«БІЗ МЕКТЕПКЕ БАРАМЫЗ»

Аптаның алғашқы күні қайырымдылық іспен басталып, «Мектепке жол акциясы» өзінің жалғасын тапты. Сауабы мол іске қол созу адамзаттың асыл қасиеті деп білетін ауданның белсенді жастары оқушылардың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу мақсатында «Біз мектепке барамыз» атты қайырымдылық шара аясында шағын футболдан жарыс ұйымдастырды. Жарыстан түскен қаражатқа ауданымыздағы аз қамтылған отбасы балаларына мектепке қажетті киім-кешектер мен оқу-құралдары алынды. Күн өткен сайын шараның ауқымы кеңейіп, демеушілер қатары да артып келеді. Осы акцияға демеушілік білдірген мекемелер: «Минеральные воды Казахстана» ЖШС, №1 Аула клубы мекемесі, Шалқар сервис орталығы, Шалқар вагон жөндеу депосы, №5 мектеп-лицейі, №4 орта мектеп, Қауылжыр, Шалқар, Айшуақ, Тоғыз, Біршоғыр, Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Бозой ауылдық округтері, «Азамат» жастар командасы және Мәтей Қоқанұлы атындағы орталық мешіт жамағаты.
Жарысқа жалпы саны 11 команда қатысып, 3 команда алдыңғы қатардан көрінді. Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша «Қамқор Локомотив» командасы — I орын, «№4 мектеп» командасы — II орынмен марапатталса, ерікті жастардан құралған «Азамат» командасы –III орын алып, аудан әкімінің кубогі, Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.Сонымен қатар команда мүшелері «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы» номинацияларымен марапатталды. Командадағы үздік ойыншылар марапаттау сәтінде оқушыларға алынған құрал-жабдықтарды табыстады.
Жақсылықтың қайтарымы көп болады. Бәрімізге де ізігіліктің көрінісі болатын осындай сауапты істерге ұмтылуды нәсіп етсін! Қайырымдылық акциясына қатысқан барлық мекеме басшылары, ауыл әкімдерін және жастарға алғысымызды білдіреміз.


Аудандық жастар ресурстық орталығы.