Үш ауылға көгілдір отын берілді

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Бершүгір ауылдық округінің тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Округ аумағындағы Бершүгір, Сарысай және Алабас ауылдарына көгілдір отын беріліп, тұрғылықты халық тұрмыстың бір бейнетінен құтылды. Осы тарихи сәттерге ауылдың үлкен-кішісі бірдей жиылды.
Аталған жоба облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылды. Газ желілерінің құрылысын «Ерзат» өндірістік кооперативі жүргізген.
Көгілдір отынның қосылуы ауыл халқының тұрмысын жақсартпақ. Енді бұрынғыдай көмір мен отын тасымайды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Дәулетов және ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі көгілдір отынның берілуі маңызды оқиға екенін атап өтті.
— Бүгін — Бершүгір ауылдық округі үшін ерекше әрі тарихи күн. Табиғи газдың қосылуы — Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуының бір көрінісі. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді, — деді аудан әкімі.

Осы айтулы сәтте өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіруге асыққандар қатары аз болмады. Ауыл тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагерлері Қуандық Наурызбаев, Жалғас Өнешбай, Серікбай Боранов, Аққали Сәрсеновтер тәуелсіз мемлекетіміздің оң саясатының нәтижесінде кешегі кезде әлеуеті құлдыраған ауылдардың тамырына қайта қан жүгіріп, өркениетке ұмтылыс жасалып жатқандығын зор сеніммен жеткізді. «Көгілдір отынға қол жеткізген ауылдарда енді әр сала бойынша ілгері қадамдар жасалу заңды құбылыс», деп келешекке сенім артты.
Шалқар ауданы бойынша бүгінде газдандыру деңгейі 88,5 пайыздан 92,1 пайызға дейін өсті. Ал табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болғандар саны 38,7 мың адамға жетті. Қазіргі таңда аудандағы 30 елді мекеннің 12-сі көгілдір отынмен қамтылған.
Өз тілшімізден.


