Әлеумет

Жаңа жолдау — жаңа белес

Осы жылдың 28 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында елдің экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай жаңа кезеңнің сын-қатерлеріне бейімдеужөніндегі міндеттерді белгіледі.

Жолдаудың саяси мәнінің бірі — Қазақстанды технологиялық дамыған әрі әділетті мемлекетке айналдыру. «Ең алдымен сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. Бұл — ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек» деп қоғамда жаңа этика қалыптастыру, әділдік пен адалдықты арттыруға назар аударғаны байқалады.

Әрине, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, елдің өмір сүру сапасын жақсарту, инфляциямен күрес халықтың табысын арттыру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау сияқты бірқатар маңызды міндеттер де қойылды. Президент инфляцияны «азаматтардың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіріп отырған үнсіз жау» деп атады. Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенімен, деңгейі әлі де жоғары екені атап өтілді. Осы тұста Мемлекет басшысы Үкіметке алдымыздағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру, мемлекеттік жәрдемақылардың шын мұқтаж азаматтарға ғана тағайындалуын қайта қарау тапсырылды. Бұл әлеуметтік сала бойынша алға басқан нақты қадамдардың бірі.

Жолдауда технологиялық даму мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізу, артық рәсімдер мен қағазбастылықты қысқарту — жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында бағытталған. Қазақстанда жарияланған «Жасанды интеллект жылы» осы бағыттағы өзгерістердің маңызын айқындай түседі.

Шалқар аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының қызметкерлері Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы тыңдалып, дөңгелек үстел барысында талқыланды. Әрбір азаматтың белсенділігі, білімі мен жаңашыл көзқарасы Қазақстанның өркендеуіне үлес қосады. Еліміздің дамуы жолындағы бірлігімізді нығайту, ортақ мақсатқа жұмыла қызмет ету — білімді, белсенді және жауапты жастардың қолында.

Г. МУСАГАЛИЕВА, Шалқар аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button