Конституция

Конституция — ел бірлігінің негізі

Жаңа Конституция — мемлекет пен қоғамның одан әрі даму бағытын айқындайтын, құқықтық жүйенің сапа деңгейіне көтерілуіне негіз болған стратегиялық маңызы бар құқықтық құжат. Жаңартылған Ата Заң қоғамдық қатынастарды қазіргі заман талабына бейімдей отырып, әділеттілік және адам құқығын қорғау қағидатын жаңа мазмұнмен толықтырды.

Конституцияның приамбуласында тәуелсіз еліміздің өткен жолы мен бүгінгі даму бағдары өзара сабақтастықта баяндалған. Мұның өзегінде халықтың тарихи тәжірибесі, ұлттық пайым-парасаты және заңға деген құрмет мәдениеті жатыр. Қазіргі геосаяси жағдайда кез келген тәуелсіз мемлекет үшін егемендік пен аумақтық тұтастықты сақтау, конституциялық құрылымды нығайту — басты басымдықтың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заң — қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің берік тірегі.

Ата Заңда адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау мәселесіне ерекше мән берілген. Әр адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, жеке өмірінің қорғалуы, заң алдындағы теңдігі, әділ сотқа жүгіну, пікір білдіру және шығармашылық еркіндігі сияқты қағидалар Конституция деңгейінде бекітілген.

Конституция — әр азаматтың құқығы мен міндетін айқындайтын, қоғамдағы өзара жауапкершіліктің шегін белгілейтін негізгі заң. Сондықтан Конституцияны білу, құрметтеу және оның талаптарын сақтау — әділетті мемлекет құрудың басты шарты әрі әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Асыл Смағұлова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Құқықтану» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты

Басқа материалдар

Back to top button