ДИҚАНШЫЛАР ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІ

Жаз, күз мезгілдерінде жеміс-жидек, көкөніс — халықтың көп тұтынатын тағамдарының бірі. Онсыз дастарқанның сәні кірмейді, олардан салаттардың неше түрі жасалады. Той-томалаққа бара қалсаңыз, дастарқан бетінің ажарын ашып тұратын осы жеміс-жидектер.
Енді көкөніс түрлерін халыққа жеткізіп тұратын кімдер? Әрине, диқаншы-кәсіпкерлер. Қаламызға еліміздің оңтүстігінен жеміс-жидек қысы-жазы тасымалданады, қауын-қарбыз ерте көктемде әкеліне бастайды. Дегенмен, кеш пісетіні болмаса, өзіміздің Шалқар көлінің жағасында өскен көкөністерге ештеңе жетпейді. Халық сапалы, сақтауға жақсы деп сол шалқарлық диқандардың өнімін күтеді және сатып алып, қысқа сақтайды, банкілерге жабады.
Қазір Шалқар көлінің жағасына тұқым, дән тастағандардың жемістері пісіп, халыққа өнімдерін ұсына бастаған шағы. Біз шаруаның жай-жапсарын білмек болып, қаламыздың орталық базарына бардық. Диқаншылар қара жерге қауын-қарбыздарын жайып, жәшік-жәшік қызанақ, қияр, қырыққабаттарын сатып отыр екен. Шет жақтағы өз өнімдерін ұсынып отыр-ған, жасы 60-тардың шамасындағы әйел адамды әңгімеге тарттық: —Аты-жөнім Нұржамал Базарбаева, 15 жылдан бері бала-шағамызбен көл жағасында жеміс-жидек, көкөніс егеміз. Ол үшін қала әкімдігінен 6-7 гектар маусымдық жер аламыз. Еңбектенсең бәрі де болады, өзіңе де халыққа да жақсы. Жаздайғы еккен өнімімізді «УАЗ» маркалы машинамызбен орталық базарға тасып әкеліп, сатамыз, — деді диқаншы әйел.
Иә, Нұржамал бала күнінде бұл кәсіпті әкесі, теміржолшы Ислам Базарбаевтан үйренген екен. Сол кезде көл жағасынан ауқымды жер алып, бау-бақша егетін Сағитжан Жантілеуов деген кісі болыпты. Жағалауға мотор қойып, көлдің суын айдап, адамдарға егістікке жер береді екен. Әкесі сол кісіден жер алып, бала-шағасымен жабылып, картоп басқа да жеміс-жидектер егіпті. Сөйтіп қыстық азығын жазда жинап алатын болған.
Зейнеткерлік жасқа таяса да жермен жұмыс істеп, халыққа өнімін ұсынып отырған бұл нәзік жанның ісі жастарға үлгі және үлкен еңбек. Байқағанымыздай базардың бір шетін алып отырған кәсіпкерлер күннен қорғанып, төбелеріне өз күштерімен ыстық өтпеу үшін күрке жасап алыпты, асты топырағы шыққан қара жер. Олар: «Маусым уақытында уақытша сауда жасаймыз ғой, бірақ, біздің жайлы тұрып сататын жеріміз талапқа сай болса дейміз…» деп өздерінің де мәселесін айтып қалды.
Әрине, сөйлесуге мұрша бермей, халық олардың өнімін саудалап жатыр. Көз салып тұрғанымызда байқағанымыз, қарбыздың келісі — 180-200 теңгеден, қауынның келісі — 200-250 теңгеден, қызанақтың келісі — 400-450 теңгеден, қиярдың келісі — 350-400 теңгеден, сәбіз — 350 теңгеден сатылып жатқанын білдік. Бірақ, тұтынушылар оны қымбатсынбай тоқтаусыз алып жатыр.
Нұржамал қарындасымыздың еңбегіне риза болып, «Басыма бұл күнде жастар осы кісілердей еңбек ете ме екен?» деген ой келді. Осы сауалды қойдым да: — Олай демеңіз, қазір диқаншылықпен айналысып жатқан жастар бар. Олар да өнімдерін әкеліп базарға салып жатыр, еңбектерінің жемісін көруде, — деді Нұржамал.
Біз осы шаруаның жайын білейік деп, қала әкімінің орынбасары Ертай Құдайсүгіровті әңгімеге тарттық:
—Қала бойынша 59 қожалық болса, соның ішінде 9-ы бау-бақша, көкөніс егеді және биыл маусымдық жер алған 5 кәсіпкер осындай шаруамен айналысты. Осы жылы диқаншылар барлығы 35 гектар жерге тұқым салды. Енді міне, өнімдерін базарға салып жатыр. Олардың ішінде өздерінің дүкендері бар қожалықтар да бар. Өнімдерін сол жерде сатады және басқа дүкендерге де салады. Мысалы, Оңғар Ешниязов деген ауданымызға белгілі диқаншы өз дүкенінен бөлек, бірқатар сауда нүктелеріне көкөністерін таратып отыр. Жермен айналысатын шаруаларымыз картоптарын қыркүйектің ортасында, қабығы қалыңдағасын жинайды. Сатқандарын сатып, қалғанын өздерінің шағын қоймаларында сақтап, қыс мезгілін-де халыққа ұсынады. Кесте бойынша апта сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізіп тұрамыз. Жыл сайын ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінде диқаншыларымызды марапаттап, көтермелейміз, — дейді қала әкімінің орынбасары.

Біз базарда қара жерде сауда жасап тұрған диқаншылардың жағдайын айтып қалдық. Қала әкімінің орынбасары көкөніс сатушылардың базар қақпасына кіргеннен кейін жағдайын жасау базар басының құзырында екенін жеткізді. «Диқаншылар көбіне саудаларын жүргізу үшін базар сыртындағы халықтың көп жүретін жерлерінен, теміржолдың жаяу жүргіншілер көпірінің аузынан орын сұрайды. Өкінішке қарай, ондай жерлерден орын бере алмаймыз, себебі, талапқа сай келмейді» деді Ертай Ахметжанұлы.
Дегенмен, ол сөзінің соңында жақсы әңгіме айтты: —Біз алдағы уақытта қолайлы жерден нысан салып жатқан бір кәсіпкермен келісіп отырмыз. Сәтін салса, Шалқар қаласында Ақтөбедегі «Табыс» секілді коммуналдық базар ашқымыз келеді. Сол кезде маусымдық өнімдерді сататын диқаншылар да, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де, басқа да азық-түлік тауарлары халыққа қолайлы бағамен сол жерден сатылатын болады. Тұтынушылар да арзан өнімдерді жан-жақтан іздемей, бір жерден сатып алады, — дейді Ертай Құдайсүгіров.
Егер, бұл шаруа жүзеге асса, халық үшін жасалатын өте үлкен игі іс болатынын сезіндік, лайым солай болғай.
Қ.ӘЛИН, «Шалқар».

