ПОШТА ҚЫЗМЕТІНІҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙДІ

Пошта мекемесі ең алыс жатқан ауылдық жерлерге пошта қызметімен қатар қаржылай қызмет көрсететін бірден-бір халық игілігіне қажетті орын болып табылады. Шалқар қаласының орталығында орталық операциялық учаскесі мен қатар төрт қалалық пошта бөлімшелері және Халық канцеляриясы мен кірістер басқармасында төлем қабылдау пункттері халыққа қызмет көрсетіп отыр. Аудан орталығында үш банкомат жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, үлкенді-кішілі 13 ауылдық бөлімшелер ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр. Аудан халқына түрлі деңгейдегі баспа басылымдарын, хат-хабарлары мен сәлемдемелерді жеткізіп, әр өңірден келетін және жөнелтілетін хаттар арқылы тұрғындарды басқа аймақтардағы жақындарымен байланыстырып отыратын аудандық пошта байланыс торабының қоғам өмірінде алатын орны ерекше.
Бүгінгідей дамыған заманда 80 адам қызмет ететін аудандық пошта байланыс торабы өзге елдерден хат-хабар, сәлемдемелерді қабылдап, жөнелтіп және түрлі елдер арасында ақша аударымдары қызметін жүзеге асырады. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға баспа басылымдарын уақытылы жеткізіп, түрлі салық төлемдерін, коммуналдық төлемақыларды, жол ережесін бұзған азаматтардың айыппұл сомасын қабылдап, жәрдемақы, зейнетақы, еңбек- ақыларын үлестіреді.
Сондай-ақ, электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдап және жөнелтуге негізделген гибридті электронды пошта, сәлемдеме, халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеделдетілген хаттарды қабылдау және жеткізуге арналған «ЕМS», жеделдетілген ақша аударымы «Сәлем теңге» сынды қызметтердің игілігін көріп келеді.
Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ-ның стратегиялық жоспары аясында модернизациялау, трансформациялау жұмыстары кеңінен қанат жайып, нәтижесінде пошта қызметі жаңадан қосымша қызметтермен толыққан. Атап айтқанда, аудан тұрғындары пошта бөлімшелерінде екінші деңгейлі банктердің кредиттерін рәсімдеу, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозиттерін ашу, оны толықтыру, автокөліктерді сақтандыру, несие тарихын білу сияқты заманауи жаңа қызметтерді тұтына алады.
Қазіргі таңда «Хоум Кредит», «Альфа», «Азия кредит», «Евразийский» және «АТФ» банктерінің несиелерін берудеміз. Яғни, тұрғындар банктерді жағалап жүрмей, бір жерден бірнеше банкке сұраныс жіберіп, қажет сомасына несие ала алады. Басқа да ақшалай төлемдерді төлеу, әлеуметтік төлемдер, коммуналдық төлемдерді қабылдау, келісім-шарт бойынша, басқа мекемелер үшін төлемдер қабылдау (көгілдір отын, электр энергиясы, телефон, т.б.) ұялы байланыс үшін төлемдер қабылдау қызметтерін пошта қызметкерлері атқарады. Сол сияқты бюджетке салық және басқа төлемдер төлейтін болса не болмаса берілген тұтынушылық несиелерді өтегісі келсе немесе заңды тұлғалар үшін кассалық-есептік операциялар қызметтері қажет болса пошта мекемесі арқылы жасауға болады. Ерекше айтатын тағы бір жәйт, көпшілікке бірдей салық түрі жер мен мүлік салығын пошта ешқандай үстемақысыз, тегін қабылдайды.
Басқа банктерден тағы бір айырмашылығымыз аудан орталығындағы жасы ұлғайған, жүре алмайтын немесе өздігінен пошта бөлімшесіне келе алмайтын мүгедек тұрғындар үшін зейнетақы мен жәрдемақыларын үйлеріне жеткізіп беру жұмыстарын жүзеге асырамыз. Бүгінгі күні мұндай адамдар саны 200-ден асып отыр.
Көптеген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына есеп-шот ашып қызмет көрсетеміз. «Қазпошта» АҚ жаңа қызмет түрі — әлеуметтік карта.
«Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы республика бойынша алғаш болып қарапайым тұрғындар үшін жаңа әлеуметтік картаны жасап шығарды. Аталмыш карта жәрдемақы, зейнетақы сонымен қоса еңбекақы алу үшін пайдаланылады. Негізгі артықшылықтары — картаның тегін шығарылуы, бірінші жыл тегін комиссиясыз қызмет көрсетіледі, онлайн төлемдер бойынша бонустар, «Қазпошта» АҚ-ның банкоматтары мен төлем терминалдарынан ақшаны тегін шешіп алу және толықтыру, сондай-ақ «Халық банк» банкоматтарынан 100000 (жүз мың) теңгеге дейінгі соманы тегін комиссиясыз алу.
Осы картаны әлеуметтік жәрдемақы және зейнетақы алушылар пайдалануда.
Мерзімді баспасөз басылымдарына жазылуды қамтамасыз етіп, оны тарататын да біздің мекеме. Басты мақсатымыз — халыққа қызмет көрсету болғандықтан ауыл әкімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Көрсетер қызметімізді ауыл тұрғындарының талап-тілегіне орай бейімдейміз. Ақтөбе облысы әкімшілігі және «Қазпошта» АҚ арасында ынтымақтастық (меморандум) жөнінде келісімдер жасалған. Соның аясында пошта ұжымы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына одан әрі қатысып, өз үлесін қоса бермек. Халыққа қызмет көрсететін орын болғандықтан жетістікпен кемшін тұстар да қатар жүреді. Біздің тораптың қызметкерлері қандай сәтте де адалдықты алға қойып, халықпен тіл табысып жұмыс істеуді басты міндетке санайды. Ұжым қызметкерлері жаңашылдықпен жұмыс жасап, жаңа міндеттерді барынша лайықты орындауға күш салуда. Осы бірлескен жұмыс нәтижесінде 2019 жылды да табысты аяқтаймыз деген сенімдеміз. Мұның барлығы сайып келгенде өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын пошта қызметкерлерінің ерен еңбегі. Кәсіби мерекеге орай әріптестеріме еңбекте табысты, абыройлы болуын тілеймін.

Марғұлан ЕРМЕКБАЕВ,
Шалқар аудандық пошта
байланыс торабының бастығы.