Мектеп мұражайы ашылды

№2 мектеп-гимназиясынан мектепішілік мұражай ашылды. Оған осы мектептен түлеп ұшып, көпке танылған азаматтардың шығармашылық жинақтары мен құнды құжаттары топтасқан. Сонымен қатар, салт-дәстүрімізден сыр шертетін қазақ халқының ертедегі тұрмысында пайдаланған бұйымдарды да сөрелерден көруге болады. Алдағы уақытта мектеп-гимназия ұжымы мен ата-аналар қауымы бірлесіп, мұражайдың қорын толықтыруды мақсат етуде.
Ашылу салтанатына қатысқан ауданның білім бөлімінің басшысы Аянберген Башанов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Шынықұлқызы ұлт руханиятымен үндескен дәстүрлі бөлмеден шәкірттеріміз зор тағылым алатынына сенім білдіріп, жақсы бастаманы жүзеге асырған педагогикалық ұжымға алғыстарын білдірді.
Осы білім қабырғасынан түлеп ұшқан «Қамқор вагон» ЖШС Шалқар вагон жөндеу депосы филиалының директоры Нұрым Әлжановтың осы мұражайдың ашылуына үлкен демеушілік жасағандығы айтылды.
Шағын мұражай өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа бағдар беретін рухани орын. Мектеп-гимназия директоры Айгүл Шалабаева атадан мирас болған жәдігерлер қатарын толықтырып, мұражай жұмысын дамытуға шараға жиылған барша жұртшылықты шақырды.
Қазыгүл Дүйсенбайқызы, №2 мектеп-гимназиясы.



