Мәдениет

Кітаппен сырласқан қырық жыл

Мамандыққа адалдық

Білімнің алтын қазынасы — кітапханада. Ал сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақ санасына жеткізетін рухани күзетші — кітапханашы.

Отан қорғау қандай қасиетті болса, кітапханашының еңбегі де сондай қадірлі. Осындай абыройлы міндетті 40 жыл бойы табан аудармай атқарып, оқырманға  қалтқысыз қызмет етіп келе жатқандардың бірі — Шалқар қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Рәзия Бегетаева.

Тәжірибесі телегей, өз ісінің шынайы маманымен болған сұқбатымызда цифрлық жүйе қаншалықты дамыса да, қалың қоғамда оқу мәдениеті ешқашан өз маңызын жоғалтпайтынына көз жеткіздік.

— Рәзия Өтегенқызы, дәстүрлі сұрағымыздың ізімен әуелі өзіңізбен танысудан бастасақ.

— Рақмет! Мен 1965 жылы Шалқар ауданының шалғайындағы қасиетті мекен — Аяққұм ауылында дүниеге келдім. Аяққұм — атының өзі маған ыстық, қыры мен құмы сырға толы кең өлке. Бұл жердің әр төбесі мен әр соқпағында ата-бабаларымыздың ізі, өткеннің аманаты жатыр. Құм арасынан қылтиып өскен жусан мен бетеге туған жерімнің төзімі мен мінезін айшықтап тұрғандай.

Мен үшін Аяққұм — жай ғана елді мекен емес, жүрегімнің бір бөлшегі, сағынышқа толы алтын бесігім. Өмірдің алғашқы сабағын берген, болмысыма бағыт сілтеген туған жерім әрдайым рухани тірегім болды.

Бұндағы мектеп сегізжылдық болғандықтан, білімге деген талпынысым мені сол кездегі Сарыбұлақ кеңшары орталығындағы Қорғантұз орта мектебіне жетеледі. Осы білім ордасында алған тәлім-тәрбием болашақ өмірімнің берік іргетасына айналды.

Ал отбасым туралы айтар болсам,  жолдасым Мейрамбек Зейноллаұлы   екеуміз төрт бала тәрбиелеп өсірдік. Олардың әрқайсысының қоғамда өз орнын табуына бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Мен  отбасым мен жұмысымды қатар алып жүрген қатардағы ақ жаулықты аналардың бірімін.

— Осы мамандықты таңдауыңызға ауылдағы шағын кітапхананың  да әсері болған шығар?

— Мектепте жүргенде «кітапханашы боламын» деген нақты арманым болған жоқ. Алайда ауыл кітапханасы мен үшін ерекше тартымды орын еді. Әлі күнге дейін есімде: сырт көзге қарапайым көрінетін Аяққұмдағы шағын кітапхананың іші тұнған қазына болатын. Есігін ашқан сәттен-ақ сөрелердегі кітаптар үнсіз тіл қатып, әрқайсысы жаңа бір әлемге жетелейтін.

Онда еңбек еткен Әбдіраш Дүйісов ағай балалар кітаптарын көрер көзге қызығарлық етіп орналастыратын. Оқыған кітабымызды тапсырғанда мазмұнын міндетті түрде сұрайтын. Бірде жайдары, бірде қаталдау көрінетін осы мінезі ауыл балаларының кітапқа деген қызығушылығын арттырып, сөз қадірін ұғындырды.

Сол кездің өзінде-ақ кітапханашы болу — жай ғана мамандық емес, жан дүниені байытып, адамды біліммен қауыштыратын қасиетті жол екенін сезіне бастадым. Орта мектепті бітіріп, мамандық таңдау сәті келгенде, кітап пен білімге жақын болуды қаладым. Бұл — балалық шақтағы қарапайым кітапханаға деген құрметтен туған саналы шешім еді.

1982 жылы Қорғантұз орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (қазіргі университет) кітапхана факультетіне оқуға түстім. Әсем қала мен кітапқа толы аудиториялар болашақ тағдырымды айқындағандай әсер қалдырды.

— Алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды?

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, алған білімімді туған жерімнің игілігіне жұмсауды жөн көрдім. 1986 жылы Шалқар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне жұмысқа келдім.  Сол уақыттан бері кітапхана менің жұмыс орным ғана емес, өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды.

Алғаш келгенде кітапхана директоры Мәриям Кішаева апай еді. Аға буын қатарында Мастура Қайбалдина, Орнаш Сүйіндікова, Рауаш Қаржауова, Алуаш Бодықова, Нағима Досмырзаева сынды өз ісіне адал мамандар еңбек етті. Олардың әрқайсысы өзім секілді жастарға  үлгі болды.

Жылдар өте келе кітапхананың киелі түндігін өзіміз түріп, кейінгі буынға жол көрсету — өмірлік мұратымызға айналды. Кітапханашылық қызметте ұзақ жылдар табан аудармай еңбек етуімнің сыры — кітапқа деген шексіз сүйіспеншілік пен оқырманға деген құрметімде.

Әрбір кітап іздеп келген жаннан жаңа үміт, тосын сауалдардың астарын сеземін. Біреуге бағыт-бағдар беру, біреудің ой көкжиегін кеңейту — мен үшін ең үлкен марапат.

— Цифрландыру дәуірі оқу мәдениетіне кері әсер етуде деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

— Алты алашқа танымал Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен — кітап, адамзатты адамзат еткен — кітапхана» деген сөзі бүгінде де өзекті.

Қоғамда «кітап оқу азайды» деген пікір жиі айтылады. Мен бұны біржақты пайым деп санаймын. Иә, заман өзгерді, ақпарат жылдам. Бірақ бұл кітап оқуға деген сұраныс жоғалды дегенді білдірмейді. Оқу мәдениеті түрленді: бірі электронды кітап оқиды, бірі аудиокітап тыңдайды. Ең бастысы — білімге деген қажеттілік бар. Қазір  телефонға жиі телміретін жастарға қарап, бұларға терезе сыртындағы өмір  қызық емес пе екен деп, ойлап қаласың. Алайда  олардың кітапханамызға келіп, салмақты сұрақ қойып, кітап іздегенін көргенде, оқу ынтасы жоғалмағанына көз жеткізесің. Сондықтан кітап оқу жаппай төмендеді деуден гөрі, жаңа заманға бейімделді деп қабылдау дұрыс шығар.

— Кейінгі буын әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

— Жас мамандарға айтарым: жаңашылдықты меңгере отырып, кітапхана ісінің негізгі құндылықтарын ұмытпау керек. Технология — құрал ғана, ал кітап пен оқырманға деген құрмет — осы мамандықтың жүрегі.

Адамға қызмет ету, зерделі ойға жол ашу деген асыл мақсат әрдайым алдыңғы орында болса, кітапхана уақытпен үндесіп, келешекпен бірге жасай береді.

Қазір кітапхана ісін ілгерілету үкіметтік деңгейде айтыла бастады. Бұл өте орынды мәселе. Кітап қорының жеткіліктілігін былай қойғанда, кітапхана ғимараттарының талапқа сай болғандығы да өзекті. Осы сәтті пайдалана отырып, Шалқарда жастардың оқуына заманауи кітапхана ғимараты салынса деген барша оқырманның тілегін жеткізгім келеді.

—Рақмет!

Сұқбатты жүргізген Мұхтар МЫРЗАЛИН.

 

Басқа материалдар

Back to top button