Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, алға нық қадам жасауда — Президент

АСТАНА. KAZINFORM –Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екеніне назар аударды.
– Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы – өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент осы орайда Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылғанын ерекше атап өтті.
– Бұл аллея мызғымас бауырластығымыздың символына айналады деп сенемін. Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес күрделене түсті. Мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсерін тигізуде. Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қосыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



