Бүйректен береке тапқан Арғынбай
Төрт түлікті тең өсіремін деп, табиғаттың ыстық, суығында дала төсінде тер төгуге белін бекем буған шаруалар саны қазір артып келеді. Бұл қуанарлық жәйт. Алайда шалғайдағы малшының бәріне ортақ мәселе — мал бағатын адамның тапшылығы болып отыр. Ата кәсіпке ынталы болғанымен, көпшілігі отбасымен жел өтінде жүріп, малдың бар бейнетін арқалауға тәуекел ете бермейді. Ақыры жалдамалы малшы іздейді.
Ондай шаруашылықтарға маңдай тіресең, мал-жан амандығын сұрап, қысқа тілдесіп, кері бұрылуыңа тура келеді. Олардан: «шаруашылық иесі біледі» деп, екі иығын көтергеннен басқа мардымды жауап ала алмайсың. Бұл көрініс —бүгінгі мал ауылдарда жиі ұшырасады.
Ал тәй-тәй басқаннан «тезекке» сүрініп, қорадағы таңғы қарбаласпен оянып, еңбекте ерте шираған шаруалар қашанда қамшы салдырмайды. Үйіне түскен мейманмен емен-жарқын әңгімелесіп, бір жасап қалады. Айшуақ ауылдық округіне қарасты «Арғынбай» шаруа қожалығының төрағасы Арғынбай Тұрмағанбетов сондай ағеділ жан. Ол бар ғұмырын осы мал шаруашылығына арнап келеді.
Қыстағы Бүйрек деп аталатын жерде орналасқан шаруашылығына біз күн ұясына еңкейе жеттік. Қаңтардың кеш-құрым күшіне мінген қытымыр аязы жапандағы жалғыз үйдің мұржасынан будақтаған түтінді түзу ұшырып, көкке сіңіріп жатыр.
Жол соқты болған бізге үйге кіргеннен бір жылулықтың табы сезілді. Қи қаланған ошақтың есігінен қызыл жалын сығалайды, үстіндегі қара қазан да өз-өзіне сыймай қайнап жатыр. Арғынбай аға аман-саулықтан соң: «кеуім түскенше сіздерге мал-жайымды көрсетіп үлгерейін» деп, тысқа шығуға беттеді. «Журналистің фотоаппараты оқтаулы ғой, суретке түсіріп алып жүрер…» деп, айна іздеместен Күнзира жеңгемізге қарап, «бет-бейнем дұрыс па» дегендей, ишарат білдірді…
Сосын ол бірден қой қораға беттеді. Құдайы қонағы келсе, қораға жүгіретін қонақжай бабамыз төрт түліктің ішінен Шопан ата түлігін өсіруді ата кәсіпке санаған емес пе?! «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деп ұрпағына ұлағат айтқан шаруалар қорасындағы осы түліктің саны соңғы кездері азайып барады. Мәселен, жалпы 58 шаруа қожалығы бар Айшуақ ауылдық округінде 6 қожалық қана қой ұстайды екен. Соның бірі осы біз табан тіреген «Арғынбай» шаруа қожалығы. «Мал баққасын қойды ұстау керек, ол күнделікті қалтаңда жүретін пұлың ғой. Қазір мал бағудың да тәсілі өзгерді. Бәрі де жеңіл жолмен мал көбейткісі келеді, қойдан бас тартып, ірі-қараға көшудің нақ себебі осы» дейді Арекең.
— Сонау кеңшарлар тұсында бұл жерде қой бағатын «Жас-Қанат» жастар бригадасы болған. 1986 жылдан бастап біздің атақонысымызға айналды. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Өзім де зейнетке шығуыма санаулы айлар қалды, бұйырса. Бүйрек — әулетіміздің қасиетті мекені, әкем Сансызбайдың құрық сүйретіп, жылдар бойы жылқы баққан киелі орыны. Кезінде Сарыбұлақ кеңшарына қарасты №3 ферманың 700 бас жылқысының тұяғы дүбірлеген берекелі Бүйрек деген — осы беткей. Қайратты шағы ат үстінде өткен әкеміз 58 жасында өмірден озды. Анам Болған қазір Есет ауылындағы қарашаңырақта Жұмабай ініммен бірге тұрады. Жасы тоқсанға таяды, өмірі еңбекпен өрілген тыл ардагері.
Ата-анамыз төрт түлік өрістеткен жерді жұртқа айналдырғым келмей, бірді-екілі малымның басын көбейтуді жөн санадым. Тоқсаныншы жылдардағы нарық қыспағы бізге де жеңіл болмады, қандай қиындықтарға кезіксек те ата-анам жүрген жерді тастап кете алмадым. Жанұямызбен ақылдаса келе, 1999 жылы «Арғынбай» шаруа қожалығын құрдық, шаруашылығымызға тиесілі бүгінде 3400 га. жайылымдық жеріміз, оны өрістеген өзіміз қанағат тұтар төрт түлік малымыз бар.
Малдың бейнеті болғанымен, зейнеті де орасан. Аудан орталығынан жаңа үй тіктеп жатырмыз, көлік алып мінеміз, осының барлығы — малдың арқасы. Шүкір, зайыбым Күнзира екеуміз 6 бала өмірге әкеліп, бірқатарын аяқтандырып, немере сүйіп отырған жайымыз бар, — дейді қожалық иесі.
Арғынбай аға мен Күнзира жеңгей 40 жыл қол ұстасып, лағыл тойдан өткен жандар. Жеңгеміз жапандағы жылқышы әулетіне келін болып түскенде небары 17 жаста болыпты. Тұрмыс құрған күннен бастап, отағасының бар жағдайын жасап, малшы үйінің берекесін кіргізген еңбеккер ана. Ағамыз қалжыңға ұста, үндемей отырып қойып қалатыны бар екен. «Мені адам қылған, осы жерге қазыққа байлағандай етіп ұстаған, осы жеңгең» деп, өмірлік серігіне деген ризашылығын білдіріп қояды.
Расында да жеңгеміздің еңбегі бұйдасы бөлек бір тақырыпқа сұранып-ақ тұр. Жағасына кір шалдырмай, алшаң басып жүрген азаматтардың артында жайдары мінез осындай жандардың тұрғанын көбіне елей бермейтініміз бар.
Бізді осы бағыттағы шаруашылықтарға бастап барған аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Марғұлан Досжанов пен Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов. Олар «Арғынбай» шаруа қожалығының қыстағы ахуалын көріп, шаруашылық иесіне мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамыту мақсатында жасалып жатқан жеңілдіктерді түсіндірді. Ауыл әкімі О.Әбшанов: «Арғынбай» шаруа қожалығы округіміздегі ізге түскен шаруашылықтардың бірі. Биылғы қыстан да қысылмай шығады, өйткені бұл аумақтың төрт түлігі қыста қолда тұрмайды», — дейді.
Айшуақ ауылдық округі бойынша қазір 58 шаруа қожалығы бар. Жалпы мал саны — мүйізді ірі қара 5115, қой-ешкі 6354, түйе 1642, жылқы 5258 басты құрайды. Округ бойынша осы қыстан шығуға 30 000 тонна шөп шабылған, бұл малдың тұяғы қара жерге ілінгенше молынан жетеді екен.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.