Қазақстан биоалуантүрлілікті қорғауда технологиялық шешімдерге көшпек
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде биоалуантүрлілікті сақтау үшін озық технологияларды кеңінен қолдануға шақырды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Бүгінде тиімді серіктестік цифрлық технология мен жасанды интеллектіге арқа сүйеуі қажет. Себебі олар экожүйелерді мониторингтеу, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіп-қатерді болжау әдістерін түбегейлі өзгерте алады. Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация — ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

