Аналар кеңесі жылдық жұмысын қорытындылады

«Анаға тағзым» орталығының дәстүр залында аудандық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Аналар кеңесінің мүшелерімен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Фариза Самаева, «Amanat» партиясы Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айнагүл Жұмағұлова және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев қатысты.
Отырыста аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Маржанкүл Бекетова кеңестің жылдық қорытынды есебін баяндап, елімізде бірлік пен татулықты нығайту, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар өткен жылы аталған бағыттар бойынша аудан көлемінде жүзден астам іс-шара өткізілгені мәлім болды. Оның негізгілеріне отбасындағы ұлттық тәрбие, жастар арасында отбасылық қадір-қасиетті арттыру, еліміздің салт-дәстүрін сақтай отырып, оны жанұялық тәрбиемен ұштастыру жайы жат-қызылған.
Шара барысында Аналар кеңесі ғимаратындағы «Мейірім керуені» әлеуметтік бөлмесіне қайырымдылық істерімен тұрақты атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы атынан Алғыс хаттар табысталды.
Жиын соңында Аналар кеңесінің жұмысына жоғары баға беріліп, қатысушы меймандар арасынан өз ұсыныстарын жеткізгендер болды.



