АРДАГЕРЛЕР ЖАҢА БАСШЫСЫН САЙЛАДЫ

Қала әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің жиыны өтті. Оны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев ашып, жүргізді. Күн тәртібіне осыған дейін қызмет атқарып келген аталған кеңестің төрағасы Ермекбай Тұрғанбаевтың өз өтініші бойынша босатылуына байланысты жаңа төрағаны сайлау мәселесі енді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері мен ардагерлер қауымы қатысқан жиында Қорғанбек Исаев соңғы төрт жылда Ермекбай Тұрғанбаевтың аталған кеңесті басқарған тұстағы еңбектерін айтып, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің оған деген алғысы мен сый-сияпатын тапсырды.
Өз кезегінде сөз алған Ермекбай Тұрғанбаев осы жылдар ішінде өзіне қолдау көрсеткен ауданның барша атқа мінер азаматтарына, иық тіресе жұмыс істеген замандастарына ризашылығын білдіріп, осындай сәтте марапат табыстап, иығына шапан жауып, үлкенге құрметтің бірегей үлгісін көрсеткен аудан басшысына алғысын айтты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе — жаңа төрағаны сайлау құқығы пленум мүшелерінің таңдауымен өтті. Олар бірауыздан ашық дауыс негізінде 74 жастағы Шалқар қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Қуанышбай Князбаевты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде сайлады. Жаңа төрағаның қызметіне сәттілік тілеушілер көп болды. Барлығы да елдік шаруаларда аға буынның ауызы бір болып, кейінгі ұрпақ алдында үлгілі істердің ұйытқысы болу керек деген тоқтамға келді.
Аудандық ардагерлер кеңесін бұрын біраз жыл басқарған тыл және еңбек ардагері Оразбай Әділбаев жалпы аудандық ардагерлер кеңесінің негізгі атқаратын қызметі мен қоғам алдындағы беделіне тоқталды.
—Ардагерлер кеңесі — көпке бағдар беретін қазыналы орын. Бұл жерде елдік істер екшеленіп, көргені көптің тәжірибесі мен тәлімі талқыланып, қоғам игілігіне жұмсалуы керек. Жақсы жұмыс қана қандай да ортаның беделін көтереді. Бүгінгі қызметке жаңа сайланған Қуанышбай ініміз белсенділердің қатарынан, сондықтан оған артылар сенім ақталады, деп ойлаймын, — деді О.Әділбаев.
Еңбек ардагерлері Бағжан Жоламанов, Сахан Көшкінбаев, т.б. сөз сөйлеп, кеңестің алдағы жұмыс жоспарын жаңғыртып, халық игілігіне ортақ істердің басы-қасынан ақылшы ардагерлердің табыла берулеріне тілектестіктерін білдірді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің жаңадан сайланған төрағасы Қуанышбай Князбаев өзіне артылған сенімге ризашылығын білдіріп, сол сенімдердің үдесінен шығу жолына бар күш жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.