Қазақстанда ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі ұлғаяды

Елімізде аграрлық саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі ұлғайып, отандық ауыл шаруашылығы техникасын жасауға қолдау күшейтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруылардың ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, мал шаруашылығын қолдау және отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
2026 жылы «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы ұзақ мерзімді қарыз беруге 270 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар мал шаруашылығын қолдауға 84 млрд теңге, ал отандық ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамыту үшін «ҚазАгроҚаржы» арқылы бюджеттік несие беруге 50 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр.
«Шаруаларды ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыру үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаражатты ұштастыру тетігі көзделген. Бұл ұзақ мерзімді қаражаттың қолжетімділігін арттырып, қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаржы жеткіліксіз болған жағдайда да уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастырып, оны агроөнеркәсіп кешеніне несие беруге бағыттауы қажет», деді министр.



