Конституция – ел болашағының бастауы

Конституция жай ғана заңдар жиынтығы емес. Ол халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын, отбасының бірлігін, ұрпақ тәрбиесін және адам өмірінің қадірін айқындайтын басты құжат.
Көпбалалы ана ретінде мен үшін ең маңыздысы — балаларымның амандығы, отбасының берекесі және олардың жарқын болашағы. Әрбір әйелдің бақытты болуы, әрбір баланың мейірімге бөленіп, дұрыс тәрбие алуы, яғни, бақытты отбасы — мықты мемлекеттің негізі. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне бәріміз бірге көңіл бөліп, ата-бабадан қалған асыл құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға аманаттай білуіміз керек.
Медиатор ретінде адамдардың бір-бірін тыңдап, түсінісіп, кез келген түйткілді дау-дамайсыз, келісіммен шешкенін қалаймын. Жаңа Конституцияның «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы…» деп басталуының өзінде үлкен мән жатыр. Бұл — бәріміздің тағдырымыз бір, мақсатымыз ортақ, жауапкершілігіміз де ортақ деген сөз.
Конституцияда «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды» деп анық жазылған. Бұл — қағаздағы сөз ғана емес, күнделікті өміріміздің басты ұстанымына айналуға тиіс қағида. Себебі адамдар бір-бірін құрметтеп, заңды сыйлаған жерде ғана татулық, береке және тұрақтылық болады.
Жаңа Конституция елдің дамуына, азаматтардың құқығының қорғалуына және қоғамдағы бірліктің нығаюына қызмет етеді деп сенемін. Әр шаңыраққа шаттық, әр балаға бақыт, елімізге амандық пен ынтымақ тілеймін.
Бибігүл Әбдішүкірқызы, көпбалалы ана, медиатор


