
Төрт түлікті өрісіне тең өргізіп, ата кәсіп — мал шаруашылығының бар тауқыметін белімен көтерген өткен ғасырдағы кәнігі шопандарының қатары бүгінде сиреді. Олар табиғаттың тылсым мінезін тап басып танып, мезгілдің райын алдын ала болжап, мал-жанына таршылық көрсетпеген, түз тіршілігінің қыр-сырын жетік меңгерген нағыз «дала академиктері» еді.
Желдің өтінде жүріп, кеңшарға тиесілі мал басын кемітпей, ғұмырын ат үстінде өткізген сондай аға буынның жанкешті еңбегін көріп өскендердің бірі — Орынбасар Жаңабергенов. Кейін нарық заманы келгенде бұл кісі де сол шопандардың құтты құрығын қолына алып, ата кәсіп жолында тер төкті. Бүгінде мал шаруашылығына бет бұрған жаңа толқын көбейгенімен, бұрынғы аға буын көтерген бейнеттің салмағы мен жауапкершілігі жеңілдеп кеткендей болып көрінеді. Бұл пікірімізді қайратты шағын ауыл шаруашылығы саласына арнаған кейіпкеріміз Орынбасар аға да қуаттайды.
II Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін дүниеге келген ұрпақтың балалық шағы алаңсыз, бүгінгідей шат-шадыманға бірден ұласқан жоқ. Елдегі тұралаған шаруашылық, әр шаңырақтағы жабырқаулы күй аурасы көңіл терезесін көлегейлеп тұрды. Осы бір қоңырқай кезеңге балалық шағы тап келген Орынбасар әкесі Жаңаберген мен анасы Зібираның қолғанаты болып, күнделікті еңбекке араласады. Қара жұмыстың қазанында қайнап өскен ол бүгінде болмашы істі үлкен еңбекке балап сөйлейтіндерге әрдайым сын көзбен қарайды. Оның бұл көзқарасы — мал шаруашылығымен айналысамын деген бүгінгі буынға шынайы жанашырлығынан туған пайымы.
Қасиетті Ұлықұммен салаласа жатқан Айшуақ маңындағы Найзакескен, Жіңішке, Қамқа, Миялы құмдары — ежелден төрт түлікке құт болған, мал баққан елдің ырысы мен берекесі дарыған жерлер. Кеңес дәуірінде іргелі ұжымшарлардың қысқы мал қыстауларының бір бөлігі де осы Жіңішкенің бойына орналасқан. Сондықтан да бұл өңір — талай әулеттің кіндік қаны тамған, ата-бабасының ізі қалған, ұрпағы өсіп-өнген киелі атақоныс. Жіңішкенің топырағында шыр етіп дүние есігін ашқан перзент осы жерді ерекше сағынышпен еске алып, бар жақсы сөзін арнайды.
Орынбасар ағамыздың да алғашқы жаялығы осы Жіңішкенің табанында жуылды. Оның әкесі Жаңаберген мен анасы Зібира қарапайым еңбек адамдары еді. Он үш балалы шаңырақтың ортасындағы жалғыз ұл — осы Орынбасар. Атының осылай қойылуының өзінде де үлкен мән жатыр. Әкесі өз орнын басатын ұл дүниеге келсін деген ақ тілегін осы есімге сыйдырғандай.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне иек артқан Орынбасар ақсақалдың өзінен үлкен Болған, Несібелі есімді туған апалары бар. Олардың бірі тоқсанның төріне шықса, екіншісі сексеннің белесіне көтеріліп, ауыл-аймағының ардақты кейуанасына айналып отыр.
—Біздің балалық шағымыз Ұлықұм бойындағы Жіңішке деген жерде өтті. Кішкентайымыздан шөп шауып, қолымызға орақ, шалғы ұстап, үлкендермен бірге еңбекке ерте араласып өстік. Әріпті де сол Жіңішкедегі бастауыш мектептен таныдым. Мектеп табалдырығын аттаған тұсым — 1955 жыл болатын. «Ақ школ» деп аталып кеткен қараша үйде төртінші сыныпқа дейін оқып, Назарбай Қыдыров, Жалғас Жаңабергенов секілді ұстаздардан тәлім алдық. Ел тұрмысы төмендеу, жұрт жоқшылықтың қамытынан босамаған кез ғой. Үстімізге табылған киімді іліп, аяғымызға керзі етік киіп, сия сіңген шүберек сөмкемізді асынып мектепке барған күндерімді ешқашан ұмытқан емеспін, — дейді ақсақал.
Түздегі үйдің ойын баласы үшін ол заманда айналада көз тоқтатар қарайған дүние де аз еді. Сондайда көз жетер қыраттарға орнатылған үштағанды биік темір белгілер бала Орынбасарға әрдайым жұмбақ болып тұратын. Ол мектеп табалдырығын аттаған жылы Жіңішкенің бойына әскери адамдар келіп, кәдімгі үш тағанды мосы іспеттес белгілерді биік төбелерге орната бастайды. Бұл — геодезиялық әскери-топографиялық жұмысты атқарып жүрген солдаттар еді. Далада палаткада тұратын жауынгерлер уақыт өте Жаңаберген ақсақалдың шаңырағына жиі келіп, екінші үйіндей сезіне бастады. Әсіресе, араларындағы ұлты түрік Сапарбек атты жігіттің кішіпейілдігі бәріне ұнайтын-ды. Ол Зібира ананың шоққа көмген ыстық таба нанын сүйсіне жеп, қолынан қою шай ішіп, осы отбасының бір баласындай араласады. Оны көрген сайын Зібира ана:
—Ертең менің Орынбасарым да осындай солдат болады-ау. Бірақ мен баламды әскерге жібергім келмейді, сағынамын ғой, — деп әзілдей айтып отырады екен.
Кейін ана жүрегінен шыққан сол тілек қабыл болып, белгілі себептермен Орынбасар аға әскерге жіберілмей қалады.
—«Ақ школдан» кейін оқуымды Қорғантұз орта мектебінде жалғастырып, сегіз жылдық білім алдым. Одан соң Бершүгір өңіріндегі Шахты поселкасындағы техникалық училищеге түстім. Бұл атақты қоян жылы — 1963 жылдан 1964 жылға қараған қыспен тұспа-тұс келді. Осы аядай Шахтыдағы училищеде қазақ топтарымен қатар, өзге ұлт өкілдерінен құралған бірнеше топ болды. Сол жылы елде бұрын-соңды болмаған қатты қыс түскендіктен, училищеде оқып жүрген қазақ жастарын шаруашылықтарға көмекке жіберді. Мен де сондай құраммен ауылыма келдім. Сөйтіп, 1964 жылы Шахтыдан жүргізуші куәлігін алып, жаңадан құрылған Жаңақоныс кеңшарының №2 Қосқақ фермасына тракторшы болып жұмысқа орналастым.
Ферма меңгерушісі Мырзабай Мұқанбедияров, есепшісі Мырзалы Тәтібаев, бригадирі Данабек Қалмұратов еді. Қандықұдық құмында жаздай шөп шабамыз. Қайрақшымыз Табынбай аға болатын. Мен «МТЗ-50» тракторымен шөмеле саламын. Жаз бойы далада қонып еңбек ететінбіз. Әзілқой Данабек ағамыз кешкілік демалыста табан астында өлең шығарып, бәріміздің көңілімізді көтеретін. Күні бойы түзде жүрген соң кешкі асты қараңғы түспей ішіп алып, қолға түскенді астымызға төсеп, табылғанды басымызға жастанып жата кетеміз. Сондайда қаз-қатар салынған төсегімізге қарап Данабек ағамыз:
«Басқа селеу жастаған,
Екеуара бір көрпеден тастаған…»
— деп әзілдей жөнелетін-ді.
Мен аталған ферма иелігіндегі тракторды тізгіндегеннен бір жыл өткен соң Айшуақ кеңшары құрылды. Оның алғашқы директоры Өтеген Аманжолов, инженері Сәдібек Құдайбергенов, экспедиторы Шудабай Тақаев болды.
Бүгінгі Бегімбет ауылынан он екі шақырым жердегі Жұмағұл деп аталатын жерде кеңшардың №1 фермасының іргетасының қаланғанын өз көзіммен көріп, оның құрылысына тікелей атсалыстым. Қазіргі мектеп жасымен бағамдасам, сол тұста менің 11-сыныпта оқитын кезім екен, бірақ трактор жүргізуге құқым бар. Өзім «МТЗ-50» тракторымен, Жақсылық Жаңаев пен Әли Әлиев ағаларым шынжыр табанды тракторларға үш-үштен тіркеме жегіп, аудан орталығы Шалқардан жаңа ферма құрылысына қажетті материалдарды тасыған едік.

Әкелген құрылыс материалдарын шаруашылық меңгерушісі Әпу Бисенов қабылдап алады. Зайыбы Сағира апай қорықшы болды. Ал Мырзалы Алдашев есімді ағамыз есепшілік қызмет атқарды. 1965 жылдың мамыр айында Магнитогорскіден жастардан құралған арнайы құрылыс отряды келіп, ферма құрылысын бастады. Оған жетекшілік еткен прорабтың ұлты шешен, есімі Хусейін деген азамат еді, — деп өткен күндерді есіне алады Орынбасар аға.
Ағамыз сол тұстан бері бақандай отыз бес жыл трактор жүргізіп, оның он жылында «К-700», қалған жиырма бес жылында «Беларусь» маркалы тракторлармен кеңшардың сан алуан жұмысын атқарған. Басшылықтың тапсырмасымен жүрісі баяу техникамен талай алыс сапарларға шығып, жол азабын тартады. Сонау кезеңдерде Бегімбет ауылына қажетті құрылыс материалдарын Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан тасып, үстірттің құс ұшпайтын ұзақ жолдарын еңсергенін Орекең бүгінде үлкен ерлікке пара-пар еңбек қой деп, есіне алады.
—Біз тек трактор айдап, шөп шауып қана қоймай, ауылдың қоғамдық жұмыстарының бел ортасында да жүрдік. Басшылардың сеніміне ие болып, ауылымыздың игілігіне арналған бірқатар бастамаларға атсалыстық. Соның бірі — Бұхара-Орал магистральды газ құбырынан өткен ғасырдың 80-шы жылдарының аяғында Бегімбет ауылына жаппай газ тарту жұмысы еді.
Сол тұстағы Айшуақ кеңшарының директоры Қозы-Көрпеш Аманбаев бірде мені шақырып алып:
—Осы ауылда қалып өмір сүретін өздеріңсіңдер. Орынбасар, сенің қолыңнан трактор жүргізуден де басқа іс келетінін білемін. Газ құбырын жүргізу жұмысына өзің де аралас, — деп, сенім артты. Бұл ұсынысты ауылдық кеңестің төрағасы Ниетқали Көптілеуов те қолдады.
Содан көшелерге темір құбырларды тракторыммен жеткізіп беруші болдым. Ұлты татар дәнекерлеуші жігіт оларды өлшеп-пішіп, тап-тұйнақтай етіп жалғап шығатын, — дейді ардагер.
Тоқсаныншы жылдардың басында уақыт толқыны күрт өзгерді. Егемендікке қол жеткенімен, елдің тұрмысы қиындап, көпшілік ертеңгі күніне алаңдай бастады. Ауылдың бірқатары қоныс аударуға қам жасап жатқан аумалы-төкпелі кезең еді. Дәл осындай елең-алаң шақта, 1992 жылдың қыркүйегінде, Орынбасар аға кеңшардың бір отар қойын алып бағуға тәуекел етеді. Зайыбы Аян Төлепбергенқызымен бірге бұл жауапкершілікті абыроймен атқарады.
Кейін кеңшарлар тарап, жекешелендіру басталған тұста Орынбасар аға: «Ата кәсіптің берекесі қашпайды», — деген сеніммен «Орынбасар» шаруа қожалығын құрады. Алғашында Айшуақ ауылдық округіне қарасты Кезқора қыстауын қоныс етіп, кейін шаруашылықтың ауқымын кеңейтті. Бүгінде бұл қожалық Айшуақ ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың біріне айналған. Шаруашылықтың жұмысын қазір ұлы Ислам мен келіні Перизат дөңгелетіп отыр.
Ағамыз өмірлік серігі Аян апа екеуі өмірге төрт ұл, бес қыз әкеліп, қатардан қалдырмай тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде сол ұрпағынан өрбіген немере-шөберелерінің ортасында Орынбасар аға қазыналы қария атанып отыр. Өмірден озғанына он жылдан асқан Аян ананың еңбекқорлығы мен отбасының берекесін ұйыстыра білген жарқын бейнесі — артында қалған ұрпағының өнегелі тәрбиесінен айқын аңғарылады.
Ғұмырын тынымсыз еңбекпен өрген Орынбасар Жаңабергеновтің өмір жолына көз жүгіртсеңіз, шаруамен қатайған қарапайым ауылдағы ағайынның қажыр-қайратын, темірдей төзімін көз алдыңа елестетесің. Сондықтан да әрдайым елдің бірлігіне, жұртшылықтың амандығына тілекші болып жүрген Орекеңдей жүрегі кең ақсақалдардың еңбек жолына үңіліп, сөз сабақтауды — өскелең буын алдындағы бір парызымыз деп есептедік.
Мұхтар МЫРЗАЛИН, Бегімбет ауылы.

