КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІМІЗ—БІЛІМДІ ДЕ ТӘРБИЕЛІ ҰРПАҚ

Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген өсиетінің өзектілігі күннен-күнге арта түсуде. Ұлы Мұхтар Әуезов «Байлығыңмен емес, біліміңмен жарыс» деген өнеге қалдырған екен. Өткен күннің кемшіліктерін таразылап, алдағы күннің міндеттерін айқындайтын дәстүрлі тамыз кеңесі «Келешекке — кемел біліммен» тақырыбында өтті. Ел болашағының кілті — қазіргі жаңа технологияларды меңгерген, сонымен бірге түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін нағыз сапалы азаматтарда. Болашағына жол сілтейтін, келешегімізді кемел біліммен сусындататын біздер, ұстаздар қауымы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында мұғалім мәртебесіне ерекше тоқталып өтті. Мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы Елбасының айтқан сөзі көңілімізден шығып, үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені мұғалімдердің мәртебесін көтеру — елдің мәртебесін көтеру. Біздің еліміздің болашағын жасайтын кадрлардың бәрі мұғалімнің, ұстаздың алдынан өтеді. Білікті ұстаздан ғана білім алған сапалы ұрпақ, яғни жаңғырудың негізі бола алатын адами капитал Мемлекет басшысы айқындап берген мақсатқа жеткізеді.
Жаңа оқу жылын болжаммен 8300 оқушымен, 35 жалпы білім беретін, 4 мектептен тыс, 27 мектепке дейінгі мекемелермен бастағалы отырмыз.
ХХІ ғасырдағы дағдыларды жетілдіру және жаңа идеяларды туындату қоғамдық дамудың, экономикалық өсудің негізі болып табылады. Әрине, мұндағы басты рөл білім беруге жүктеледі. Әрбір баланың жеке дамуына мүмкіндік беретіндей старттық шарттарды білім беру ұйымы ұсына алуы қажет. Білім беру әрбір тәрбиеленуші мен оқушының тіршілік сапасын жақсартудың тәсілі болуы үшін аудан әкімдігі қажетті ресурстармен қамтамасыз етуде бар мүмкіншілікті жасап отыр. Білім беру мекемелерінің ағымдағы жөндеуі, жылу маусымына дайындықты ұйымдастыру, жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету үнемі аудан әкімінің ерекше назарында.
№3 орта мектептің күрделі жөндеуіне облыстық бюджеттен 82020,0 млн. теңге қаржы бөлінді, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №1 мектеп-гимназиясына ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 34169,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен мектептердің техникалық базаларын нығайтуға алғашқы әскери дайындық пәні кабинеттеріне 23 орта мектепке 4.478,0 млн. теңгеге пневматикалық мылтық пен АК-74 мылтығы алынса, ал аудандағы бес мектеп ауласына жалпы соммасы 24.758 млн. теңгеге спорт алаңы ашылды. (№8, Қорғантұз, Б.Сүлейменов атындағы, Тоғыз, ГКС-12 орта мектептері). №1 мектеп-гимназиясында 2.500,0 млн. теңгеге «ІТ-класс» жобасы бойынша бір кабинет жабдықталды.
2019-2020 оқу жылындағы жылу беру маусымына нысандардың жылу қазандықтарының жай-күйі жарақты, резервті жылу көздері бар және де жарақты жағдайда. Қатты отын — 62%, сұйық отын — 73% жылыту маусымына тасылды. Сонымен қатар биыл шілде айында Тоғыз ауылдық округінде 120 орындық №7 орта мектебі және Мырзағұл Шыманұлы ауылында 60 орындық Сарықамыс негізгі орта мектебінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.
2019-2020 оқу жылында оқулықпен қамту бойынша 9 баспамен шартқа отырылып, 60534 дана оқулық 25 тамызда тасымалданып, 1 қыркүйекке дейін мектептерге таратылып болады. Қазіргі таңда кітапхана қорындағы 1-8,11- кластардың оқулықтары оқушыларға таратылуда.
Бүгінгі күні ауданның білім саласының ақпараттану процесінің жағдайы білім беру ұйымдарының ақпараттық-коммуникациялық жабдықталуының, интернет желісіне енудің, АКТ-ны қолдануда біліктілікті арттырудан өткен педагог қызметкерлер мен басқарушы құрам үлесінің жоғары көрсеткіштерімен сипатталады. Қазіргі таңда 6 оқушыға 1 компьютерден келеді, интернетке ену мүмкіндігі мектептердің 100 % құрайды. Барлық білім беру ұйымдарының сайттары, әлеуметтік желілердегі парақшалары мекеме тынысынан хабардар етіп отырады. Shalkar-bilim.kz сайты жасалды.
Заманауи сапалы білімнің басымдылығын және құзырлылығын, қазіргі қоғамның білім алу тапсырысын түсіну ең алдымен дарынды балалармен жұмыс жүйесіне міндеттер жүктейді. Дарынды балалармен жұмыс жасаудың міндетті позициялары ретінде мектептік пәндер бойынша оқытудың жоғары деңгейі, таңдау курстарындағы, үйірмелердегі, кластан тыс жұмыстар қарастырылады. Аудан оқушылары пәндік олимпиадалармен қатар «Дарын» ғылыми-практикалық республикалық орталығының бөлімшелеріндегі түрлі бағыттар бойынша ұйымдастырылатын жобаларға, интеллектуалдық олимпиадалар мен конкурстарға қатысып жүр. Соңғы үш жылдың өзгерістерін талдау жетістіктер санының біршама өскенін көрсетеді. Оқушылардың облыстық пәндік олимпиадасына 35 оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша 2 оқушы І орынмен, 2 оқушы ІІ орынмен, 9 оқушы ІІІ орынмен және 4 оқушы Мақтау қағазымен марапатталды. Республикалық пәндік олимпиададан 2 жыл қатарынан №5 мектеп-лицейінің оқушысы 3 дәрежелі орынды иеленді. Облыстық кіші пәндік олимпиадаға барлығы 12 оқушы қатысып, 1 оқушы І орынмен, 4 оқушы ІІ орынмен, 3 оқушы ІІІ орынмен және 1 оқушы Мақтау қағазымен марапатталып, Шалқар ауданы тұңғыш рет «Үздік команда» кубогіне ие болды. Облыстық ғылыми жобаға 32 оқушы қатысып, 18-і жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Облыстық Абай оқуларында Сарысай негізгі орта мектебінің 9-класс оқушысы Дильназ Көшетерова бас жүлдені иеленіп, ағымдағы жылдың тамыз айында Семей қаласында өтетін Республикалық Абай оқуларына қатысуға жолдама алды. Дарынды оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру да назардан тыс қалмады. Дарынды 6 оқушы Ақтау қаласында, 6 оқушы Алматы қаласында, 4 оқушы Өскеменде, 6 оқушы Көкшетау қаласы жанындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерлерінде демалып қайтты.
Білім алу мен тәрбие процесіне әрбір қазақстандық балалар тартылуы қажет. Мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» Республикалық акциясы жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтуде. 
Биылғы оқу жылында «Жүректен жүрекке!» ұранымен аталмыш шара жалғасын табуда. Аудандық акция шеңберінде мектепке бармайтын балаларды және т.б. анықтау мақсатында ақпараттық-түсіндірме іс-шаралары, мектеп жәрмеңкелері, қайырымдылық күндері, рейдтік іс-шаралар (үйлерді (пәтерлерді), саяжай учаскелерін, фермерлік шаруашылықтарды аралау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар 19 тамыз күні «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бойынша Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде жоғарыдағы аталған санаттағы азаматтарға қабылдау өткізіліп, түсіндірме жұмыстарын жүргізілді. Бүгінгі күннің өзінде аталмыш шара бойынша 3 млн. 286 мың 900 теңге 1738 балаға көмек көрсетілді 30 қыркүйекке дейін жалғасын табатын акция барысында көкірегі ояу әрбір азаматтың қалыс қалмайтынына сеніміміз мол және қолдау көрсеткен жерлестерге үлкен ризашылық сезімімді жеткізгім келеді.
Бүгінде даму мүмкіндігі шектелген тұлғалардың қоғам өмірінен тыс қалмауы үшін білімнің атқаратын рөлінің маңыздылығына ешкім шек келтірмейді. Аудан бойынша 0-18 жас аралығында мүгедек, мүмкіндігі шектеулі 258 бала есепте тұр. Оның ішінде қалада 202, ауылда 56 бала. Шалқар аудандық зейнетақы орталығынан 123 бала мүгедектігіне байланысты зейнетақы алып отыр. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 16 әлеуметтік қызметкері үйден оқитын мүгедек балаларға үйінде сабағына дайындалуға және түзетім кабинетіне барып қайтуына жағдай жасап, қызмет көрсетеді. Мүгедек және мүмкіндігі шектеулі 27 бала арнайы көмекші бағдарламамен үйден оқытылды. Осы балалардың әрқайсысына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан білім беру кезеңдерінде ай сайын 2405 теңге төленіп отырды. Аудандағы 35 мектептің 23 мектебінде 71 бала жалпы білім беру бағдарламасымен және жеңілдетілген арнайы бағдарлама бойынша оқытылды. Жалпы соңғы екі жылда білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға 320 дана оқу-әдістемелік құралдар алынды. Қазіргі таңда ерекше балалармен жұмыс жасау бойынша оқу-әдістемелік құралдар 23 мектепте қолданылуда. Оқушыларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау жеке және топтық үлгіде жүргізіледі. Бұл жұмыстарды жалпы білім беретін мектептер жағдайында психолог, әлеуметтік педагог мамандар және аудандағы психологиялық -педагогикалық түзеу кабинетінің қызметкерлері жүргізеді.

Мүмкіндігі шектеулі 25 бала қосымша білім беру ұйымдарына тартылған. 82 пән мұғалімі инклюзивтік білім беру мәселесі бойынша арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен. Десек те, мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасауға қажетті арнайы мамандар (логопед, дефектолог) жоқтығы көп кедергі келтіруде.
Жыл сайын мүгедектер күніне орай аудандағы мүгедек балаларға қолдау көрсету мақсатында аудан мекеме басшылары тарапынан әр бөлінген балаларға 15 мың теңге көлемінде демеушілік көрсетілді. Наурыз айында «Жұлдызай» халықаралық балалар шығармашылық байқауының облыстық іріктеу кезеңіне 5 бала қатысып, №2 мектеп-гимназиясының оқушысы жүлделі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Қазіргі таңда жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» балалар сауықтыру лагерінде білім беруде ерекше қажеттілігі бар 14 бала демалуда және қараша айында 20 баланы сауықтыру лагеріне жіберу жоспарлануда.
Тағы бір маңызды сала — мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие бағыты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін мектепке дейінгі ұйымдарымен қамту туралы тапсырма бергені белгілі. Қазір ауданда 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту бойынша көрсеткіш 100 пайызды құрап отыр. 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылуы — 83 пайыз. Бұндай көрсеткіш жаңа балабақша құрылыстары, мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы жүзеге асырылуда.
2018 жылы 1 жекеменшік балабақша жабылып, 3 жекеменшік (41 орындық, 40 орындық, 200 орындық) балабақша ашылды. Ауданда қазіргі таңда 27 балабақша (22 мемлекеттік, 5-і жеке балабақша) болды. Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелерде бала саны —1775.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс» дегендей, бала бар жақсылық пен игілікті, тәрбие мен білімді мектептен алады. Бала тәрбиесі мен білім беру ісінде отбасы мен қоғамның қосар үлесі ұшан теңіз. Бүгінгі таңда мектеп пен ата-аналар арасындағы байланыс жаңа көзқарастағы жүйелі жұмысты қажет етеді. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған. Балаға ең алдымен тәрбие берілуінің қажеттілігі тұжырымдамасы қай заманда да, қай қоғамдық формацияда да өзектілігін жоймақ емес. Білім мазмұнын жаңартуда тәрбиенің функционалдық рөлі арта түседі.
Білім беру ұйымдарында жан-жақты жұмыс атқарылғанымен, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық тоқталар емес. Осы ретте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, оның ішінде қылмыс, яғни суық қару қолданып біреудің өмірін қию, денсаулығына қасақана зиян келтіру мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандардың тыйым заттарды алып жүруі бойынша қатаң бақылауға алу мақсатында аудан мектептерінің жарғысына және ішкі тәртіп ережесіне «Білім беру ұйымдарына алып кіруге және қолдануға болмайтын заттар тізбесі» орта білім беру ұйымдарының Жарғыларына толықтыру енгізу туралы аудан әкімдігінің 22.01.2019 жылғы №22 қаулысымен енгізілді. Барлық мектеп бойынша тыйым салынған заттар, яғни қадалғыш, кескіш қарулар білім ордасына әкелуге, қолдануға болмайтындығы туралы жалпы ата-аналар жиналысы өткізіліп, таныстырылды. 30 мектеп бойынша құрылған «Қамқоршылық кеңесі» мүшелерінің қатысуымен тыйым салынған заттарды анықтау мақсатында оқушылардың оқу-құралдарына тексеру рейді жүргізіліп, қатаң бақылауға алынды.
Білім саласы бойынша қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықпен аудандық полиция бөлімінің есебінде 7 оқушы тұр. Олардың барлығы әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылған. Бұл балаларға қоғамдық жетекші тағайындалып, күнделікті ата-анасымен байланысып бақыланып отыр.
Қала мектептері бойынша жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 2019 жылдан бастап жыл бойы өткізілетін «Біз біргеміз!» жобасы іске қосылып, жоба аясында аудандық сот судьясы С.Дәріқұловамен және бұрын соттылығы болған азаматтармен ер балаларды кездестіру ұйымдастырылып, балаларды өзара достық қарым-қатынас орнатуға шақырылды, 90 оқушы қамтылды. Сонымен қоса «Құқық — әділет пен парасат жолы» тақырыбында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ер балалармен кездесу өткізілді. Кездесуге жобаға алынған 90 оқушы қатысып пікір алмасты. Аталған «Біз біргеміз!» жобасы одан әрі жыл соңына дейін жалғасады. Алайда, қаншалықты тәрбиелік шаралар өтілгенмен, рейд жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгенмен, құқық бұзушы жасөспірімдер саны азаяр емес. Осы ретте мектеп басшыларына жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын одан әрі жандандыруға, мектеп инспекторларымен бірлескен жұмысты жүйелі орынға қоюды тапсырамын.
2019 жылғы жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру шаралары туралы аудан әкімдігінің 30.05.2019 жылғы №134 қаулысы негізінде Шалқар ауданында 2019 жылғы балаларды жазғы демалыспен қамту жоспары жасалып, 1-10-сынып аралығында 7784 бала болды, соның ішінде жазғы демалыспен 7722 бала (98%) қамту жоспарланды. Жоспарға сәйкес барлық мектеп бойынша 1 маусымнан бастап 5 шілде аралығында мектеп жанында демалыс алаңдары жұмыс жасады.
30 мектеп бойынша мектеп жанындағы алаңға барлығы 6300 бала қамтылды, оның ішінде тамақпен қамтылатын алаңға жергілікті бюджеттен бөлінген 6487680 теңге қаржымен 2100 бала қамтылды.
Балаларға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйрету мақсатында мектеп жанында «Үштілділік» алаңы жұмыс жасап, 5-7-сынып бойынша 1200 баланы қамтыды. «Спорт» ойын алаңына 1-4-сынып бойынша 1300 бала, еңбек лагеріне 8-10-сынып бойынша 1700 бала қамтылды. Балаларды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша мектептерден аз қамтылған отбасынан 18 бала жұмыс жасады.
Мектеп жанындағы алаңдарда балалардың демалысын көңілді өткізу және бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі шаралар өткізілді. Қосымша білім беру ұйымдарында маусымдық шаралар, жазғы плэнерлік жұмыстар, спорттық ойындар өткізіліп, балаларға тәттілер таратылды.
Білім бөлімінің жоспарына сәйкес жазғы демалыстағы балаларға театрлық қойылым өткізу мақсатында Оқушылар сарайы 7 маусым күні Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде қайырымдылық концертін және «Ертегілер әлемі» қуыршақ театрын ұйымдастырып, балаларға көңілді кеш сыйлады. Қайырымдылық концертінен түскен 100 мың теңге қаражат ауданымыздың кішкентай бүлдіршіні Дана Медетқызының емделуіне берілді.
Табиғат аясында балаларға демалыс ұйымдастыру мақсатында шатырлы лагерьге жергілікті бюджеттен 466 000 теңге қаржы бөлініп, Шалқар көлі жағалауына 12-15 маусым аралығында демалыс өткізілді. Шатырлы лагерьге кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты жою және достық қарым-қатынас орнату мақсатында барлық қала мектептерінен 8-10-сынып бойынша ер балалар қамтылды. Оның ішінде полиция бөлімінің және мектепішілік есепте тұрған балалар да қамтылды. 3 күндік шатырлы лагерь барысында туристік, спорттық ойындар ойнатылып, өз өнерлерімен бөлісу үшін мәдени кештер өткізілді.
Қала сыртындағы лагерь ұйымдастыру мақсатында басқа қалаларға демалуға балаларды жолдамамен жіберу жоспарланып, жергілікті бюджеттен 6993700 теңге қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесі бойынша Орал қаласындағы «Атамекен» лагеріне шілде айынан бастап 200 бала жіберілді. Оның ішінде жекеленген санаттағы балаларға Халықтық кеңсе арқылы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, жолдама берілді. Биылғы Жастар жылына орай 10-14 жас аралығындағы мектеп оқушыларын Ақтау қаласына экскурсияға жіберу үшін жергілікті бюджет есебінен 2200 000 теңге қаржы қарастырылып, 40 бала саяхаттап келді. Және де ата-ана демеушілігімен де мектеп оқушылары Ақтау қаласына, Түркістан қаласына саяхаттады. Білім бөлімінің ұйымдастыруымен ата-ана демеушілігімен Түркістан қаласына 30 бала саяхатқа шықты.
Облыс бойынша тарихи маңызы бар өңірлерге саяхат ұйымдастыру мақсатында Қобда ауданы Әлия мұражайына №4 орта мектептен 25 бала барып саяхаттады және патриоттар клубына қабылданып, ерекше әсермен оралды. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектер, яғни «Алтын белгі» иегерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, Әлия мұражайына, Қобыланды батыр кесенесіне саяхаттап келді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Шалқар ауданының тарихи өңірлеріне (Ойыншық тау, Есет Дәрібай кесенесі, Қоянқұлақ, Сынтас, т.б.) әр мектептен саяхаттар ұйымдастырылып, 300 бала қамту жоспарланды. Жоспар бойынша барлық мектеп тарапынан экскурсиялар жүргізілді. Осы мақсатта Қорғантұз орта мектебінің оқушылары ата-аналардың демеушілігімен Боқтыбай тауына саяхаттап, тау етегінде шатыр құрып демалыс өткізді. Бозой мектебінің оқушылары Ақбасты ауылының табиғатында демалды. №5 мектеп-лицейінің оқушылары Есет-Дәрібай кесенесіне экскурсия жасады.
Балалардың жазғы демалысының ұйымдастырылуы туралы баспасөз беттерінде жариялау мақсатында «Шалқар» газетіне «Жайдарлы жаздың демалысы», «Ақтөбе ұстазы» газетіне «Жазғы демалыс» тақырыптарында білім бөлімінен мақала жарияланды. Сонымен қатар бөлімнің және барлық мектептің әлеуметтік парақшаларында жазғы шаралар үздіксіз жарияланып отырды.
Білім беру стандарты тек белгілі бір білім деңгейін оқытса, баланы шығармашылыққа баулып, оның дамуына жан-жақты жағдай жасайтын қосымша білім беру ұйымдары болып табылады. Аудандағы 4 қосымша білім беру ұйымдарында 4340 оқушы (қала — 3451 , ауыл — 889 ) өздеріне ұнайтын түрлі үйірмелерге қатысып отыр. (Атап айтар болсақ, №1 Аула клубындағы 11 үйірмеде 2132 оқушы, Оқушылар сарайындағы 15 үйірмеде 1258 оқушы, көркемсурет лицейіндегі 6 үйірмеде 470 оқушы және Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің 11 үйірмесінде 480 оқушы тартылып отыр). Қосымша білім беру ұйымдарына ауданда оқушылардың қамтылуы 52,2 % құрағанмен, жоғары сынып атап айтсақ, 9,10,11-сыныптың ер балаларының үйірмелер мен секцияларға қатысуы төмен болып отыр. Алдағы мақсат оқушыларымыздың бойындағы өз мүмкіндіктерін аша түсетіндей, оларды қызықтыратындай қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелер түрлері мен санын көбейту көзделіп отыр. Мұғалім — өткен мен бүгінді жалғайтын алтын арқау, келешекке жол сілтейтін шамшырақ. Халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді»- деген ұлағатты сөзі осыны растайды.
Ауданда 1501 мұғалім жалпы білім беретін мектептерде жұмыс жасайды. Оның ішінде 772-сі қалада, 729-сі ауыл мекемелерінде қызмет етеді. Алайда, математика, физика, ағылшын тілі, орыс тілі, химия пәндері бойынша маман жетіспейді. 1236 педагог — жоғары білімді, 2656 педагог — арнаулы орта білімді. Жоғары санатты педагог саны — 260, І санатты педагог саны — 409, ІІ санатты педагог саны — 367, санаты жоқ педагог саны — 454.
Педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесі бойынша қазіргі таңда ауданда 11 «Шебер-педагог», 134 «Зерттеуші-педагог», 149 «Сарапшы-педагог», 135 «Педагог-модератор» біліктілік санатын иеленді.
Орта білімге қатысты жаңа мазмұндағы мақсаттардың орындалуының межесі 2021 жылы аяқталуына сәйкес педагогтардың да білім беру сапасына мән беру тапсырылды. 2018-2019 оқу жылында деңгейлік курстардан 22 педагог қызметкер өтсе, оның ішінде 11-і мектеп директорлары курсынан, 6-ы зерттеуші тренер курсынан, 4-і ІІ деңгейдегі курстарда біліктіліктерін арттырды.
Қазақстандықтардың болашағы — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Физика, химия, биология және информатика пәндері бойынша 20 мұғалім ағылшын тілін үйрену курсынан өтті. Базалық курстар бойынша 150 мұғалім біліктіліктерін арттырса, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 324 мұғалім, 10 мұғалім қайта даярлау курстарынан өтті. Ертеректе білімге сусаған халықтың зердесін ашқан, кезіндегі мұғалімнің жағдайының қандай болғандығы әлі де елдің есінде. Кейіннен мұғалімге деген жалпы құрметтің біршама бәсеңдегенінің куәсі де болдық. Қазір заман да, жағдай да басқаша. Білім саласындағы мемлекет ұсынып отырған саясатқа сәйкес еліміздегі мұғалімдердің мәртебесі мен дәрежесін көтеруге соңғы жылдары айрықша назар аударылуда, мектеп мұғалімдерінің беделін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетіліп, білім саласына басымдық беріліп келеді. Мектеп мұғалімдерінің жалақысы жылма-жыл сатылап өсіп, жатқанына бәріміз де куәміз. Алайда, алмақтың да салмағы бар екенін естен шығармауымыз керек. Мұғалім — бар болғаны мамандық, ал ұстаз болу — ізгі іс, демек мектеп мұғалімдеріне талап та күшейеді, әрбір мұғалімнің білімі мен еңбегіне, жетістігі мен табысына, кәсіби ұмтылысына талдау жасау, сол бойынша ынталандыру жұмыстары жолға қойылуы керек. Үнемі бала көзінде болу әрдайым жинақы, таза, әдепті жүруді талап етеді. Кез келген уақытта шәкірттің қандай да болса сұрағына білімділікпен жауап беруге тура келеді. Бір сөзбен айтсақ, ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепте және мектептен тыс қоғамда тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Мұғалімге қойылып отырған қоғамдық талап өскен сайын жауапкершілік те өсе түседі. Мұғалімдер қауымы оны жақсы түсінуі керек. Қоғамда азаматтың тек қана білім алуы жеткіліксіз, ең маңыздысы — сол алған білімін күнделікті өмірде тиімді қолдана білуі. Сол себепті қазір оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға басымдық беріліп отыр. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыру жөніндегі жоспарына сәйкес «Қазақстандық жалпы білім беретін мектептердің 4-9-сынып оқушыларының оқу жетістігін бағалау» №1 мектеп-гимназия, №8 орта мектебінде мониторингтік зерттеу жүргізілді.
Соңғы 3 жылда ауданда жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша білім сапасы оң динамика көрсетіп келеді. 2018 жылы 55,6%, 2019 жылы 64,4 %- ға көтерілді.
2018-2019 оқу жылында 23 орта мектепті бітіруші 437 оқушының 276-сы Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде 265 қазақ тілінде, 11-і орыс тілінде тапсырды (қала мектептерінен — 184, елді-мекен мектептерінен — 92), Яғни, барлық мектеп бітірушілердің аудан бойынша 63,1% ҰБТ-ға қатысты. ҰБТ нәтижесімен шығармашылық бағытты таңдаған қатысушыларды қоспағанда (272 қатысушы) аудан бойынша орташа балл — 93,6 шығармашылық бағытты таңдаған қатысушыларды қосқанда (276 қатысушы) орташа балл 92,7 болды.
Талдау барысында 54 «Алтын белгі» иегерлерінің 39-ы 100-ден жоғары балл жинады. Аудан бойынша ең жоғары балл — 132 балды №1 мектеп- гимназиясының оқушысы Әсемай Оралбекқызы иеленсе, №1 мектеп- гимназиясы, Б.Сүлейменов атындағы және Жаңақоныс орта мектептері ҰБТ көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
ҰБТ қорытындысы бойынша 23 мектептен 123 оқушы 100-ден жоғары балл жинаса, бұл барлық ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 44,6% пайызын құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 7 мектептен 14 қатысушы 0-49 шектік балды жинай алмады.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенуі қажет. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдалана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер! Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз болайық.
Дана халқымызда «Игілік басы — ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Ендеше, Тәуелсіздігіміз баянды, тұтастығымыз берік, елдігіміз мәнді болсын! Заман — ұлы көш. Олай болса, осы көштен қалып қоймай, Тәуелсіз еліміздің көк Туын көкке көтерер  рухы биік, санасы ояу, іскерлігі шыңдалған, иман жүзді, білімді азаматтарды тәрбиелей берейік!

Абзал АБДЫКОВ,
ауданның білім бөлімінің басшысы.