Денсаулық

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі

Қазақстанда ауылдық елді мекендерде халықтың 38%-ы тұрады. Олардың басым бөлігі ресми жұмыс істеп, МӘМС-ке жалақыдан аударымдар мен жарналар төлейді. Кейбір азаматтар дербес төлеуші ретінде (айына 4250 теңгеден төлеп) сақтандырылған.

Бүгінгі таңда Шалқар  ауданында 37 мыңнан астам адамның сақтандырылған мәртебесі бар, ал  барлық сақтандырылған азаматтар төлеген жарна мөлшеріне қарамастан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқылы. /5195 адам сақтандырылмаған/

Ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық көмек алу үшін алдымен учаскелік дәрігерге бару керек. Әр елді мекенде дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт болады.

МӘМС туралы толық ақпарат алу үшін Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері  Е.Купеновпен сұқбаттасқан едік.

—2025 жылы МӘМС үшін қанша төлейміз?

—Дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлерге жарналарды есептеу үшін ең төменгі жалақы есепке алынады. Биыл ол бұрынғы деңгейде қалды, яғни 85 000 теңге. Демек, жарналар мөлшері де өзгермейді.

Сонымен, 2025 жылы МӘМС үшін кім қанша төлейтінін еске салсақ:

* Жұмыс берушілердің аударымдары — қызметкердің табысынан 3%;

* Қызметкерлердің жарналары — табыстың 2%-ы;

* Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары — табыстың 2%-ы;

* Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары — айына 5 950 теңге;

* Дербес төлеушілердің жарналары — айына 4 250 теңге.

Биыл тек біржолғы төлем мөлшері 21,5%-дан 23,8%-ға дейін өзгереді.

МӘМС жарналарын «Қазпошта» АҚ және екінші деңгейлі банктердің кассалары, жылдам төлем терминалдары әрі банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады.

—Бейінді дәрігерге қалай жазылуға болады?

—Пациент гастроэнтерологке жолдама алды делік. Енді ол дәрігер кеңесіне аудандық аурухананың тіркеу орнына қоңырау шалу арқылы немесе оның медициналық ұйымына енгізілген медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы арқылы жазыла алады. Қарияларға бұл жағдайда ауылдық медбике көмектесе алады.

Егер пациент МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы болса, қабылдауға жазылып, ары қарай диагностикадан өтеді. Оның қорытындысы бойынша, ем тағайындалып, қажет болса, операцияға жіберіледі. Бұл жағдайда қажет тексерілулер кешені жүргізіледі. Дәрігер пациентті Емдеуге жатқызу бюросы арқылы тіркеп, ота жасалатын күн таңдалады.

Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, аурухамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді.

Бүгінде аудан аумағындағы ауруханалар облыс орталығында орналасқан «КөзЖарығы», «Айгерим», «Қуаныш» медициналық орталықтарымен, №7 қалалық емханамен, облыстық перинаталдық орталығымен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен, «Сенім-Clinic» емдеу-диагностикалық орталығымен, №3 қалалық емханасымен, облыстық патологоанатомиялық бюросымен, Ақтөб емедициналық орталығымен (Aktobe Medical Center), Жедел медициналық жәрдем ауруханасымен (БСМП), «БИОС» медициналық орталықтарымен келісім-шартқа отырған.

Аудан тұрғындары жоғарыда аталған медициналық орталықтардан аудан аумағында көрсетілмейтін диагностикалық зерттеулерден өте алады. Айта кетсек, МРТ, КТ, ЭГГ, т.б. секілді аппараттарға тегін түсу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, аудан аумағында жоқ профильді дәрігерлердің кеңесіне бара алады. Ал бағасы қымбат тұратын лабораториялық зерттеулерді МӘМС аясында облыстағы ірі «ОЛИМП КДЛ», «INVIVO» секілді лабораторияларға тегін тапсырып, сараптама жасата алады.

—Аудандық ауруханада қажетті медициналық қызмет болмаса не істеу керек?

—Қандай да бір бейінді маман немесе қажетті диагностикалық қызмет болмаған жағдайда пациентті қалаға, аурухамен бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымға жібереді. Сондай-ақ, азаматтар Қордың деректер базасында тұратын және МӘМС бойынша көрсетілетін керек қызметтерді, клиниканы өздігінен таңдай алады.

Бұл ретте оған шарттың жоқтығына сілтеме жасай отырып, жолдама беруден бас тартуға құқығы жоқ. Себебі шарт жазбаша жолдама мен көрсетілген қызмет негізінде автоматты түрде толтырылады.

Қор сарапшысының айтуынша, аудандардың орталық ауруханалары мен емханалары әдетте ультрадыбыстық және рентгендік жабдықтармен толық жабдықталған, толыққанды зертханалар жұмыс істейді. КТ және МРТ аппараттары  қалалық клиникаларда ғана бар, сондықтан ауыл тұрғындары бұл тексерулерге қалаға жіберіледі. Пациент жолдама алған соң, қажетті клиникаға қоңырау шалып, МӘМС аясында диагностикаға жазылады.

—Оңалтудан қалай өтуге болады?

—Оңалту курсын реабилитолог маманы немесе реабилитациялық комиссия тағайындайды. Аудандық ауруханаларда күндізгі стационар деңгейінде оңалтудың үшінші кезеңі жүргізілуде. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж кіреді. Дегенмен, пациенттің қалауы бойынша кез-келген қалада оңалту емін алуға болады. Алдымен оңалту орталығы таңдаған мүмкіндіктер мен кестені нақтылау маңызды.

«Оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілетіні көпшілікке мәлім. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етті. Операциядан кейін әркім өз қалтасынан жүздеген мың теңгеге оңалтудан өте алмайды, ал көптеген адамдар жыл сайын бірнеше оңалту курсынан өтуі керек. Ал МӘМС есебінен қабілеттерін қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын тегін арттыруға болады», – деп атап өтті бас дәрігер.

—Жүкті әйелдерді бақылау қалай жүргізіледі?

—Дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерде     зертханалар жұмыс істейді. Жүкті әйелдер онда барып анализдер тапсыра алады. Олар жергілікті акушердің бақылауында болады. Ал акушер болмаған жағдайда, аяғы ауыр әйелдер ай сайын аудандық ауруханаға жоспарлы түрде барып, қажетті тексерулерден өтеді.

Егер шұғыл медициналық көмек керек болса, әйел жедел медициналық көмекті шақырады. Олар қажет деп тапса, аудандық ауруханаға жеткізеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Шалқар аудандық аурухананың  салауатты өмірсалтын қалыптастыру кабинеті.

Басқа материалдар

Back to top button