«ДУЛАТ» КӨТЕРМЕ САУДА ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ

Өткен аптада қаламыздағы Әйтеке би көшесі, №65 мекен-жайдан «Дулат» көтерме сауда дүкені ашылды. Онда әзірге азық-түлік қоймасы және азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр.
«Дулат» дүкенінің иесі, кәсіпкер Нұрлыбек Қойбағарұлы Шадиманов он жылдың үстінде кәсіпкерлікпен үздіксіз айналысып келе жатқан азамат. 2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының Шалқар аудандық филиалында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 4 млн. 500 мың теңге несие алып, өз ісін жандандырыпты.
— Менің мамандығым жүргізуші, бірақ кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көрдім. Ресей, Қырғызстан, Қазақстанның Шымкент, Түркістан қалаларынан, өзіміздің Ақтөбеден жеміс-жидек тасып, халыққа қол жетімді бағамен сатамын. Екі «КамАЗ», «Газель» маркалы автокөліктерім бар. Қала ішінде азық-түлікті көп алған отбасыларына жеткізіп береміз, — дейді Нұрлыбек.
«Талаптыға нұр жауар». Бұрын қаладағы Әйтеке би көшесі, №10 мекен-жайдан дүкенді жалға алып, жұмыс істеп отырған кәсіпкер енді өз кәсібінің көлемін кеңейтіп, жаңа ғимараттар сатып алып, өз ісін ілгерілете бастады. Әкелген тауарына 10 пайыздан артық баға қоспай, таза жұмыс істегендіктен аудандағы басқа шағын дүкендер де осы Нұрлыбектен азық-түлікті көтере ала бастапты. «Ісіміз жүре бастады, енді жұмысқа 2-3 адам тартамын», — дейді ол. Әрине, жалғыз жүріп кәсіптің көкжиегін кеңейту оңай емес. Бұл игілікті істе аға-жеңгелері Ердібектің, Айнұрдың, Сәнімгүлдің, зайыбы Кәмшаттың көмектері көп екен.
Нұрлыбектің әкесінің досы Қанат Наурызалин «Дулат» дүкенінің ашылу салтанатында естеліктермен бөлісті: — Қай нәрсе де негізге тартады, Нұрлыбектің әкесі Қойбағармен бір ауылдан, Тұмалыданбыз, немереміз, дос, жолдас болдық. Моңғолияда Отан алдындағы борышымызды бірге атқардық. Армиядан қайтып келе жатып осы балалардың анасы Шолпанды Шалқардан ауылға ала кеттік, сөйтіп Қойбағар Шолпанмен бас қосты. Айтайын дегенім, Қойбағар өте еңбекқор, кеңшардың маңдайалды механизаторы болды, балаларын да еңбекке баулыды. Кейін қала маңында ашылған «Жомарт» кеңшарына келіп, «К-700» тракторын жүргізді. Алланың ісіне шараң жоқ, ертерек дүниеден озды. Балаларын жеткізу үшін Шолпан да аянбай еңбек етті. Қуанатыным, балалары да әке-шешелері секілді еңбекқор болып өсті, қатарының алды болды. Міне, енді «Дулат» деп бабасының атын қойып, үлкен сауда орталығын ашып, елге қызмет етуде, тіл-көзден аман болсын!
Иә, жаңадан ашылып жатқан «Дулат» көтерме сауда дүкенінің әлде де ішінен басқа кәсіптер ашып, халыққа қызметін кеңейтуге мүмкіндігі бар. «Тек қала әкімдігінің рұқсатымен дүкеннің алдын қалыпқа келтіріп, жүк көліктері кіріп-шығатын жағдай жасап, алдыңғы бетін тартымды қылып жөнге келтіруді қолға алсам», — дейді Нұрлыбек.


Қыдыралы ӘЛИН.