Басты жаңалықЗаң мен тәртіп

Құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын енгізу – қоғамда әділеттілік пен тәртіпті орнықтырудың тиімді жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау туралы айтқаны – қоғамда құқықтық мәдениеттің деңгейін арттыруға бағытталған аса маңызды бастама. Бұл қағида тек тәртіпті нығайтып қана қоймай, елдегі тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі болмақ.

Құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын енгізу – қоғамда әділеттілік пен тәртіпті орнықтырудың тиімді жолы. Мұндай көзқарас заң бұзушылықтарды елемеуге жол бермей, олардың алдын алу мәдениетін қалыптастырады. Алайда бұл қағиданы жүзеге асыруда тепе-теңдік сақтау маңызды. Президенттің бұл мәселеде айыппұлдар мен жаза түрлерін ақылға қонымды ету туралы ескертуі – қоғам тарапынан қолдау табатын ұстаным.

Айыппұлдарды шамадан тыс көбейту немесе қатал жаза тағайындау керісінше наразылық тудырып, қоғамдық сенімге нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы шаралар тиімді әрі әділ болуы керек. Жазаны қолдану заңның үстемдігін көрсетумен қатар, азаматтардың құқықтық сана-сезімін арттыруға бағытталуы қажет.

Сонымен қатар, бұл қағиданы ілгерілетуде мемлекет пен қоғамның үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарады. Мемлекеттік органдардың тиімді шаралар қабылдауы, сондай-ақ қоғам белсенділерінің тәртіпті нығайтуға атсалысуы құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе, құқықтық білім беру, қоғамдық пікір қалыптастыру және заңдарды түсіндіру жұмыстары құқық бұзушылықтардың алдын алудың басты құралдары болуы тиіс.

«Заң және тәртіп» қағидасын сақтай отырып, біз әділетті және қауіпсіз қоғам құра аламыз. Бұл қағиданы жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін түсіну маңызды. Құқықтық тәртіп – қоғамның даму деңгейін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан осы қағиданы қоғам санасына терең сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Индира Шалқарбаева, Шалқар аудандық сотының аға приставы.

Басқа материалдар

Back to top button