетті қара шаңырақ. Осы білім ордасында өткізген жылдарым — ауылдың болашақ буынына арнаған еңбегімнің ең құнды кезеңдері. Өскелең буын рухты, еңбекқор, білімді болсын десек, мектеп пен ұстаз қадірін ардақтау — ең асыл міндет. Сондықтан барлықтарыңызға шынайы алғысымды білдіре отырып, мектеп ұжымына табыс, шығармашылық шабыт, биік белестер тілеймін. Жастарға берер тәлімдеріңіз артып, білім ордасының абыройы әрдайым биіктей берсін.

Шалқар ауылдық округі әкімі аппараты мен ауыл әкімі Бек Тілеулесовтің де еңбегін атап өткім келеді. Бек Молдағалиұлының ауылды дамытуға бағыттаған  жұмыстары, халықпен етене араласып, ауыл өміріне жанашырлықпен қарауы — осындай шараларда айқын көрініс тапты.

Әкімдік ұжымының ұйымдасқан жұмысы, мәдениеттілігі, тұрғындарға деген ілтипаты ауыл беделін арттырып жүр.

Жылтыр  ауылдық мәдениет үйінің директоры Алпысбай Тілеубаев, ұйымдастырушы Мұрат Ілиясов, әдіскер Жаңагүл Аманғалиева бірлесе отырып, ерекше ықыластарымен дайындаған мәдени бағдарлама — ауыл халқының дәстүрге деген махаббатын, өнерге деген құрметін айшықтап қана қоймай, турнирге арнайы келген қонақтардың жүрегінде зор әсер қалдырды.

Жергілікті өнерпаздарды біріктіріп, әрқайсысының шығармашылық қабілетін аша білу, ауылдың рухани байлығын көрсетіп, ұлттық болмысын паш ету — кәсібилік пен үлкен шеберлікті қажет ететін жұмыс.

Ауыл кешінің сәнін келтірген керемет шара мәдениет үйіндегі мерекелік концертпен жалғасты. Онда жерлестеріміз Айбек Тәкібаев, Гулфайруз Қасен әсем әндер орындап, ауылымыздан шыққан өнер қайраткері Нұрлыбек Жұбатқан да «Екі езу» театрының өнерін ортаға салды. Айтыскер ақындарымыз Аян Сейітов, Қайнар Алагөзовтер ән-жырларын арнаса, жас әнші Мади Қадыровтың осы ортадан көрінуі — ауылға ерекше қуаныш сыйлады.

Екі күнге созылған турнир барысында  спортқа жанашыр маман иелерінің және елім деп жүрегі соққан азаматтардың арамызда жүргенінің анық куәсі болдық.  Турнирдің сәтті өтуі арқылы ауданымыздың атын халықаралық аренада танытудың, жас спортшыларға тәжірибе жинаудың, олардың спортқа деген қызығушылығы мен жігерін арттырудың маңызды мүмкіндігі туды. Сіздердің көрсеткен қолдауларыңыз арқылы ұйымдастыру тобы барлық деңгейде іс-шараны үйлестіріп, спортшылар мен қонақтар үшін ыңғайлы жағдай жасай алды.

Бұл шараның сәтті әрі мазмұнды  өтуіне шәкірттерімнің де белсенділігі себепші болды деп тағы да баса айтқым келеді. Соның ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асырған Айбек Тәкібаев, Бекболат Бекжанов, Данабек Өтешов, Еркебұлан, Саят Тұрымовтар,  Нұрбол, Рауан Қасеновтер, Сырым Ізтілеуов, Ернұр Сабанбаев, Ернұр Жұмабаев сынды шәкірттерімнің есімін атап өтуді жөн санадым. Әр шәкірттің жетістігі — ұстазына үлкен абырой.

Жалпы осы игі шараның  өтуіне қолғабыс жасаған  барша қауымға ерекше алғысымды білдіремін.

Қайырғали  НАЗАРОВ, Ақтөбе қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button