ШАРУАЛАР БАҒДАРЛАМАЛАР ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын дамытуға бағытталған ондаған кіші бағдарламалармен қатар, жалпы агроөнеркәсіптік кешен мен ауылды аумақтарды қолдауды мақсат тұтқан үлкен бағдарламалар қабылданып, агроөнеркәсіптік кешені мен алтын бесік — ауылымызды жаңа белестерге көтеріп келеді. Біздің ауданның негізгі саласы мал шаруашылығы болып есептеледі. Оны дамыту — ел азаматтарының тең жартысының жағдайын жасау. Бұл салаға мемлекет тарапынан айрықша назар аударылып, қаражат жұмсалып келеді. Бұл бағытта ауданымызда жақсы нәтижелер бар.

Ауданда тіркелген 491 шаруа қожалығы, 8 ауыл шаруашылығы кооперативі және 1 өндірістік кооператив ауыл шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып отыр. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылға ауданға МІҚ және қой малдарын сатып алуға байланысты берілген тапсырмалар бүгінгі таңда өз кезеңімен орындалуда. Бүгінгі күнге «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, 4000 бас қой сатып алу тапсырмасы берілген болса, 16 шаруа қожалығы 7427 бас қой малын сатып алуға қажетті 218,9 млн. теңге қаражатқа қол жеткізді. Осы қаражатқа қой малы сатып алынды. МІҚ бойынша 1100 бас алу тапсырмасы беріліп, 6 шаруа қожалығы 505 басты құрайтын 315,6 млн. теңге қаражатқа құжаттарын тапсырды. Соның ішінде 2 шаруа қожалығы 120 басты құрайтын 82,3 млн. теңге құрайтын қаражатқа қол жеткізді. Ресей елінен импорттық МІҚ аналық малдары және отандық асыл тұқымды аналық малдар сатып алынды. Есет Көтібарұлы, Шалқар, Жаңақоныс, Бершүгір, Шетырғыз, Қауылжыр, Айшуақ, Мөңке би, Кішіқұм ауылдық округтері және Шалқар қаласынан шаруа қожалықтар осы бағдарлама бойынша несие алып, мал сатып алуда.
Ағымдағы жылы Шетырғыз ауылдық округіне қарасты «Қуаныш» шаруа қожалығы Ресейден өз қаражатына 30 бас асыл тұқымды сиыр сатып алса, сонымен қатар «Актеп» ЖШС-нен Айшуақ ауылдық округіне қарасты «Сұлтан» шаруа қожалығы 7 бас бұқа, 100 бас аналық сиыр, Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты «Қайрат» шаруа қожалығы 7 бас бұқа 100 бас асыл тұқымды герефорд аналықтарын арендаға алды. Барлығы 14 бас асыл тұқымды бұқа мен 200 бас аналық асыл тұқымды герефорд тұқымы малы ауданға әкелінді.
Бірінші деңгейлі мал бордақылау алаңдарына 2200 бас бұқашықтар өткізу тапсырмасы беріліп, бүгінгі күнге аудан бойынша барлығы 1027 бас бұқашықтар тапсырылды. Жалпы әр округтерде тұқымдық жаңарту бағдарламасына қатысып, субсидия алып жүрген шаруашылықтардың мал бордақылау алаңдарына бұқашықтар тапсыруын және қала, ауылдық округ әкімдерінің осы жұмыстарды ұйымдастыру жұмыстарын жандандыру қажет деп санаймыз. Үкіметтің берілген қолдауларын алғаннан кейін шаруашылықтар мал бордақылау алаңдарына мал тапсырулары қажет. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық орындалады.
Ауданға ағымдағы жылы 8 ұңғыма қазу тапсырмасы толығымен орындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары аяқталу үстінде. Ауылдық округтерден мал азығын дайындайтын жерлер бөлініп берілді.
Аудан бойынша 42 бригада мал азығын дайындады. Барлығы 96 трактор қатысты. Бүгінгі таңда қала және барлық ауылдық округтер бойынша 255560 тонна шөп дайындалып, қыстақтар мен жұртшылыққа тасылып алынды. Яғни тапсырылған жоспар 101,9 пайызға орындалды. Барлық ауылдық округтер екпінді екі айлық мал азығын дайындау жоспарын 100 немесе 100 ден жоғары пайызбен орындады. Екі айлық тапсырма аяқталғанмен, мал азығын дайындау жұмыстары тоқтамай жалғасуда. Қазіргі жайма-шуақ күз айлары мал азығын дайындап тасуға қолайлы болып тұр. Сол себептен қыс айларына мал азығымен толықтай қамтылуымызға мүмкіндік мол.
Ауылдық елді-мекендердің қысқа дайындығын қарау, мал азығын дайындау жұмыстарының жағдайын білу, ұйымдастырылу жұмыстарын көру және талдау жасап, ұсыныс беру үшін жұмысшы тобы құрылды. Осы жұмысшы топтың жетекшісі мен мүшелері г ауыл әкімдерімен бірлесіп, жұмыстардың нәтижелілігін қадағалауда.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 10 жоба қатыстыру тапсырмасы беріліп, бүгінгі күнге 10 жоба бойынша несие алуға жұмыстар жүргізіліп жатыр. 4 жоба қаржы ұйымынан мақұлданып, несие алды. Атап өтсек, Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Бауыржан» шаруа қожалығы 15 млн. теңгеге 35 бас түйе алып, түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өндірісін дамытуды көздеп отыр. Аталған шаруашылықтың Шалқар қаласында шұбат сататын дүкені салынып, халыққа қызмет көрсетуде. Айшуақ ауылдық округінен «Бақдәулет» шаруа қожалығы 29 млн. теңгеге 100 бас МІҚ, Мөңке би ауылдық округіне қарасты «Азамат» шаруа қожалығы 6,0 млн. теңгеге 27 бас МІҚ малын сатып алуға және Ақтоғай ауылдық округінен «Береке» шаруа қожалығы 7,0 млн. теңгеге жылқы сатып алуға несиелерін алып, мал сатып алуда. 4 жоба қаржы ұйымына құжаттарын өткізіп қойды. Бозой ауылдық округіне қарасты «Ақжол» шаруа қожалығы 15,0 млн. теңгеге 35 бас түйе алуға, Есет Көтібарұлы ауылдық округіндегі «Жандос» шаруа қожалығы 3,6 млн. теңгеге 18 бас МІҚ сатып алуға, Шетырғыз ауылдық округіндегі «Елдос» шаруа қожалығы 40,0 млн. теңгеге 50 бас асыл тұқымды МІҚ сатып алуға, Мөңке би ауылдық округі «Әбді» шаруа қожалығы 2,8 млн. теңгеге 95 бас қой сатып алуға тапсырды. Сонымен қатар 2 жоба қазіргі таңда құжаттарын жинап жатыр. Атап өтсек, Бозой ауылдық округіне қарасты «Райлан» шаруа қожалығы 6,0 млн. теңгеге және Бозой ауылдық округіне қарасты «Балдос» шаруа қожалығы 9,1 млн. теңгеге жылқы малын сатып алып, қымыз өндірісін дамытуды көздеп отыр.
Қала және барлық ауылдық округтердің әкімдері мемлекеттік бағдарламалармен несие алып, ауылшаруашылығын дамыту маңызды екенін ескеріп, осы жұмыстарды іске асыруға белсене атсалысуы қажет.

Айбек Сембай,
аудандық ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы.