Шалқар – озат мал шаруашылығы ауданы

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласында ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесі аталып өтті. Осыған орай өткізілген салтанатты жиында Шалқар ауданы « Озат мал шаруашылығы ауданы» атанып, аудан әкімі Бауыржан Қаниев облыс әкімінің марапатына ие болды.
Сонымен бірге Е.Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Нұралы» шаруа қожалығы мал шаруашылығы бағыты бойынша «Озат кәсіпорын» атанса, осы қожалықтың қайта өңдеу цехының басшысы Камшат Төлеуова Ауылшаруашылығы Министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Қауылжыр ауылдық округі, «Бірлестік» шаруа қожалығының төрағасы Шахзада Сарманов «Озат шопан», Е.Көтібарұлы ауылдық округіндегі «Бауыржан» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Дүйіс «Озат түйеші», Жаңақоныс ауылдық округінен «Жаңбыр» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Құрманов «Озат малшы» номинациялары бойынша алғашқы орындарды иеленіп, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен сый -сияпаттарын алды.
Облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базарында жергілікті тауар өндірушілердің ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Оған облыс орталығы мен 12 ауданнан 20-дан астам кәсіпорын қатысты. Атап айтсақ, мұнда сиыр еті-1400-1500 теңге, жылқы еті-1500 теңге, ал қой еті-1200 теңгеден сатылды. Бұл бір келінің бағалары. Сүт өнімдеріне келсек, айранның 1 литрі 200 теңге, қымыз бен шұбаттыкі 750 теңге болды. Ақтөбеліктер сары майдың 1 келісін 2500 теңгеден сатып алды. Сондай-ақ, бұл күнде жәрмеңкеге тары-талқан, жеміс-жидектер, өзге де азық – түліктер қойылды.Қаз қатар тізілген азық-түлік өнімдерін көріп, саудагерлермен сөйлескен облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының өзі де сауда жасады.
Коммуналдық базардың алдында өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасы жәрмеңкенің көркін қыздыра түсті. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Мұхтар Әкімовтың дерегіне сүйенсек, жәрмеңкеге 6 тоннадан астам сиыр еті, 3 тоннадан астам жылқы еті, 1400 тонна қой еті, 1 тонна балық шығарылған.
Ауданымыздың Е.Көтібарұлы мен Тоғыз ауылдық округтері бұл жәрмеңкеге екі мүйізді ірі қара, бір жылқының етін және 50 литр шұбат пен 50 литр айран апарып, тұтынушыларға ұсынды.

Қ.Әлин, «Шалқар»