АУЫЛ ТЫНЫСЫ АРДАГЕРЛЕР НАЗАРЫНДА

Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев пен аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрлан Майкөпов Тоғыз және Кішіқұм ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындармен кездесті.
Тоғыз және Шілікті ауылдарында өткен жиындарда Қ.Князбаев, Н.Майкөпов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған әрбір тапсырманың егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін маңызы зор екенін және оны жүзеге асыру жолында біркісідей, аянбай еңбек ету керектігімізді ерекше атап өтті. Сонымен қатар ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға қысқаша шолу жасап, жастар тәрбиесі жөнінде де мазмұнды әңгіме өрбітті.
Тоғыз ауылдық округі ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы Сейілхан Ахметов ауылдан биыл заманға сай, типтік жобадағы №7 орта мектебінің жаңа ғимараты бой көтергенін, бірнеше су колонкалары орнатылғанын, ауыл азаматтарының демеушілігімен саябақ құрылысы жүргізіліп жатқанын, спорт алаңы салынғанын айтса, Кішіқұм ауылдық округі ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы Аққайыр Оразбаев ауылда өткізілетін қандай да болмасын қоғамдық, мәдени-көпшілік шараларға ардагерлердің белсенді қатысатынын, темір жол билет кассасының қайта ашылғанын, ауыл сыртындағы қорымға қоршау жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етсе, «Сақтап» шаруа қожалығының төрағасы Жетес Елеусізов болашағы бар елді мекенде көптеген істердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына алғысын білдірді.
Кішіқұм ауылдық округінің әкімі Құрышбек Қазбеков аудан орталығынан келген қонақтарға алғысын айтты.

С.МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ.