БОЗОЙДАН БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР БАСТАЛМАҚ

Өткен сенбіде облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданымызда болып, Бозой ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуді ашқан облыс әкімі жалпы өңіріміздің жағдайы өзіне белгілі екенін айта келіп, дегенмен мүмкіндік болса әр елді мекен тұрғындарымен бетпе-бет жүздесіп, олардың хал-ахуалын тереңірек білу, туындаған мәселелерді шешуге оңтайлы әсер ететінін әңгімеледі. Сәті түсіп, Бозой халқымен кездескеніне қуанышты екенін айта келіп, өзімен бірге келген қонақтарды таныстырды. Облыс прокуроры Марат Қайбжанов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Атығай Арыстанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастығы Марат Ирменов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «2030 әскери бөлімі» басшысы Әлімжан Бакиев, ҚР Ұлттық Ұланының «6655 әскери бөлімінің» басшысы Мирас Тұрдалин мырзалардың кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап беретіні және кездесуден соң жеке сұрақтармен қабылдайтыны айтылды.
Бұдан соң облыс әкімі жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайының жоғары, оның барлығы өңір халқының ерен еңбегінің арқасы екенін әңгімеледі. «Бұл қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың уақытында жүзеге асқанының нәтижесінде болып жатқан жағдай. Облыстың әлеуеті, потенциалы жоғары, дегенмен жаңадан проблемалар шыға береді, оларды қолдан келгенше шешу, орындау атқарушы органның міндеті, сондықтан да Сіздердің алдарыңызға мәселелеріңізді тыңдауға келдік», — деді Оңдасын Сейілұлы.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қысқаша тоқталды. Ауданның 2019 жылдың 9 айында бюджетке 2 млрд. 529,4 млн. теңге салықтар мен төлемдер түсіп, жоспар 116,5 пайызға немесе 359,9 млн. теңгеге артық орындалған. Есепті кезеңде өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 12 млрд. 473,7 млн. теңге құраған, нақты көлем индексі 92,8 пайыз.
Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 10 млрд. 993,4 млн. теңгеге жеткен, нақты көлем индексі 105,1 пайыз. Шаруашылық құрылымдары есепті кезеңде салаға барлығы 213,3 млн. теңге инвестиция тарттылыпты, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. «Нұралы» шаруа қожалығы биылғы жылы Ресей Федерациясына 7,9 тонна қой етін экспорттапты. Жыл соңына дейін 32 тонна ет шығаруды жоспарлап отыр.
Биылғы жылы сала бойынша 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі күнге 16 жоба жүзеге асырылған. «Сыбаға» бағдарламасының «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша 14 шаруашылық 7388 бас қой сатып алуға, 6 шаруашылық 505 бас сиыр сатып алуға құжаттарын тапсырып, 13 шаруашылық 7038 бас қой (тапсырма 4000 бас), 2 шаруашылық 120 бас сиыр (тапсырма 1100 бас) алуға несие қаражатына қол жеткізіпті.
Есепті кезеңде негізгі капиталға 15 млрд. 403,6 млн.теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 93,2 пайызды құраған. Инвестиция көлемінің азаюы биылғы жылы ауданда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмауынан болып отыр. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд. 591,4 млн. теңге құрапты.
Өткен жылы басталған Қотыртас ауылының су желісін қайта жарақтау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Бозой ауылының электр желілері мен кәріз желілерін қайта жарақтау жұмыстары басталған. Қазіргі таңда су желілерінің құрылысы және қайта жарақтау бойынша 11 елді мекенді қамтыған 5 жоба (жалпы құны 3263,4 млн. теңге), кәріз желілеріне қатысты 2 жоба (жалпы құны 206,8 млн. теңге), Шалқар қаласы мен Бозой ауылының даму аймақтарына газ, су, электр желілерінің құрылыстары бойынша 5 жоба (жалпы құны 640,1 млн.теңге) дайын тұр екен. Бұл жобалар бойынша тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер берілген.
Соңғы жылдары қала көшелерін кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстары жолға қойылып келеді. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен оңтүстік өткелден Шалқар — Ырғыз трассасына дейінгі айналма жолды және Шалқар — Бозой бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары басталды. Биылғы жылы да басталған орташа жөндеу жұмыстары жалғастырылуда және аудандық бюджет есебінен қалаішілік 5 көшенің жолы орташа жөнделуде. Бұған қосымша 2 көшені орташа жөндеуге сараптама қорытындысы алынып, басқармаға бюджеттік өтінім беріліпті.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2052 бірлікті құрайды, оның 1938-і немесе 94,4 пайызы жұмыс жасап тұр. Есепті кезеңде бөлшек сауда айналымы 1865,5 млн. теңге құрады, нақты көлем индексі 101,8 пайыз. Есепті кезеңде 894 жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрақты жұмысқа 682 адам орналастырылған. 844 отбасына 329,9 млн.теңге атаулы әлеуметтік жәрдемақы, 304 отбасына 4,8 млн.теңге тұрғын үй жәрдемі тағайындалды.
Білім саласы бойынша биылғы жылы Тоғыз елді мекенінен және Шалқар қаласына қарасты М.Шыманұлы ауылынан мектеп құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда ауданда қоғамдық саяси және діни ахуал тұрақты. Шалқар ауданы бойынша 600 дін ұстанушы болса, оның ішінде дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушы азаматтардың саны 88 адам, жыл басынан 10 адамға азайған.
Аудан әкімі басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларды да айтып өтті.
Облыс прокуроры Марат Қайбжанов сөз алып, статистикалық мәліметтер бойынша ағымдағы жылы Шалқар ауданында 123 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның өткен 2018 жылмен салыстырғанда 35 пайызға төмендегенін, оның ішінде мал ұрлығы 22 пайыздан 16 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Жалпы облыста мал ұрлығын азайту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп, соның арқасында өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға дейін азайтуға қол жеткізілгенін айтты. Малдың көбі өрісте қараусыз жүргенде қолды болатынын тілге тиек етті. Және малының ұрланғаны жөнінде арыз тиісті орындарға бір айдан кейін беріледі де, көбіне ұрлықты ашу мүмкін болмай қалатынын жеткізді.
Облыс прокуроры алдағы уақытта аудандарда қараусыз малдарды қамайтын айыппұл тұрақтары салынатынын, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша мал иесіне айыппұл салынып, шығындары өтелетінін ескертті.
Бұдан кейін облыс әкімі тұрғындардың сұрақтарына құлақ түрді. Зейнеткер Рамазан Таласбаев «Шалқар — Бозой» аралығындағы жолдың биылғы жылы 20 шақырымы асфальтталғанын, бұл істі тездетіп бітіру жағы қарастырылса деген тілегін айтты. Интернеттің жоқтығын тілге тиек етті. Ауылда кәріз жүйесінің тартылып жатқанын айта келіп, оның осы елді мекендегі қазақы ауыл деген бөлігінің екі көшесіне де жүргізілуін сұрады. Кезінде 25 орындық аурухананың болғанын, қазір оның күндізгі стационар болып қалғанын, сол аурухана қайта ашылса деген тілегін айтты.
Кәсіпкер Қаршыға Жанұзақов теміржолмен облыс орталығына қатынаудың қиындап кеткені, билет болмайтынын айта келіп, «Ақтөбе — Маңғышлақ» пойызын Шалқар ауданы арқылы жүргізу мәселесін көтерді.
Облыс әкімі осындай шалғай жерде тұрып, жолдың, тағы да басқа қиыншылықтарына мойымай еңбек етіп жатқан Бозой елді мекенінің үш мың халқына ризашылығын білдірді. Бұл елдің елдігін, азаматтардың жауапкершілігін көрсететінін айтты.
— Елдің Тәуелсіздігі — таптырмайтын құндылық. Біздің ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерімізді қорғады, бізге жеткізді. Біз өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ата-бабамыз армандаған еліміздің Тәуелсіздігіне қол жеткіздік. Енді оны көздің қарашығындай сақтау баршамыздың борышымыз. Тарихы да, саны да бізден кем емес талай ұлттар бар, бірақ тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүр. Әрине, олар бізге қызыға қарайды. Біз соны терең сезініп, түсінуіміз керек, — деді облыс басшысы.
Бұдан соң облыс әкімі 90-жылдардағы екі формацияның алмасқан кезеңіндегі қиыншылықтарды еске алып, Елбасының көреген саясатының, Қазақстан халқының қиындықтарды жеңе білген ерен еңбегінің арқасында бұл күнде биік белеске жеткен еңселі ел болғанымызды әңгімеледі.
— Бозой ауылы тұрғындарының қойып отырған мәселелерінің бәрі орынды, тұрмыстарын түзетуге ұмтылу, талап қою, барлығы да мені қуантады, бірақ оны шешуге уақыт керек. Жол мәселесі көтеріліп отыр, әрине, оны шешу керек, ол экономикамыздың күре тамыры, сонда ғана өңіріміздің әлеуеті жақсарып, экономикасы дамымақ. Ақтөбе облысы еліміздің батыс бөлігінің қақпасы, оңтүстігі Өзбекстанмен, солтүстігі Ресеймен шекаралас. Демек, көліктердің барлығы біздің облыс арқылы өтеді. Сондықтан Ақтөбе өңірінде жолдар салынады, оған Үкімет тарапынан қолдау бар, — деді облыс басшысы.
«Шалқар — Бозой» жолына байланысты О.Оразалин алдағы жылдың бюджетін талқылаған кезде тиімді, жылдам тәсілмен аяқталатын жолды салу үшін қаражат көздерін қарастыруға тапсырма бергенін айтты. Алдағы бес жылдың ішінде «Шалқар — Бозой» және Өзбекстанның шекарасына дейінгі жол салынатынын жеткізді. Бұл жұмыс алдағы жылдың көктем айларында басталмақ. Интернет мәселесі де шешілуі керек. Себебі, халық сол арқылы ақпарат алады, түрлі қызметтерді пайдаланады, заманның талабы да солай. 2021 жылдың аяғына дейін облысымызда интернет мәселесін толық шешіп болу міндеті қойылып отыр, соған орай Бозой елді мекенінде де интернет мәселесі өз шешімін табатынын айтты.
«Ақтөбе — Маңғышлақ» пойызын Шалқар ауданы арқылы жүргізуді теміржол басшылығымен ақылдасқаннан кейін белгілі болмақ. Ал «Ақтөбе — Шалқар» қала маңы пойызына жаңа жылдан бастап қосымша вагондар тіркеледі. Осы ретте аудан басшысы «Ақтөбе — Маңғышлақ» пойызын ауданымыз арқылы жүргізу тиімсіз болатынын, себебі бүгінгі күні ол еліміздің алты ауданының үстінен жүріп отырғанын айтты. Кәріз жүйесімен ауылды толық қамту алдағы уақытта шешіледі.
Облыс әкімі шалғай жатқан елді мекен болғандықтан Бозойда аурухана ашу жолдарын қарастырудың дұрыстығын тілге тиек етті. Жалпы кәсіппен, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген адамға жол ашық, Шалқар ауданының халқы бұндай игі істерге белсенді екенін де жеткізді.
«Жиырма жылдың үстінде мемлекеттік қызметте жүрмін, талай айқай-шуы көп, 5-6 сағатқа созылған жиналыстарды да көргенмін, ал бүгінгі кездесуде үлкендер ғана сұрақ қойып, жастар олардың алдына түспей, қолдап отырды. Мен бұдан Бозой халқының ауызбіршілігі мол, мәдениетінің жоғары екенін көріп, риза болдым», — деді облыс әкімі О.Оразалин.
Кездесу соңында ауылдағы Аманғали ахун мешітінің имамы Ықылас Оразымбетов алтын уақытын бөліп, алыс жатқан елді мекен мәселелерінің шешілу жолдарын назарға алған облыс басшысына, арнайы келген азаматтарға ақ батасын берді.
Жиналыстан соң облыс әкімі және арнайы келген басшылар тұрғындарды жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады.
Өңір басшысы О.Оразалин сапарының соңында Құланды шекара заставасында болды. Застава басшысы Қаршыға Тешебай өңір басшысын шекара тынысымен, жеке құраммен таныстырды.
Облыс басшысы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында кеден бекетін ашу мәселесін шешу керек деп есептейтінін айтты. «2005 жылы бұл жердегі кеден бекеті жабылған. Бұл бекетте 70 адам жұмыс істеген, айына 500-600 көлік өтіп, Өзбекстаннан жеміс-жидек, басқа да тауарлар тасыған. Алдағы уақытта біз кеден бекетін қайта ашуды жоспарлап отырмыз. Егер бұл бекет қайта ашылса Қазақстанға ауыл шаруашылығы тауарлары төмендетілген бағамен әкелінетін болады» деді О.Оразалин.

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».